Алатау төрінде қазақ поэзиясы Кентаврының кеші өтті

Бүгін, 28 ақпан күні Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында» Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының 4 мәрте иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының 50 жас мерейтойына арналған  «Алатау, сен де биік, мен де биік» атты шығармашылық кеші өтті. 

Кешке зиялы қауым, ақынның оқырмандары және Сәуле Жанпейісова, Қадырғали Көбентай, Ершат Қайырхан т.б әншілер қатысты. 


Кеш шымылдығы Қазақстанның халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың Маралтай Райымбекұлы туралы жылы лебіз білдірген бейнебаянмен ашылды. Осыдан соң ортаға шыққан ақын: «Бұл кеш басқа кештерден ерекше болсын. Өмір жайлы, өткен мен кеткен жайлы сырласайық, сұқбаттасайық. Сұрақтарыңыз болса қоя отырыңыздар», – деді. Осыдан соң ақын Театр өнерпаздары «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен өлеңдерін оқыды. 


Кеш барысында Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Сәулежан Тағзия ақынның «Алатау сен де биік мен де биік» атты өлеңіне жазылған әнді орындаса, ақынның қызы – Ару Маралтайқызы әкесінің өлеңін жатқа оқыды.

Осыдан соң "Дара оқырман" клубының жетекшісі, Қазақ-Америка университетінің бірінші вице-президенті, белгілі қоғам қайраткері Әділ Несіпбаев Маралтай Райымбекұлын бүгінгі мерейтойымен құттықтай отыра ақынның өлеңдерің оқып берді. 

Кеш барысында поэзия сүйер қауым ақынға көкейде жүрген сұрақтарын қойды және Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін оқып беремін деп өтініш айтқандар да болды. 

Маралтай Райымбекұлының 50 жас мерейтойына орай «Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы» Алматы қаласы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы "Кентавр" атты онлайн поэзия байқауын өткізген болатын. Кітапханақызметкері Ғазиза Құдайберген Маралтай Райымбекұлымен бірге осы байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.  


Кеш соңы ақынның сөзіне жазылған «Алатау сен де биік, мен де биік» әні Сәуле Жанпейісованың орындауымен жабылды. Маралтай Райымбекұлы "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Мырзалыұлына алғысын білдірді. Алатау театры қазақ өнерінің киелі шаңырағына айналғанын айтып, ризашылығын жеткізді. 

Айта кетейік, 24 ақпан күні Республика сарайында Маралтай Райымбекұлының 50 жылдық мерейтойына орай Қазақ-Америка университетінің ұйымдастырумен «Мәңгілік ел – шежіресі даламның» атты шығармашылық кеші өткен болатын.