Ақтілеу Қалдыбай: "Қар жауған кештерден кейін де..."

Ақтілеу Қалдыбай: "Қар жауған кештерден кейін де..."
Фото: vk.com

"Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы" дейді данышпан Абай. Ақындық – азаппен арпалысу. Өзін-өзі іздеу, шарқ ұру, дүниені жатсыну, т.б. сан қилы сезімдер ақын жан дүниесінде болып жататын арпалысты күй. Ақындықты бақ деп емес, тағдыр деп ұққан Ақтілеудің жырында ішкі арпалыс бар. "Ең ұлы ақын – жас ақын" деп жырлаған екен ақын Ұлықбек Есдәулет. Ендеше, "Ең ұлы ақынның" өлеңдерін оқи отырыңыздар!

Ақтілеу Қалдыбай – 1998 жылы 9 маусымда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, филология факультетінің 3-курс студенті.

***

Қар жауған кештерден кейін де,
Асаулау жүректі құшақтап құлағам масаңдау күйімде,
Асыл дүриясын тасада ұстаған Ай-ару, иілме,
Ажал да пəлсафалық кітаптарды
көп оқығандығынан шоқынбағандарға үйір ме?!

Даланың елесі қаңғиды қалалық көшеде,
Балалар қалғиды шаштары ағарған.
Білініп қалады əр басар қадамнан,
Өлімнің иісі аңқиды адамнан. 

Біз жүргенде барлығын Табиғат-анадан үйреніп,
Сезіміміз жылап тұрды ғой күйреуік,
Аспанның самсаған жұлдызды жанарына
қараймын именіп,
Ол тұрар еді күнəһарлардың сатқындық сорына иленіп. 

Үміт пен үрейдің арасын жасырып қойды ғой ғасырлар,
Бəрі де күшінде,
Бір бірақ, бəрі де уақыттың өлуі үшін бе?
Мен қашан оянам түсімде,
Əлде, Құдай ма ерінген түсуге?
Адамдар өмірдің ішінде,
Өлімнің ішінде кеңістік. 

Күн мен түн жердегі елесі жұмақ пен тозақтың,
Түн туса, жылауық жалғыздық,
Күн туса, мейірлі махаббат ұзақ тым,
Мен тағы да бір кешті ұзаттым. 

Қар жауған кештерден кейін де, кірлеген жүрегім үшін мен жылаймын,
Қар жауған кештерден кейін де, сығалап қараймын түріне Құдайдың!

Өң

Түнек түйсігім тоңазып торланған күннен,
Сандалтпады ма санамды сор бағып жүрген?
Түннің тылсымын қаңғыған иттер біледі,
Көшелерінде қаланың өкшелеп үрген.

Тамшы тығылды тас жолдың тесік төсіне,
Бүркіген жаңбыр бұлданбас бұйрық ісіне,
Секундтар сайын сенделіп сіңіп барамын,
Шулы шаһарда теңселген тобыр ішіне.

Ғашықтар келед(і) тоя алмай сүйіске кілең,
Мына жас жігіт анау бір мүйіске кірер,
Мастық күші мен жастықтың буына пісіп,
Пенделер шықты кірлеген пейіштерінен.

Тұсынан өттім түрі таныс терезелердің,
Қою түнімнің өліара кезіне келдім,
Қараңғылыққа бір ару батып барады,
Менің де келді ілесіп ізіне ергім...

Құтханаларда әкейлер жағуда шырақ,
Азан шақырды момақан мешіттер жылап,
Есік алдында ертемен қайыршы жүрді,
Құдай бермеген нан – суын адамнан сұрап.

***
Жоғалған жолдардан жөн сұрап,
Бағытсыз сенделген бəдəуи секілді,
Тізесін құшақтап жылаған түндердей
қыңсылап,
Адасқақ ойларым мазамды кетірді.
Сынық ай əлемге шашылған сəулесін
жинауға ұмтылған,
Ол солай түндердің тұнығын бүлдірген,
Мүмкін ол парақ па қасиетті кітаптан
жыртылған,
Түзеуге келмейтін кім білген?
Тəкəппар қаланың қақпасын ашуға тырысқам,
Жауынгер сияқты арудың жұпарын аңсаған
қажыған ұрыстан,
Жатудан шаршаған көшелер қарсылап,
Кəрі үйлер шығарып салады қуыстан.
Тағы бір ауыр түн өткенде бұл қала
қалар ма дымсыз,
Пенделер ұйқыға кеткенде ең ұлы Суретші үнсіз!

***

Меңіреу жер жылауық қыз жасын жұтып алады,

Етегіне жасы құлап еңіреп ,

Жүгіреді ол жеңілген,

Жалғыздығы қылғындырып сатқын түннің

салқынына қамады,

Ессіздігі шыңғырады ернінен.

Сандырақтап көшеде,

Есінеген ауыр ойлар өңгеріп,

Тамырынан темекіге төр беріп,

Кітаптардың көлеңкесін көтеріп,

Еленбеген еңбектерге терлеген бір ақын,

Өзен жаққа жалғыз кетіп барады...

Өз өтірігін өлеңіне салық қып,

Жан досы жоқ жамыраған қалада,

Жалғыздықпен кездесуден жалыққан,

Бозбаланың сәлемін ботана бұлт ала кетті

сонау ақбас тау жаққа!

Жасыл қала қазір қайта сарғайған,

Көңілі күзге соқтыққан,

Жапырақтар өлеңге қатты ұқсайды,

Өліп қалған жоқтықта.

Қыздың жасы,

Сандырағы ақынның,

Сағынышы баланың,

Жапырағы күз сарғайтқан қаланың...

Ж. Жұмағұлов