- Негізгі бет
- Поэзия
- Ақтөре Ибрагимұлы: "Сен...
Ақтөре Ибрагимұлы: "Сен – Мен едің, Мен – Сен едім, көктемім!"
Массагет порталы әдебиет айдынына талпынған жас талапкерлерді үздіксіз қолдап келеді. Бүгін патша көңілді оқырман назарына жас талапкер Ақтөре Ибрагимұлының жырларын ұсынып отырмыз.
Ақтөре Ибрагимұлы 1993 жылы 31 мамырда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. «Жүректен жүрекке...» жыр жинағының авторы. Бүгінде республикалық «Қазақстан жолы» газетінің тілшісі.
Мендегі үнсіздік
Аралап сезімнің бағын біз,
Қалдырдық сарғайған сағым із.
Жаңбыры жаныма дем берген,
Көңілге көктемнен жақын Күз.
Сендегі үнсіздік – мұң-қайғы,
Мендегі үнсіздік – сағыныш.
...Ғазалға берілген ақынмын,
Күлкіден жаныма жақын мұң.
Сеземін сүйіктім біздерге,
Жаратқан береді бағын мың.
Сендегі үнсіздік – мені аңсау,
Мендегі үнсіздік – лағыл мұң.
Жазбайсың Сен бүгін маған хат,
Жазбаймын және Мен саған хат.
Беймаза жүрегім лүпілдеп,
Уақытым зырғуда
Арзумен арынды мадақтап.
Сендегі үнсіздік – шарасыз,
Мендегі үнсіздік – махаббат.
Сезімі лаулаған жаным от,
Сен барда сыйлайтын таңым құт.
Кезіксем байқаусыз мен саған,
Үнсіз-ақ көзімнен жанымды ұқ.
Сендегі үнсіздік – зарығу,
Мендегі үнсіздік – сабырлық.
Сен – мен едің, мен – сен едім...
Сен – Мен едің,
Мен – Сен едім,
Көктемім!
Жоқ болатын,
Арамызда өкпе-мұң.
Есерсоқтай есімді алар, ал қазір,
Оралмайтын сағым болған-
Өткенім.
Біз бір едік, күдік түгіл, жоқ нала,
Сезім болған жүректерге шоқ жаңа.
Сені күтіп жүруші едім серт беріп
Бір боламыз деуші едік-ау отта да.
Менің ғана жұлдызым ең әдемі,
Әлі күнге көңіл сенен дәмелі.
Ауырғанда махаббаттан жүрегім,
Табылушы ед сенен ғана сан емі.
Бақытым деп ойлаушы едім тек менің,
Сен кеткенде кәдімгідей кектендім.
Қарғыс емес, дұға айтып бірақ та,
Солай тура мұң еліне беттедім.
Мұң елінде көзім жасын төккенмін,
Өкініштен өзімді-өзім сөккенмін.
Бақыты ұзап бара жатқан
Оралмас,
Ай өткен күн, өткенім....
Көктем еді
Көңілде әлі,
ол кезде көктем еді,
Көктем еді,
күн нұрын төккен еді.
Жүрегімде мұңлы әуен ойналатын,
Жайқалса егер сағыныш көк терегі.
Көктемгі кеш ұнайды,
жаным құмар,
Жаным құмар, ол менің жанымды ұғар.
Көкті шарлай ұшақанда құстар легі,
Махаббатқа тағы бір әнім сыңар.
Жиылғандай жаныма қуат түгел,
Бүршік жарды жүректе шуақ гүлдер.
Есіңде ме,
таң, бесін, ақшамда да,
Тұрушы еді жалындап жастық жігер.
Бір түс көрдім,
нұрларын жайыпты елес.
Байыпты емес,
Шыным ол ғайып та емес.
...Мені мәңгі сүймесе, сағынбаса,
Ешкім де айыпты емес, айыпты емес...
Көрші қыз
Көрші үйде тұратын әдемі қыз,
Жарасушы ек сөйлессек әдемі біз.
Жарқыраған жұлдызға құмар болып,
Көп жігіттер сол қыздан дәмеліміз.
Батыл жетпей алдында көсілуге,
Біле алмадым көп уақыт есімін де.
Сезімімді ұғынсын деген оймен,
Гүл қыстырып кетуші ем есігіне.
Көкейімде тұрушы ед бір-ақ сұрақ,
Дей алмаймын бұл істі ағат бірақ.
Көрші қызды көруге көрші үйге,
Жиі барып жүруші ем сағат сұрап.
Соны ойлаумен өткізіп жылдарымды,
Сақтап жүрдім жүректе сырларымды.
Көрші қыздың жүретін жолдарына,
Оқысын деп шашушы ем жырларымды.
...Келгенімде әскерден өтеп арды,
Құлағыма
қаңқу сөз жете қалды.
Мен келген күн көрші қыз өзге жанға,
Ұзатылып көзімше кете барды...
Сурет: vk.com, Ақтөре Ибрагимұлының жеке мұрағаты
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Р. Роза