Алаш боп үзіліп, азат боп қайтадан тірілгем

Біздің ең киелі, ең қасиетті ұғымымыз – тәуелсіздік. Азаттықтың тамыры тым тереңде. Талай ғасырлар қойнауына көз жіберіп қарасаңыз, осынау тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен, қандай азаппен келгенін түсінесіз. Отан, туған ел, халық ұғымын тәуелсіздіктен бөліп қарастыра алмаймыз. Барлығы тамырлас, бір-бірімен байланысып жатқан өзегі бір ұғым. Тәуелсіздіктің иесі – халық, халықтың анасы – Отан.

Желтоқсан алаңы
 
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер…
Алаң шетiн қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдiршiн, сезiмiңдi жанар етiп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейдi қара бет,
Қара беттiң көбi бүгiн дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдiршiн, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңiсi мен жеңiлiсiн санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал бiреулер намысы жоқ, жiгер, қауқар, қары жоқ
Кемсiтпекшi “желтоқсанның жалаң аяқтары” деп.
Жоқ!!! Кешегi сын сағатта көкiрегiнде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттiң ары боп,
Дәуiрiнiң тауығына шашылмаған тары боп.
Тiрлiктегi әр iсiңнiң жаңғырығы болады,
Бұл табиғи жасырын заң өзгерiссiз қалады,
Сол заңға сай сенi бақыт не сор iздеп табады.
…Дүниенi дүр сiлкiнткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкiм, ешкiм бүркей алмас.
Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

Мұхтар Шаханов
 
Жадымда қалған – Желтоқсан…

Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,
Қыздарымыздың көзінде мұз қалды.
Бойымды қарытып соғатын желтоқсан желі,
Жүрегімді тағы бір сыздатып алды.
Толқындар талай соғады жағаны ұрып,
Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.
Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,
Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт.
Өмірден мынау келемін аласымды алып,
Түскенде сонау есіңе қаласың налып.
Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,
Отырғандары баланың баласын бағып.
Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық
Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.
Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,
Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып.
Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,
Өкінішті күннің өкпесі басылды бірақ.
Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,
Алдына келіп бас идім жасымды бұлап…
Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,
Бұл елдіктің құрметі асылдарына.
Кептерлерге дән сеуіп шапқылап жүрген,
Бақытты болсын балғындар, қасымда мына!

Ықылас Ожайұлы
 
Желтоқсаның келді
 
Қар астында қамығады кең ғалам,
Көк мұз, тайғақ жол көрем.
Желтоқсаның келді дейсің сен маған,
Менікі емес ол деген.
 
Менікі емес деймін іштей жеркеніп,
Қалай сізді сендірем?
Мен едім ғой бірінші өпкен өртеніп,
Оның суық ернінен.
 
Тартып алып кетті кенет Албасты,
Қарамады қайрылып.
Жеңісім ед, жемісім ед алғашқы,
Қала бердім айрылып.
 
Ал Албасты мақсатына жетті де,
Малғұндарға сыйлады.
Сол бір қыста жалт ойнады көк тіле,
Аспан жасын тыймады.
 
Малғұннан соң Шайтан басты бауырына,
Сүйді ернінен төніп бір.
Қақ айрылмай айрылғырдың тауы мына,
Соның бәрін көріп тұр.
 
Тарс жарылмай жарылғырдың жүрегі,
Бүлкілдеуін қарашы.
Керек болса қайтып ал деп күледі,
Жын-шайтанның баласы.
 
Қар астында қамығады кең ғалам,
Көк мұз, тайғақ жол көрем.
Желтоқсаның келді дейді ел маған,
Менікі емес ол деген.
 
Есенғали Раушанов
 
Қан мен қар

Қан мен қардан жаралған осы бір ай.
Қан мен қардан жаралған осы бір ай.
Қанмен қарға жазылған естеліктер,
Жүрегімді шабақтап осуын-ай.
 
Жасыл шырша, көк жалау — қуанардай
Себеп бар ғой. Көңілімнен күмән аумай,
Осы айда бір әрі-сәрі күйге түсем,
Адам құсап күле алмай, жылай алмай.
 
Күнтізбенің тор көзді парағынан
Желтоқсанда жас парлап, ағады қан.
Түтеп боран далада, жауады қар,
Осы айдың бір қазаққа зауалы бар.
 
Маған жат боп барады осы бір ай,
Шәрбат пен уын қатар тосып ұдай.
Желтоқсанның желіндей алағызып,
Мына үркек көңілдің шошуын-ай!..

Талғат Ешенұлы
 
Желтоқсан алаңындағы жыр
 
Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.
 
Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,
Жанарында - Желтоқсанның ызғары.
 
Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан.
 
Жер бетінде жеңіс алған белестер -
Есіл бабам ерлік қылған егестер…
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол!
 
Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.
 
Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
 
Қазақтың бай даласының картасы.
Ей, ұлы Алаң, лаңды Алаң!
 
Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.
Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,
Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.
Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.
 
Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар,
Өшпейтін жыр бұл- алаңға ойған жыр!
Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,
Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.
Орысшалап қала қызы қарқылдап,
Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…
 
Кім бар енді тағдырына үңілер,
Босамаған болат жүрек, сірі қол.
Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,
Тас түрменің жазып болып жырын ол?
 
Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,
Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.
О, желтоқсан аждаһамен алысқан,
Соған жаны жігеріңді жанытсаң.
Қайраттардың рухын айт алдымен,
Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.
 
Жасыл шарда қазақ деген атыммен,
Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.
Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,
Бодандыққа бағынбайтын басыммен!

Ұларбек Нұрғалымұлы
 
Алаш 

Олар... 
Сонау қария ғасырда 
Күмбезді көк етіп, 
Төсекті жер етіп жаратқан даланың, 
Көкпеңбек көліне шомылып, 
Көгілдір тауына сүйенген. 
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары 
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған. 
Құлжадай қыздары 
Тобықтай төгілген шаштарын, 
Семсердің жүзімен тарған. 
Алаштың оғылан ұлдары 
Осындай тамырдан қан алып. 
Осындай құрсақта жаралған. 
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп, 
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан. 
Найзасы жасындай жарқылдап, 
Жаңбырдай сіркіреп жебесі,
Жауына тіл қатқан. 
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан, 
Бабасы тәрізді, 
Даласы секілді аумаған. 
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ, 
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ, 
Арманы – 
Алатау құзындай талықсып көз ұшта, 
Ажалы – 
Керілген киіктей тым сұлу, тыс қысқа 
Алаштың аймандай ұлдары! 
 
Кеш түссе күңіреніп, 
Боздайды бұл дала. 
Боздақтар үнімен, 
Білмейді-ау осы үнді, 
Бозөкпе ұлдарың, 
Кіндігін кірлеткен, 
Желетек қыздарың, 
Білмейді-ау сол үшін, 
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын. 
Тәуелді рухты, 
Тәңір де кешірмес, 
Кешірмес жер басып жүруді, 
Алланың әр күні "Азат" деп зарланар, 
Алаштың оғылан ұлдары, 
Сол үшін мерт болып, 
Сол үшін шәһит боп өлді олар. 
 
Өлерміз ол рас, 
Қабірден жолданған, 
Құдайдың хаты бар, 
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар. 
Атылған хаттар-ай 
Қанаты тым ыстық, 
Кімдерге жетті екен нүкте боп?! 
Бес күндік бұл фәни, 
Бес құлаш матамен оралып, 
Тым алыс қашыққа жолданар, 
Өйткені біздегі, 
Өмірдің мазмұны, 
Өлімнің тілімен оқылар 
 
Олар... 
Алқымды сабадай 
Ажалдың пырағын кісінетіп, 
Алласын көрмекке, 
Аспанға аттанған ғайып боп, 
Бұл неткен қайсарлық! 
Өлсем ғой шіркін-ай, 
Осылар секілді шәйіт боп. 
Кеше... 
Кеңестік бодандық 
Менің күп-күрең қаныма суарып, 
Қып-қызыл ту ілген,
Кермек жасымды, 
Кекете сімірген. 
Мен содан... 
Алаш боп үзіліп 
Азат боп қайтадан тірілгем, 
Тірілгем... 
Жусанның бұрқырап бүрінен... 
 
 Ықылас Ожайұлы