Ақтаңгер ақын, марқұм Асылбек Ишановтың өлеңдері

Ақтаңгер ақын, марқұм Асылбек Ишановтың өлеңдері

Ишанов Асылбек Миразатұлы 1984 жылы 5 тамызда Жаңақала ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Айдархан орта мектебін бітіріп, 2002 жылы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың филология факультетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. 2006-2007 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында редактор болып алғашқы еңбек жолын бастайды.

Жас ақын жоғарғы оқу орнында оқып жүрген кезінен-ақ облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, қалың жұртқа таныла түседі. Халықаралық деңгейде аталып өткен Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай ұйымдастырылған III республикалық «Жас толқын» фестивалінде дипломант атанады.

Сондай-ақ, Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин 90 жасқа толу құрметіне арналған республикалық ақындар айтысына қатысып, марапатталады.

Осындай айтыстарының бірі Қашаған Күржіманұлы атындағы дәстүрлі айтыста бас жүлдені қанжығасына байлайды.

Асылбек Ишанов өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан ұлттық арнасы ұйымдастырған «Аламан айтыс» теледуманында жарқырай көрінді. Асыл ақын 2007 жылы жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады... 

Айтыс көгінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен, ақтаңгер ақын тірі болса бүгін 30 жасқа толар еді.

2008 жыл ақынның өлеңдері топтастырылған "Аманат" атты кітабы жарық көрді. Айтыскерлігімен қатар жазба өлеңге де қалам тербеген ақынның бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Азаттың бір ұлымын Асылбекпін,

Арғы атам Ыбырайқұлдай асыл тектім.

Ұранымыз «Ағатай», руым «Беріш»,

Ұрпағымын, жалынды ақын Махамбеттің.

 

Менің сыншым қашанда қалың қазақ,

Бірі күліп, біреуі етер мазақ.

Сыйынып сөз бастадым бабаларға,

Арғысы Балапанға бергісі Азат.

 

Басы майда, түбі сайда құрақтың,

Өзгелердей мен де ойымды құраппын.

Алмасаңдар сөздерім мейлі қалсын,

Демеймін мен сөзбен қамал құлаттым.  

Бір жақсы бір жаман

Шырқасаң бұл да елдің тілегі екен,

Алдыңда ақ жауындай үдеп өтем.

Қадырдың қалыбымен бізге қалған,

Бір жақсы бір жаманын тізе кетем.

 

Бір жақсың – дархан мінез қонақжайсың,

Құлыпсыз жұртың еркін кіреді екен.

Бір жаман – тіл мен дін-ділің ақсап,

Басқаның былығы елге енеді екен.

 

Бір жақсың – Елбасымыз көреген боп,

Көгіңе көк туыңды іледі екен.

Бір жаман – ұрпағымыз ұлтты ойламай,

Батыстың әуенімен үреді екен.

 

Бір жақсың – он төрт жылың жемісті боп,

Сәбилер бесігінде күледі екен.

Табылар жаманың бар жер сататын,

Үкімет оған құлақ түреме екен.

 

Жаратқан тілегімді қабыл етсе,

Жұртымның амандығын тілеп өтем!

Шабытпен тілдесу

Айтайын саған күлсеңде,

Өлеңім қалды бүрсеңдеп.

Жырларымның күші жоқ,

Сан қайтара өрсемде.

 

Шашырап шыққан көлеңдей,

Жырларым қалды еленбей.

Өзімде қалдым дәрменсіз,

Шабытсыз жазған өлеңдей.

 

Қалдым ғой саған кездесіп,

Жырымнан үміт үзбеші.

Қаңғырып жаным кезбесін,

Кетпеші, шабыт, безбеші.

 

Жанымнан шабыт кетпеші,

Жырымды талақ етпеші.

Дәрменсіз жүрген жанымды,

Теппеші, кейін,

Теппеші!

Қиялдағы қалқа

Даусыңнан айналайын, Айнұрым-ау,

Жүреді көкіректі күйік керней.

Еңсемді басып еді, қайғы мынау,

Мауқымды сенің үнің сейілткендей.

 

Өзіме сенбей тұрмын, қуаныштан,

Сондықтан жүрегімде жыр есуде.

Үміт пен күдігі бар мың алысқан,

Мен де сендей адаммын, білесің бе?

 

Жұлдыздар сыр айтады, түнде келіп,

Тілін ап айкезбенің сабыламын.

Түсімде арманымды түнде көріп,

Өзімше сүйгенімді сағынамын.

 

Тұтқынмын, шын-қиялдың жетегінде,

Сен тұрсың, жүректе әне, ойда мына.

Өзімді кешіре алмай кетемін бе?

Бір сені сендіре алмай қойғаныма.

 

Әлде сен бейіш бақтың бір гүлісің,

Қалғандар сен жайлы өлең шиырлайтын.

Мүмкін сен бейіш бақтың бұлбұлысың,

Жұмақтан басқа төрге бұйырмайтын.

 

Тағдырдың сыйқын ашқан бір жағын-ай,

Арманым кеудемдегі бос өле ме?

Барлығын жарылқайтын мырза құдай,

«Бақытсыз» деп жазып па ең пешенеме.

 

Қайтейін, бұл да өмірдің өктемдігі,

Қап-қара тұман басып, бар маңымды.

Тоқырап мәңгілікке кеткен күні,

 Топырақ жоғалтады арманымды!

Арман

Біз екеуміз – үйленіп жатыр екенбіз,

Тойға деп қойған шашулар анау шашылып.

Қуанып тұрмыз, арманға қашан жетерміз,

Бақыттан менің көңілім бұлтқа асылып.

 

Көйлегің аппақ, бойыңа сенің жарасып,

Қонғанын ойлап, басыма мәңгі бүгін бақ.

Достарым жатыр, ақ тілек айтып таласып,

«Жарығым» деймін сыбырлап.

 

Армандап жүрген біздерді құдай қосты анық,

Алдымнан мынау, жұбайлық күннің таңы атқан.

Дуылдап жүрген дүрмекпен бірге тост алып,

Тартынбай ішіп, талғамай жұтам, шараптан.

 

Ажуа қалжың, әуелден тойдың белгісі ең,

Мені де қайтем, қойғасын енді қазақ қып.

Той бастап жүрген тамада бала енді сен,

Үйіңнен шықпай жатасың дейді мазақ қып.

 

Көрерміз деймін, серілігімді қоя алсам,

Той деген мынау жалғасын табар іс екен.

Әлде кім мені түртіп қап шошып оянсам,

Әдірем қалғыр әйтеуір бәрі түс екен.

 

***    *** ***

Гүл болып жүрегіме қадалғанда,

Үмітім байыз таппай бағамдарға.

Ләйлі боп жүрегімді еліктірсең,

Лағылдай сені табам аралдан да.

Әлемге кеткендей-ақ тасып атым,

Именбей саған айттым базынатын.

Лүпілдеп жарылатын жанартау боп,

Із қалмады жүрегімде жасыратын.

Мезгілсіз келсем, кешір бағаңа тым,

Жыр бастау сенен ғана таралатын.

Алдымда арға лайық сен тұрғанда,

Налыман орнайды деп жағама түн.

Ылаңсыз құлан жүрек қатар ақса,

Махаббат тек осы боп саналады

Асылбектің термесі

Айта алмасам арлы сөз

Болады тілмен жаққа сын

Қиқулап елім қолдаса,

Ал жіберейін ат басын.

Біз, қазақ, деген ел едік

Ғасырдың ашып қақпасын,

Бөріде болған бұл қазақ

Тұяғын серпіп шапқасын

Қыранда болған бұл қазақ,

Әуеде қанат қаққасын

Түйеде болған бұл қазақ,

Замана жүгін арқалап,

Бүгілмей келе жатқасын.

Бұғыны да емген бұл қазақ,

Ажалдан аман қалғасын.

Тазы да болған бұл қазақ,

Түлкінің ізін баққасын

Біз болмаған не қалды

Талайдың дәмін татқасын,

Барыстыққа бет алып,

Көш түзедің баққа шын

Олай болса, ағайын,

Келешек мына ұрпаққа,

Ұлылар сөзін жақтасын!

Қаймана қазақ баласын

Шошқа болудан сақтасын. 

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Жанайдар Болатбекұлы

Н. Айдархан