Алтай таудың ақ қарындай дидары

Көгедай Шәмерхан 1985 жылы 27 мамырда Шығыс Түркістанның Алтай елді мекенінде туылған, ұлты – қазақ. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, журналистика мамандығының 3 курс студенті.

2012 жылы «Ғайыптың еркесі» атты жыр кітабы жарық көрді.

 

Ғұнның қызы

 

Ғұнның қызы, күннің қызы тәкаппар,

Құс жолындай қос бұрымын тарқатар.

Керік қасы әсем анау қиылған,

Бар сұлулық бір өзіне бұйырған.

 

Алтын зермен

Айшықталған шолпысы,

Сыңғырлайды сыбызғының үніндей.

Маңдайына ай туғандай жарқырап,

Шат-шадыман жүреді ылғи күлімдей.

 

Маржан тісі, гүл еріні үлбіреп,

Таңғы шықтай қос жанары мөлдіреп.

Сан шайқаста жеңілмеген батырың

Басын иген ет-жүрегі елжіреп...

 

Санасында сұлу қыздың еркіндік,

Алтай таудың ақ қарындай дидары.

Сенері тек Жаратушы бір Алла,

Кәміл болған жастайынан иманы.

 

Қынай белге құп жарасқан бешпеті,

Оюланған мың сан түрлі өрнекпен.

Жер бетінен кезікпеп ед мұндай жан

Естігенмін атам айтқан ертектен.

 

Құлын мүсін кінәсіз һәм бұлықсып,

Күлкісімен үн қосады бұлаққа.

Гүл теруге шығады өзі қыратқа,

Қарауыл жоқ қасына ерген бірақ та.

 

Қарауылды қасына ертіп алмауы,

Тектіліктің көрінісі ғой ол-дағы.

Серт ететін серілерді іздей ме?

Ал әзірге жұмбақ болған ол жағы...

 

Туған жер

Жапырақтай ұшып жетем мен саған, желден де ауыр үмітпен, 

Қорқамын дағы жолымнан қалам, өзіңде туған күдіктен.

Бал-бала дәурен қырқада қалған шыбықты атқып мініп кел,

Сағыныш бүгін санамды алды-ау бақыттан бұрын іліккен.

 

Ақ қайың мүсін сұлу керімдер қалжыңға басып қоятын,

Қырандар аулап шүйіліп көктен ақ қояндарға тоятын.

Шақшасын қағып жирен мұрт атам күреңді байлап қоятын,

Қонағы келсе алыстан іздеп бір қойын арнап соятын.

 

Айранын алып апам келетін қорғасындай қою ұйыған,

Кеңде емес өлке, пейілде кеңдік Алланың берген сыйынан.

Аядай ғана адал ауылдың жарасқан көркем келбеті,

Жауқазындармен жайнап тұратын, баратын бастап жол шеті.

 

Аспанға шөккен бура бұлттардың көз жасы тамбай өтпейтін,

Найзағай жігіт қамшымен осып жайлауға қарай беттейтін.

Аспандағы айда ғашық болатын Алтайға қала жетпейтін,

Үліңгір мен Ертіс қос бұрым еді көрген жан қыйып кетпейтін.

 

Әппақ  қысыңды сағындым дала екі көздің жасы моншақтап,

Армандар билеп кеттім алысқа бұрылмас болды жол соқпақ.

Туған жер сенде жүруші едік қамсыз «Кенежирендей алшаңдап»,

Ата жұртқа ат басын бұрдым қалуым үшін ар сақтап...

Түн ғазалы 

Түн ағашы жұлдыздарды тағынып,

Мен отырмын әлде кімді сағынып.

Мүсәпірдің кейпіндегі кескінім,

Кеткен бе еді мына өмір тарылып.

 

Күздің басы атар таңы күлімдеп,

Жанарымда мөлдір тамшы дірлдеп.

Ағаш орындық жамбасыма шанақты,

Шешем байқұс түсіме енді күбірлеп.

 

Кекілімнен сипайды үнсіз күбірлеп,

Қалың мұнша неге мүшкіл ұлым деп.

Өңі бүгін суық маған сезілді,

Басқа кезде тұрушы еді күлімдеп.

 

Ер сүрінсе тағдырына сүрінбек,

Сүрінген ер жабы болып мінілмек,

Шешем маған қайта-қата айтады,

Жүр кетейік ауыл жаққа ұлым деп.

 

Сөйлеп жатып айығыппын түсімнен,

Шешемді ойлып мен ұялдым ісімнен.

Қала толы қалың апа  не керек,

Мені кім бар өз шешемдей түсінген.

 

Ұйқыда ма қобыз кеуде ай мүсін,

Бөліп жеген қарқат түн қайғысын.

Қалаға әуес іні-қарындастарым,

Мұны оқып ойларынан айнысын.

 

Бақыт жолы мұнша ма ауыр боларма,

Қыран едім тұғырым жоқ қонарға.

Бұл күндерде ертең ғайып жоғалар,

Күнделігін өртей салар тонарға.

 

Жалғызсырау сезіну ме жалғанды,

Менің қиын қанша күнім қалғаны.

Қараңғылық өтінейін бөгеме,

Адастырма ақ шағала арманды.

 

Есіл ер 

( Е.Зейіпханның рухына) 

Думансыз дала,

Думансыз қала .

Бұлыңғыр неге беткейлер?

Қазақтың туы, қазақтың күні,

Жас шынар биік көктей бер.

 

Анасы қызай, киелі ана,

 Затыдында асыл  қазақ тым ғажап.

Есіл Ер аға, сағыныш сана.

Күрсініс берді ойға азап.

 

Көкбөрі жортқан,

Қоңыр белдерім,

Ұлыған түнде дауысы.

Әніңе аға тербелді қанша?

Алмалы  Іле бау іші.

 

Сұлу сайрамының,

Сырларын естіп.

Кешкі іңір тұмса толғанса.

Жұлдыздай көктен,

Ғайыпқа  айналдың,

Ел есін жиып алғанша.

 

Қайтатын мекен,

Біздерде ертең,

Шуда бұлттарды құлаштап.

Толғанып тұрды,

Сен кеткен көше,

Әуеніңе әсем тым асқақ.

 

Өмірдің күзі,

Ғұмырдың жүзі,

Жайнаған  төрткүл дүние.

Шырылдап өмір

Есігін ашқанда,

Дарыған алғаш ән кие.

Солай... 

Іңкәр болдым,  Розам-ай  көріктім,

Мен өзіңді өте жақсы көріппін.

Лағындайсың әсем сұлу еліктің,

Содан ғана ынтызармын  желікпін.

 

Теңіз қайғы, содан ұшқан көбікпін,

Сен жолықпай жалғызсырап келіппін.

Адалдығым алдыңдағы ақ өлең,

Мәңгілікке жүрегіме серіксің.

 

Шаттығым-ай, шарайнадай жолықтың,

Жанарыңнан бір тұңғиық сыр ұқтым.

Жанарыммен қадасам да басқаға,

Жүрегімді тек өзіңе бұрыппын.

 

Түн жанарың,  кірпігіңде бір сөйлем,

Қол ұстасып құтылайық «Сүркейден».

(Сағынышым  сағат сайын ауырлап,)

Көз алдыма оралады гүл бейнең.

 

Мен өткізген кешегі өмір сан қыйлы,

Торғайдай боп паналаған әр үйді.

Бүгініме шүкір айтам Тәңірге,

Бойға қуат, жүрегіме нұр құйды.

 

Сен жолықтың жалғызсырап жүргенде,

Мені өзіңе баурап алдың бірдемде.

Сенің бейнең кескестейді ойымды,

Қарай қалсам жас қауашақ  гүлдерге.

 

Ұнат мейлі, қабылдама тең көрме,

Шарасызбын жүрегімді емдерге.

Аспан жаққа алып кетші ай-ару,

Ақша бұлтқа оранып кеп түндерде.

 

Жартылық элегиясы 

Жарым түнде.

Жарты кеш ай аспанда.

Жартылыққа бөккен жарты сүлдерім

Тозған парақ, оның да жоқ жартысы,

Қойшы бәрін күйредік.

 

Мұң қамалап, жас бүршіктер шошынып,

Менің нәзік жырларымды сезер ме?

Тамшы суын, кім силайды әкеліп,

Таңдайыма кезерген.

 

Ұры бұрыш мені жырақ жетелеп,

Алып кетіп, жарықтардан

Ол өлкеде мен барғанда бос емес,

Екі бейне айқасып құлап талған.

 

Жарты дене, жарты мұңым жасаурап,

Бүтінделген бейнелерді көргенде

Ұры бұрыш сен аман бол шырақтан

Мен бүтін боп келгеде.

 

Сезіктеніп күдігімде орасан

Шаһар толы жартылық ән шарқ ұрып,

Бүтіндікті мен сүйгенше атар таң,

Тас көшеде жарты дене қалдырып.

Сезім сыры 

Жел жетер жеті мың әуеннен,

Сардала сағымын билетіп.

Жетемін мен саған түсімде,

Үміттің сүлдерін сүйретіп.

 

Табамын сен жатқан есікті,

Ес кетіп жауынға шыланып.

Шығарсың жайдарман жарқыным,

Ақ жүзің ерекше нұрланып.

 

Шуаққа зәрумін сезерме ең,

Қобыздың әуені тынбасын.

Жанымда самұрық сағыныш,

Көзіне жас алып тыңдасын.

 

Арамыз тым алыс кей сәтте,

Ал кейде жақындау солай ма?

Көз алдым кескінің мұнартып,

Кетемін кей сәтте көп ойға.

 

Сырымыз қысқаша шертілген,

Қолфонның сыңғыры арқылы,

Түсіме енесің қалқатай,

Ойласам болғаны әр күні.

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: жеке мұрағаттан