Ақындардың анасына жазған хаттары

Ақындардың анасына жазған хаттары

Мassaget.kz сайты аяулы аналарымыздың мерекесіне орай, ақындардың анасына жазған хаттарын топтастырды. Әрине ол хаттар өлең түрінде жазылған. Ендеше, бірге оқиық!

Ахмет Байтұрсынұлы

Анама хат


Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.

Сені онда, мені мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай еді Хақ тағалам!

Бара алмай, өтірікші болып әбден,

Семейдің түрмесінде отыр балаң.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!

«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,

Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!

Көп айтпай, қысқасынан сездіретін -

Балаңның мінезі бар сөзге сараң:

Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,

Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!

Отырмын абақтының бөлмесінде,

Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.

Есіктің құлпы мықты, күзетші кеп,

Ажалдан басқа ешкім келмесіне.

Қоршаулы айналасы, биік қорған,

Берік қып салған темір терезесіне.

Қалайша мұны көріп көңіл сенбес

Аттанып жау келсе де бермесіне.

Каламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба,

Жазбапты бұл орынды көрмесіме.

Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,

Ылаж жоқ жел айдаса ермесіне.

Тайпалған талай жорға, талай тұлпар

Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.

Солардан жаным, тәнім ардақты емес,

Орынсыз күйзелейін мен несіне!

Сәкен Сейфуллин

Ананың хаты


Байғұс ана хат жазыпты,

Депті «балам сағындым»,

Ұмыттың ғой бізді тіпті,

Бір келмедің неғылдым?

 

Оқу іздеп кеткеніңнен,

Ауылға бір қайтпадың.

Біз не көрдік жеткеніңнен,

Елге кеп уәз айтпдың.

 

Балам едің емшек берген,

Түн ұйқымды төрт бөліп,

Анаң едім жапа көрген,

Сені өсіру дерт болып.

 

Жас күніңде көп ойлаушы ем,

Сені әлдилеп тербетіп.

«Арманым жоқ» деп ойлаушы ем,

Қалқам өсер ер жетіп.

 

Болмай шықты ойлағаным,

Сен жігіт боп жеткен соң,

Қалжырадым, ойла жаным,

Сен алысқа кеткен соң.

 

Талай жылап жүруші едім,

Сенің бала кезіңде.

Неге екенін білуші едің,

Қалқатайым, өзің де,

 

Алданышым қалқам еді,

Сонда менің қуатым.

Сен тұңғышым – марқам едің,

Бар қайғымды жуатын.

 

Көрмеп едім жар қызығын,

Бір сен едің тілегім.

Бір сен едің бар қызығым,

Шыбын жаным, жүрегім!

 

Қарай-қарай көрінгенге,

Екі көзім төрт болды.

Еш қайғым жоқ сенен өзге

Аш өзегім өрт болды.

 

Ойла, енді кім мені күтті,

Қартайдым, кем саулығым.

Үсті-басым тозып бітті,

Тозды баста жаулығым.

 

Кетсең «балам» өз алдыңа,

Мен не болам, біл өзің.

Елестейді көз алдыма,

Бала күнгі мінезің.

 

Бала едің сен жыламайтын,

Еркелікті білмеуші ең.

Жоқты бар деп сұрамайтын,

Және орынсыз күлмеуші ең.

 

Отырғанда от басында,

Ертек айт деп қоймаушы ең.

Тұрымтайдай бо қасымда,

Тыңдауға бір тоймаушы ең.

 

Ертек айтсам нанушы едің,

Құмарланып, құлыным.

Көзіңде от жанушы еді,

Салбырап қос тұлымың.

 

Қызық еді ойындарың,

Бәйге тігіп жарысқан,

Ұзын шыбық сойылдарың

Жаумен ел боп алысқан.

 

Өңкей бала екіұдай боп,

Намыс үшін дуласқан.

Кек алуға тегіс сай боп,

Жасақ құрып жауласқан.

 

Жауға жасақ сайлаушы едің

Үлкен болып саптанып.

Сен түсіріп байлаушы едің,

Келген жауды аттанып.

 

Сөйтіп кейде зорлық көрсең,

Жылап үйге қайтпаушы ең.

Іште сақтап қорлық көрсең,

Жанға шығып айтпаушы ең.

 

Пәлен жерде сені сырттан,

Ұлық болды деседі.

Ағайының естіп жұрттан,

Гулеп желдей еседі.

 

Арманым зор, неғылайын,

Елге келіп тұрмадың,

Маған салып сары уайым,

Артқа мойын бұрмадың.

 

Сен де «халық биі» болмас па ең,

Болмас па едің комитет,

Елге сен де сый болмас па ең?

Тілімді алсаң нең кетед!

 

Сені дағы ел қадірлеп,

Түсер еді түрлі сый,

Мал жинар ең, сен де түрлеп,

Оюлы отау, тігіп үй.

 

Енді қалған өмірімді,

Келінім боп күтер ед.

Әлдилесем немеремді,

Бар арманым бітер ед.

 

Ойла, енді кім мені күтті,

Қартайдым, кем саулығым.

Үй іші де тозып бітті,

Тозды баста жаулығым.

 

Қалжырадым, сағындым мен,

Бір кеп көрін көзіме.

Ұмытқандай неғылдым мен?

Жауап қайыр сөзіме!

1925 жыл, 25-желтоқсан.

Мұқағали Мақатаев

Анашым

(Оқу бітірген студент хаты)

 

Анашым!

Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.

 

Алыс жолда жүрсем де арып-ашып, 

Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық, 

Оқытып кешеу барған хаттарымды 

Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?

 

Өткізіп талай жылды, ай, аптаны,

Оқуын ұлың жақсы аяқтады.

Анашым, білем сені, қарсы емессің

Кеттім мен тың даланы оятқалы.

 

Анашым!

Қайда жүрсем сен - күш, арым,

Сүйемін дидарыңды, мен құшамын.

Қайда барсам, өзіндей қарсы алады

Кең байтақ Отанымның кең құшағы.

 

Анашым!

Жаратылдың бағыма шын

Білемін көңілсізсің, сағынасың.

Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар.

Қапа болма мен үшін, неғыласың...

Қайсар Қауымбек

Сәлем хат


Қасиетім де, киелім де сен,

Тұмар қып бойға түйерім де сен.

Сенесің бе, әлде, сенбейсің бе енді?

Әкемнен артық сүйемін десем.

 

Кешір, бұл сөзім асылық болар?!

Ақымақ ұлың тасынып толар.

Санамды мұжып, сансыз ойларым

Күн бата көкке шашылып қалар.

 

Мен үшін жайған құдайға қолды,

Көзіңнен көрдім шырайлы әлемді.

Дәл қазір шексіз мейіріңді айтсам,

Мыналар өксіп жылайды-ау енді.

 

Көз жасын қайтем?!

Айтпадым, мақұл.

Өткіздің бе аман ақпаныңды ақыр?

Әудем-ақ жерде басын бұлт басып,

Әкемдей болып ақ тауым жатыр.

 

Шаршата берме санаңды, күнім,

Аймалап жеткен самал – бұрымың.

Түсіме кеше әкем кіріпті,

Сағынып жүр-ау жаман құлынын.

 

Жалыны шығар сол берген оттың,

Қоздайды келіп кеудемде көп мұң.

Шіркін, сіздің шал – асыл ғой, асыл!

Мен ондай еркек көрген де жоқпын.

 

Не деймін, шеше, бәрі аман ба өзі,

Оң болсын хақтың қараған көзі.

Өзіңдей қамқор ауылды ойласам,

Кеткім келеді қаладан безіп.

 

Басы той жалған, баяны сұмдық,

Арманымды алдан жаяды ту қып.

Аманмын, шеше, несін айтайын,

Мендегі сол ғой.

Баяғы тірлік.

 

Түнеріп, төніп қара аспан өңі,

Тентегің талай адасқан еді.

Тіл тиді, ойбай!!!

Туған тауымның

Аршасыменен аласта мені.

 

Құшағына еніп, шабыт сайтанның,

Кешір, жан анам, бағыттан тайдым!..

Омырауыңды иіскеп емделемін ғой,

Аман бол алда барып қайтармын.

      2011 жыл

Қарлыға Темірғали

18 жас немесе Анаға хат


Бала дәурен тұрмайды екен баста көп,

Аңса, сағын, өлең де жаз... бәрібір.

Сен өмірден орын тапқан жасқа кеп,

Ессіз қызың елеске еріп әлі жүр.

 

Алатауда арман биік. Бағым ба?

Неге айтпадың, өмір сұм деп ертерек?

Сен келін боп, ене көрген шағыңда,

Мен өзіңе жүрмін тағы еркелеп.

 

Ақ көңілің тағдыр тілеп бір асқақ,

Мол сеніммен қалып едің, Шырайлым.

Сен өмірге мені әкеліп, қуансаң,

Мен өмірге жыр әкеліп мұңайдым.

 

Көңілімнің күйін шертер шақтер кем,

Ақылым да аспаған соң кемерден.

Ана, сенің үмітіңді ақтар ма ем,

Ақын болмай, Адам болсам егер мен?!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Vk.com

Ш. Талап