Ақындық туралы

Ақындық туралы
Фото: facebook

Тыныштықбек Əбдікəкімұлының айтқандары:

Қазақтың өлеңі түзелмей, өмірі ешуақытта түзелмек емес.

***
Патша Сөзді жарату үшін Патша Тіл қажет.

***
Əр адам өз ісінің ақыны бола білуі керек.

***
Мен шынында - ақынмын, ақиқатында - ақын емеспін.

***
Нағыз ақынның ақындығы сонда, оның жүрегінен жылап өткен ел қасіреті аузынан қасиетті Сөз болып қайта аңқылдайды.

***
Өлең - ойланулы ми мен толғанулы жүрек шағылысынан пайда болатын Рух перзенті.

***
Өлең - өлі тасының да өткір обалы бар Табиғат, адамдығы аңқыған қасиет пен қасірет шексіздігі!

***
Поэзия - ең жоғарғы жасампаздық. Онда білімнің де, ғылымның да, еңбектің де жойдасыз қуаты мен имани мол қазынасы бар.

***
Поэзия - ғылым атаулының айтарға тілі, ұстарға тілі жетпейтін тылсымдарды да əдемі бейнелеп, əйбəт жүйелеп беретін керемет рухани субстанция.

***
Кез келген өлеңде тіл болса да, музыка бола бермейді.

***
Лирикалық өлеңдердегі музыка мен образдың ерекшелігі - адам жанын мұңға бөлеуі, көңілстанды көркем нұрға толтыруы.

***
Жазсаң жаз! Тек мына үш шартты əсте ұмытпа: 
1) Қаламыңның ұшы құбылнаманың тіліндей құрыш қозғалып, үнемі Ақиқатты нұсқап тұрсын! 
2) Қаламыңның ізімен еріп отырған Əділет өзінің сонысы үшін мəңгі өкінбейтін болсын!
3) Қаламың Махаббатты ұдайы төбесіне тік көтеріп жүрсін! Қабырғасы қайыса қалса, Халқың демеп жібереді!

(Əр жылғы сұқбаттан) 
Асылбек Жаңбырбайдың Фб парақшасынан 

М. Ақан