- Негізгі бет
- Поэзия
- Ақылбек Мнажатдинов: "Есімде...
Ақылбек Мнажатдинов: "Есімде сол түн"
Ақылбек Мнажатдинов Ақтөбе облыстық жас ақындар мектебінің түлегі. Өлең өлкесіне қадам басқаннан бері қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы атанып келеді. Ойын оңдай біліп, өлеңін талдай білген жас ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Ақ Ана
Мейірімін жалғанның жаратамын,
Атқаннан соң бесікте бала таңым.
Мен биікпін себебі жерден бұрын,
Басқан едім анамның алақанын.
Өмір – өзен, толқын боп аға берем,
Аға берем, қала мен дала көрем.
Бұл ағыс қай жағаға апарса да,
Бір өзіңе сәби боп қала берем.
Жырымның жерұйығын бөктергейсің,
Нұр-шапағат шашумен шектелмейсің.
Әлемге әр беретін, жан беретін,
Сен деген құдіретті көктемдейсің.
Тастүлек көңіл шіркін құйындадың,
Ана маған сыйлаған сыйың да мың.
Бұл өмірде мен үшін үлкен бақыт,
Сенің маған Ана боп бұйырғаның.
Көз алдыңда өткен соң бала шағым,
Ұлықтайды өзіңді болашағым.
Себебі, сен аспансың, құт үйірген,
Тау болсам да өзіңнен аласамын.
Арайлы Ақтөбем
Кемерсіген кеуде керсе көкте күн,
Өмірімнің өлең етем өткелін.
Мен сүйемін бұл мекеннің, па, шіркін,
Бәйшешекті, бөкентөсті бөктерін.
Бұл Ақтөбе – том тарихқа батқан жер,
Сан жампоздың шабыт отын жаққан жер.
Қыпшақтарға сәуле сепкен күн болып,
Қобыланды баһадүрім жатқан жер.
Мен сезімсіз пақырлардан түңілем,
О, Ақтөбе жалын текті жырым ең.
Төскейіңде талай таңды атырдым,
Нұрғисалық сазды әуен үнімен.
Ұлан ғайыр ұлық қанды ұлысым,
Ғаламдағы ғажаптардың бірісің.
Сен кешегі мұзбалағы өлеңнің,
Байғаниннің борандатқан жырысың.
Қасиетіңнен айналайын қызығар,
Жүрегімнің жыр-маржанын сүзіп ал.
Топырағыңды сүйе бергім келеді,
Жарық жұлдыз Әлияның ізі бар.
Өлең дейтін Әулиеге бас ұрдым,
Өр Ақтөбем құшағыңда тасындым.
Сен биіксің Күллі аспалы бағынан,
Вавилондық Новуходонасырдың.
Көңіл құсын аттандырып арманға,
Жыр аққуын қондырамын заңғарға.
Маған қымбат көлің, далаң, әр төбең,
Алғысым көп күліп атқан таңдарға.
Жазиралы жайлауыммен мақтанам,
Бауырыңнан бармақтайын бақ табам.
Мен бүгінде осы шығар деп жүрмін,
Жерұйықты Хасан бабам таппаған.
Мен қазақпын
(Жұбан Молдағалиев ізімен)
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Алауланып тер тамған кірпігінен.
Отан десе жалындап хас жүрегі,
Балағына жау туын жыртып ілген.
Мен Қазақпын түріктің текті елімін,
Тауарихтың ақтаңдақ беттерімін.
Тәңірінен бас имес басқа ешкімге,
Күллі әлемді сілкінткен көк бөрімін.
Мен Қазақпын шырқалар аршыл әнім,
Қаһарының тұтатқан шамшырағын.
Қарға емеспін қарқылдар қара ағашта,
Қара аспанды қақ тілген қаршығамын.
Қазақпын мен иманға құрметі мың,
Намыс десе алмайтын мүлде тыным.
Марқасқа Нұр пайғамбар Мұхаммедтің,
Сүннетін сабақ етер үмбетімін.
Алашпын табаны – тау, көгінде – аспан,
Шешендік шиырымен шөлін басқан.
Өмірге келмей жатып Тәңір менің,
Маңдайыма қайсарлық мөрін басқан.
Есімде сол түн
Есімде еркем, есімде сол түн ескірген,
Сыбдыры судың, самалдың лебі естілген.
Жылытып бойды ыстығы алақаныңның,
Ақымақ жүрек қадіріңді де кеш білген.
Түс болса ол түн қиын ғой қалқам ояну,
Қиын боп маған ғашықтық дертке бой алу.
Баяу жел біздің тұсаулап жүрегімізді,
Ол күнге куә – екеуміз және ай ару.
Жанармен ұшқын сезімді ғажап жолдадым,
Ұялған кейпің қарайлай бердің жолға мың.
Үндемей ғана мамықтай өптің қолымды,
Мылқаудың мен де рөлін сонда сомдадым.
Қайыңдар тынып, біз де тұрдық қозғалмай,
Жүректі дүрсіл бірінен-бірі озғандай.
Қызарған сенің жүзімдей жұмсақ жүзіңе,
Сүйсіне бердім бейнеңнен сұлу көз алмай.
Жайлаудай жүзің көзіме түссе босаймын,
Ерінің еркем, шуағын шашқан дос ай-күн.
Періштем менің ай менен күндей ақша жүз,
Көздерің – көркем тұңғиық қара қос айдын.
Жымиып жұлдыз, тұтанып шоғы шырақтың,
Қақ жарған мұзды қарқынды үні бұлақтың.
Септігі тиіп мен сені қалқам ұнаттым,
Бұл бір мен үшін Тәңірім берген жұмақ түн.
Болса да аяз, сезіммен ыстық қызғанмын,
Қаһары қашып, қауһары сөнді ызғардың.
Бетіңнен сипап еріттім қонған мамықты,
Себебі сені қардан да жауған қызғандым.
Арманым сен боп, бар бағым сен боп бойдағы,
Жүрегім жесір жанарды жассыз қоймады.
Қолыңды нәзік ала бергенде қойнымнан,
Сен берген жылу тарала берді бойдағы.
Сыбдырсыз қалды біздерді қосқан бұлақ та,
Құйылды ретсіз көңілге жұмбақ сұрақ та.
Сен кете бердің аңсатып аппақ жүзіңді,
Мұңайған Аймен қалдырып мені жырақта.
Өмірім неткен бір сәтін салмас шұбар ең,
Сол жақта әлі арналы бұлақ, жыра кең.
Сол жақта әлі қайыңды тоғай сырлы айдын,
Сақтаулы сонда “Махаббат” деген ұлы әлем.
Ж. Исакаев