Әлия Іңкәрбек: «Өкінішке жолдаспын, құрбысымын Үміттің...»

Жас ақын Әлия Іңкәрбек есімі «Массагет» порталының оқырмандарына жақсы таныс. 2013 жылдан бері блог жазып, белсенділігі мен алғырлығын танытты. Бүгінде сыршыл жырларымен жыр әлеміне дендеп еніп келеді.

Әлия Іңкәрбек 1997  жылы  Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. "Тәңіртау" атты тұңғыш кітабы жарық көрген. ХҮІІ Халықаралық Шабыт фестивалінде Әдебиет аталымы бойынша тағайындалған "Ф.Оңғарсынова атындағы" арнайы жүлде иегері. Бүгін жас та болса, түйдек-түйдек теңеу, екпінді жырларымен ел назарына іліккен Әлияның бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

СЕН

Жұбатып келген сезім шығарсың,
Жанымды мұңнан қорыған.
Бақыты кемдеу кезім шығарсың,
Сорынан...

 Мен үшін,сірә, көзің шығар шын-
Мәңгілік жазар ізгі өлең!
Сен менің бәлкім өзім шығарсың,
Іздеген...

 Білмейсің,   мүмкін мәні шығарсың,
Тірліктің мынау қас-қағым.
Мен шырқайтұғын әні шығарсың,
Басқаның...

 Жұрт үшін "көптің бірі" шығарсың,
Бағаңды білмес аз ба адам?
Жас жүрегімнің жыры шығарсың,
Жазбаған..!

БИ

Ғасыр өткендей... үніңді естімегелі,
Теңіз-сезімді тағы да кешкім келеді.
Ай жарық шақта іздесең табатын едің,
Жолыңа тіпті болмайды ешкім кедергі.   

      Іңірмен билеп көңілсіз сазына желдің,
Жырымнан əкеп жүрекке қазына көмдім!
Күн батты сосын таң атты, өтсе де жылдар,
Тағатсыз неге өзіңді сағына бердім...

 Ғашықтық атты дастанның соңы мұңды анық,
Уақыт салған жараның орыны қалып.
Жаныма сыңар Жалғызым
Сен қайда кеттің,
Көрініп алып(?)...

***

Үнсіздігің... қараңғы түрме сынды,
Жарыққа ұмтыламын.
Үйретші маған бейқам күн кешуді,
Сөнбесін жыр-шырағым.

 Үнсіздігің...сезімнің жауы сынды,
Күтіп ем кімді бұлай?
Естігім келді қазір дауысыңды,
Бұлақтың сыңғырындай.

 Үнсіздігің... ең ауыр жүгі сынды,
Жүректің, өмірімнің.
Бейтаныс жан кеп бүгін гүл ұсынды,
Қуантты мені құрбым,

 Жайымды тек сен ғана сұрамадың,
Білмедің бірін мұның...
Мен кеше жыламадым,
Күлдің бе бүгін,күнім)?

АЛМАТЫ

Алматыға келдім дедің,
Қарсы алды ма мың жүрек?
Оқымайтын жырды көп...
Вокзал қандай кең болғанмен сезіндің де тарлығын,
сыртқа шықсаң ерке қала төгіп тұр ма жаңбырын?
Қолшатырың бар ма, жоқ па, маңызды емес ол мүлдем,
Мен де осылай жанымдағы жалынымды сөндіргем!
Күлімдеші,
аспан біздің  Маған қарап бір күлсін,
Шаттандың ба, шаршадың ба кім білсін,
бара жаттың әлдеқайда асығып,
Күткеніңді жасырып...
Бәрі де бар-
Алматының жаңбыры мен наласын,
Тек мен жоқпын,-
Анау бір қыз мен емес пе, қарашы..(?)

АҚЫНДАР

 Бұлтқа да берген қолтаңба,
Жыр оқып Күнін батырған.
Қаншама жақын болсаң да,
Қашық бол сонша Ақыннан!

 Сезімнен кейде жырақтап,
Төзіммен ғұмыр кешетін.
Күлкісі қыздың ұнап қап,
Ұйқысы қашқан неше түн..

 (Өзіңді өзің мың алдай,
Күйіңді ұғам сенің мен.)
Көппенен бірге күле алмай,
Жалғыздан жалғыз егілген!

 Тектілік тулап затында,
Өр Өлең үшін аһ ұрған.
Жақындамашы Ақынға,
Алыстай көрме Ақыннан!..

МЕНІҢ ДРАМАМ

..маған оңай деймісің?
Күн батарда түсірем көңілімнің пердесін,
Қайта келмес сәттерді көкжиектен көремін.
Мына жалған сиқырлы күлкісімен жеңбесін,
Саған ғана мен бүгін шынымды айтсам деп едім-
Сыздағанын жүрегім,
Мұздағанын жырымның.
Түзу жолмен жүр едім,
Суық сөзден сүріндім.
Құламадым,алайда,
Құлатқан жоқ, Тәңірім.
Күнмен келген арайдан,
Болмысымды таныдым.
Тапаншасын бұл Тағдыр тақағанда тосыннан,
Ұрланып кеп артымнан дыбысын еш шығармай..
Мен де сендей тосылғам-
Жылай да алмай, күле алмай!
Жалғасады дүрмек бұл,
Қонар басқа тағы бақ.
Маған өмір сүр деп жүр,
Өлеңдерім жамырап!
Өкінішке жолдаспын, құрбысымын Үміттің,
(Сәттік көңіл-күйіме сеніп қалдың сен несін?!)
...Маған оңай деймісің шыққан кезде күліп күн,
Түк болмаған секілді ашу көңіл пердесін??!

МОЙЫНДАУ

Асаулау шығар тағдырым,
Өзiм де момын емеспiн.
Айтар ем бүкпей барлығын,
Түсiнбейдi, әттең, менi ешкiм...

 Ақылы жетпей Айдың да,
Жүр ұқпай әлi жұлдыздар.
Шұғыла сынды қайғым да,
Шаттығым шалыс түнгi ызғар.

 Жазмыш жолына көнiп құр,
Беттеп барамын елсiзге.
Жүрегiң сенiң соғып тұр,
Өмiрiң ғажап менсiз де.

 Сырқатым – өлең,түсi аппақ,
Сен бiлсең,қане,айт емiн.
Қасiретiмдi құшақтап,
Кете берем бе қайтемiн ?!

 Асаулау шығар тағдырым,
Өзiм де момын емес ем.
Иесi Көкте бар жырдың –
Жерде мен жазды демесең.

ТҰТҚЫН

Сенше мұңайып, сенше күлемін,
Сүймейтін едім көнсе жүрегім.
Қажытса-дағы бұл өмір жиі,
Аласармашы, еңселім менің!

 Сезімде кімдер өлшем жоқ деген,
Сағыныш сонда өлшенбек немен?
Əлемге сенен төгілген нұрды,
Көрсем деп келем, көрсем деп келем.

 Күлімдегенде көп болып құрбым,
Жабыққан шақта текке өліп жырым.
Жетем десем де жеткізбей жүрген,
Жолдарды сонша жек көріп жүрмін.

Күнге қалаңды көрсетіп едім,
Биік бол, өр бол менше… тілегім.
Кеудеңе сен де тұтқынсың білем,
Сүймейтін едің көнсе жүрегің!