- Негізгі бет
- Поэзия
- Ақын Жанарбек Әшімжанның...
Ақын Жанарбек Әшімжанның "Алғашқы қоңырау" атты жыр жинағы шықты
Қазақ әдебиетінің қоры тағы бір жаңа жыр жинақпен толықты. Белгілі ақын, журналист, "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжанның "Алғашқы қоңырау" атты жыр жинағы жарыққа шықты.
Ақжолтай хабарды ақын facebook желісіндегі парақшасында хабарлады. Сондай-ақ қазіргі мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға өз алғысын жеткізді.
- Қадірлі, достар! Өздеріңізбен аз-кем қуанышымды бөлісіп қояйын. Мемлекеттік тапсырыспен "Ан-Арыс" баспасынан 3500 данамен "Алғашқы қоңырау" атты жыр кітабым жарық көрді. Көлемі - 10 баспа табақ, - деп жазды.
Мұқабада Ұлыбританияда тұратын ағылшынның қылқалам шебері James Coates мырзаның "Әке мен бала" (Father and Son) атты еңбегі бейнеленген.
Жанарбек Әшімжан 1976 жылы 1 сәуiрде Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы) Жалаңаш ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнің түлегі.
"Алғашқы қоңырау"
"Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден"
Қасым АМАНЖОЛОВ.
Соғылды алғашқы қоңырау,
Құлыным, мектепке дайындал!
Құр аттай құйғисың өмiр-ау,
Бойымда бiртүрлi уәйiм бар...
Мән берме шуына қаланың,
Бойыңда рухы бар даланың.
Тастақ жол мектепке бастайды,
Құт болсын алғашқы қадамың,
Дайын ба әлiппе, қаламың!
Келе ғой аяғың талмасын,
Жанымның тiп-титтей бөлшегi!
Сән сезiм сыйлайды жанға шын,
Тап-таза сәбилiк өлшемiң.
Көшелер қиылысы – қанбазар,
Құлдыраң қағып сен кiрерсiң.
Жалғанның сыны да сан тосар,
Бiр тұрып, бiр жүрiп түлерсiң.
Жанарың кетпесiн қарығып,
Сәтiмен жетерсiң асқарға.
Сүрiнiп кетпегiн, жарығым,
Шашылған қиыршық тастарға.
Дәл осы есейткен талайды,
Алғашқы қоңырау сыңғыры.
Соғылған қоңырау, алайда –
Қағылған өмiрдiң күмбiрi.
Бұл өмiр талайды сынаған,
Қол созып жүргенде арманға.
Қарғам мен соңғы рет жылағам.
Әкесiз мектепке барғанда...
Соғылды алғашқы қоңырау,
Құлыным, мектепке дайындал!
Құр аттай құйғисың өмiр-ау,
Бойымда бiртүрлi уәйiм бар.