- Негізгі бет
- Поэзия
- Ақын Ербол Бейілханның...
Ақын Ербол Бейілханның «Көшім хан — Сүзге» поэмасы туралы бірер сөз
Рухани өмірімізге дендеп еніп бара жатқан мультимәдениеттік идеядағы аса арынды әдебиет тасқынына тосқауыл бола аларлық тарихи көркем шығармалардың ренессансы — осы кез. Ұлттық идеясының ішкі діңгегі мықты һәм жаңаша жазылған бүгінгі күннің осындай көрнекті тарихи шығармасы – «Көшім хан — Сүзге» поэмасы. Авторы – қазіргі заман әдебиетінде сөз эквилибристикасының хас шеберлерінің бірі болып саналатын белгілі ақын — Ербол Бейілхан.
«Көшім хан – Сүзге» — эпикалық баяны басым, колоритті поэма.
Бай сөздік қорын шиырлата шебер қолданғанымен, қабылдауға жеңіл баяндау стилінен жаңылмайтын автор бұл жолы да сол ерекшелігіне адал болып қалғандығы білінеді.
Ғасырлар – өткен тұмандай,
Шындығым үркіп бұландай.
Айларым өткен жылыстап,
Күндерім қашқан құландай, -деп, бір ерекше көркем ойдың әдемі түйінін жасаған автордың бұл поэманы жазудағы бір мақсаты — уақыт көшімен тарих қойнауына әлдеқашан мұнарта сіңіп жоқ болған тау тұлғаларды тірілту, соларға өлмес ескерткіш қою болғанға ұқсайды.
Екінші бір мақсаты – адам жанын өзіне елітіп, еліктіруін әсте қоймайтын, мәңгі өлмейтін махаббат тарихы болса керек. Бұл шығарманың лирикалық бояуының қанықтығы, нәзік сыршыл ақынның жүрек лүпілі ерен білінетін туынды бұл:
Білініп көктен күз демі,
Құстардың қайтып тізбегі,
Ақ балтыр қайың қия алмай,
Жапырақтарын үзгені.
Сағыныш кернеп кеудесін,
Жүректің шертіп пернесін,
Өткенін ойлап Көшім хан,
Сүзге ханымын іздеді.
Асау жүрегі бұлқынып,
Қыран бүркіттей сілкініп.
«Қайдасың, қалқа Сүзге», -деп,
Сағыныш кернеп түзге кеп!
Қос жанарына шық тұрып,
Орнынан тұрды бұлқынып…
Сүзгедей ханымынан айрылған хан Көшімнің ішкі запыранын, буырқанған алай-түлей ішкі сезімін мәтіндегі бейнелеуіш тәсілдермен жанданған мол қимыл-әрекет айқын көрсетіп тұр. Атышулы Ермак шабуылынан тойтарыс тауып, өзі билік құрған Сібір хандығынан бір айрылса, жанымен сүйген Сүзге сұлудан екі айрылып, қайғыдан қабырғасы қарс айырылған ер Көшімнің бұл сәттегі халі жаралы арыстаннан бір де кем емес. Поэмада Көшім ханның образы былай суреттеледі:
Жігіттің болды арланы,
Тұлпардың болды тарланы.
Дүбірлетіп мың қолмен,
Сан қамалды алғаны.
Есілден көшіп сұлтан боп,
Қиялап ұшты сұңқар боп.
Есіне түсті тағы да,
Сібірді жаулап алғаны.
Тарих беттерін парақтағанда, кезінде ер Көшімнің Сібір өлкесіне билігін жүргізіп, сол жақта біраз уақытқа дейін дәурен-талайы жүріп тұрған кезі болғанына көз жеткіземіз. Автор тегі қазақ Көшімдей көкжал ердің батырлығын Мысырды билеген Бейбарыс сұлтаннан бір де кем көрмейді һәм метафоралар түйдегі арқылы сүйсіне асқақтатуда шебер:
Асау өзеннің арнасы,
Мұнартқан сен бір шың басы.
Мысырды билеп басқарған,
Бейбарыстардың жалғасы.
Аңыздағы патшайымдар мен эпостағы сұлулардың образын толықтыра түсетін, аса қызықтыратын кейіпкер — Сүзге ханым. Сұлу Сүзгені Ербол ақын:
Мың жылға жетер даңқың бар,
Зарина мен Тұмардай, — деп, аузының суы құрып тамсана жырлайды. Тарихы сан ғасырлар қойнауына дендеп кеткен Көшім-Сүзге оқиғасын 1839 жылы «Конек-горбунок» шығармасының авторы, орыстың белгілі ақыны Петр Ершов «Сүзге» поэмасына арқау еткен. Бұл қызық сюжетке көңілі ауған сазгер И.И. Корнилов болса, 1896 жылы «Сүзге» операсын жазғаны белгілі. Төл әдебиетімізде жазушы Шәрбану Бейсенова бұл тақырыпта өзінің прозалық шығармасын жазғанын да жақсы білеміз.
Суреткер біткеннің аузының суын құртып, атын таспа-тасқа басып қалдыруға асықтырған, өлмейтін, өшпейтін шығармаға айналдыруға құлшындырып, ындынын құртқан — Сүзге сұлулығы, Сүзге қайсарлығы, Сүзге адалдығы болса керек. Сүзге образы поэмада:
Дидары күндей көрікті,
Ай жүзін самал өбіпті.
Әуелден шебер Жаратқан,
Ақыл мен көрік беріпті.
Он екі құлаш бұрымын
Он екі ару өріпті, -деп береді. Қазақ эпостарындағы сұлулықты суреттеудің қалыптасқан жолына адалдық мұнда да бар. Эпостық еркін ұйқастың шабытты пафосы қанат бітірген бүгінгі кезең ақыны үшін мынау жаңа заманда да сұлулық символдарын қабылдау қалпы аса өзгермегенін байқаймыз. Ұзын бұрым – қашан да сұлулық символы болып қала беретін сияқты.
Көшім хан ақылы көркіне сай сұлу Сүзгені сүйіп алған. Ғашығына арнап «Сүзге-тура» қалашығын да салған. Ермакпен айқаста күші кем болып, жеңілген хан Көшім Сүзге-тураны қорғай алмайды. Қаланы алуға бар күшін жұмылдырған орыс-казак әскеріне бірталай уақыт берілмеген «Сүзге-тура» тұрғындарының жан алысып, жан беріскен ерен ерлігі поэмада әсерлі суреттеледі. Сүзгенің де қайтпас қайсар мінезі, ізгілігі, қас сақ үмбетіне тән адуындылығы осы тұстан көрінген. Тірі қалған қала халқын жасырын қақпа арқылы қайықпен құтқарып жіберіп, жалғыз қалған деседі.
Құтқарып барлық халықты,
Сарайда Сүзге қалыпты.
Тәнімді кәпір сипар деп,
Биік ағаштың түбінде,
Иван Гроза жеткенше
Өзіне қанжар салыпты.
Текті боп туған қайран қыз
Тектілік солай танытты.
Қазақтың барлық батыры
Ерлігін естіп Сүзгенің
Есінен танып қалыпты, — деп толғайды ақын.
Қайткен күнде де, автордың Көшім-Сүзге туралы бұрынғы жазылған шығармалардың концептуалды бағыт — шешімінен айнымағандығы анық байқалады. Поэмада автор «Көшім-Сүзге» тақырыбына ынтызар болған тау тұлғаларымызды атап өтеді. Солардың қатарында Шоқан, Абай, Ақыт қажының атын атайды. Күллі Алаш даласы күй күмбіріне елітіп, сұлу Сүзгесін жоқтаған кездер де өткендігінің дәлелі ретінде:
Сүзге ханымға күй арнап,
Даулескер күйші Байжігіт,
Даланы сазға бөлеген, — деп құйқылжытады.
Қазақ еріне тән батырлық пен шынайы сүйе білу, қазақ қызына тән асқақ рух пен гүлдей нәзіктік Ербол ақынның да есін алып, шабытын шақырғаны анық.
Тегіңді тарих тектеген,
Уақыт үрікті көшпенен, — деген жолдардағы өзіне тәнті ететін ұлттық өрнек, яғни, уақыттың «көшпен үркуі» сияқты колоритті әсем суреттер поэмада баршылық. Автор сөзді шебер ойнатады. Батырлар һәм ғашықтық жырлардағыдай аңыз-баянға лаконизм тән көрінді: поэма жинақы да ып-ықшам, тарихымыздың ұмтылмас беттерінен алынып, жаңаша форматта ұсынылған концептуалды бағыттағы әсерлі шығарма.
Анар Кабдуллина,
сыншы, әдебиеттанушы.
Дереккөз: Ұлт порталы
Y. Almabek