Ақжан Аманжол. "Түсте де жүрек болады екен"

Ақжан Аманжол. "Түсте де жүрек болады екен"
Фото: Ақжан Аманжол

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ көпшілікке "Ай қызы" атымен танылған жас ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз құрметті оқырман. Ақжан Аманжол 2001 жылы 31 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. "Қолтаңба" поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 

***
Көңіліме жиып алып жүз үміт,
Өткеніме сағынышпен қарадым.
Күндер,
Айлар,
Жылдарменен үзіліп,
Жапырақша желмен ұшып барады...
Қайран уақыт!

Араға сап уақыт пенен қашықтық,
Жоғалтқанды іздедік.
Сары мұңды күз келіп,
Біздер тағы кездесуге,
Жүздесуге асықтық...
Эх, асықтық!

Сары мұңды күз келіп,
Сағыныштың сары əуенін тыңдатты.
Сол əуеннің жылуынан мұз еріп,
Ызғарынан естеліктер үн қатты.

Естеліктер сөйлейді,
Жан ұшыра айқайлайды ішімде.
"Жүректердің заңдылығы бұл" – дейді,
"Мағына бар естеліктің күшінде.
Өткен күннің парақтарын жұл, мейлі,
Жүректегі жазуларды өшірме!
Ол жазулар,
Ол жазулар өшпейді
Сен үшін де, бүкіл əлем үшін де."

Ұмытпашы тілекті,
Ұмытпашы,
есте сақта
заңдылығын жүректің.
"Мен келермін!" – деп үндеген құстардай,
Қоштасулар қауышуды уəде етті.

©Pixabay.сom

Ақшыл көк
(Темір көрсеткен жолдармен)

Түс көргім келеді менің!..
Түсімде -
Жолдарға еріп
көрсетер қысты қырдағы,
Отырсам деймін
бейтаныс көлік ішінде
Тым таныс əннің жанымды тербеп ырғағы.

Келеді көргім
түсімде дала қыранын
Қалықтап ұшқан
ақшыл көк түсті аспанда.
Келеді тағы
өңімдей үнсіз жылағым
Жер бетін ақ қар басқанда.

Келеді көргім
теңіз толқынын түсімде
Ақшыл көк түсті аспан реңіне бөленген.
Жазылар сосын
Жүрегім ғана түсінген
Ақшыл көк түсті өлеңдер!

Даланың ұлы жанында мəңгі сақтаған
Жусанды дала кеңдігін көргім келеді!
Түсімде көргім келгеннің бəрі –
жат маған.
Көк пен ақ түстің тоғысқан сəтте жүрегі.

Түсте де жүрек болады екен,
байқадым.
"Жүректің түсі - түстің жүрегі" –
айтарым.
Байқадым тағы
Түсімде мен тек –
Жолаушы,
Белгілі қашан қайтарым...

©the-steppe.com

***
Аурухана терезесі.
Сыртта қар
Шақырады...
Күт мені!
Болса-дағы бұл сəттерім – уақытша,
Сезімдерім – өтпелі.
Бұл – өзіміз сызып алған терезе,
Қабырғалар – жасанды.
Ауаға емес,
Шаң-тозаңға толтырады өкпені.
Терезеңді аш!

Аурухана терезесі
сыбырлап,
Айтып жатыр
"Кеше, ертең, бүгінді".
Тағы ақырын жүрегіңнен сыр ұрлап,
Жүрегіңе тағы құлып ілінді.
Сен тыңдадың.
Бірақ, сенің шығармайды үніңді;
Бірақ, сенің естілмейді дауысың.
Тыңда,
сенің кеудеңдегі жан үшін
Терезеңе жақындарың үңілді.
Терезеңді аш!

Аурухана терезесі.
Сыртта қар.
Шығар есік таппадым...
"Кімге керек, – дедім, –
оны тапқаным?
Кімге керек
үміт отын жаққаным,
Жүрегімде
сақтағаным өмірдің ақ шақтарын?"
"Кімге керек?" –
дедім, бірақ
Тереземді ашқанда,
Өзім едім – тапқаным.
Маған керек.
Күтші мені, ақ қарым!

©youtube.com

***

"Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?" 
(Абай Құнанбайұлы, 14-қара сөзінен)

Мен бүгін қолшатыр ұстадым,
Өзімді қорғағым келгендей жаңбырдан;
Мен бүгін қолшатыр ұстадым,
Жаңбырды өзіне ем қылған
Жүректі қорғағым келгендей жаңбырдан...

Оның кең құшағы -
Қиялдың елінде қаңғырған
тым ессіз ойларым бар мұнда;
"Жүректі сақта" - деп жаңғырған
тым таныс дауыстар бар мұнда...

Тым таныс дауыстар бар мұнда -
Бәрі де жанымның тынысын ұғады.
Бәрінің атынан Ай болып сөйлесем -
Ол менен жүректі қорғауды сұрады.
Мен-дағы сезімге сенбес ем, көрмесем -
Жүрегім тағы да жылады...

Жүрегім тағы да жылады,
еске алып көңілдің 
сезгенін,
сенгенін.
"Жыламайтын боласың, - деп, - сен әлі",
жұбатады ол мені.
Бірақ, 
бірақ,
сезінбесем -
жүрегімнің өлгені,
тас болып кеткені жүректің...

Жүрегім тағы да дір етті...
Көзімнен жас ыршып түсті де,
жүрекке қадалды оқ болып...
Жүрекке демеу боп,
оң қолым,
Көңілді суытқан күзді де,
қаһарлы қысты да жоқ қылып
жіберді...
"Бәрі де уақытша, - 
деді ол, -
тек мәңгі - 
адамның жүрегі."

©pinterest.ru. Art - Paul Klee "Fire at Full Moon"( (1933)

Қара түн 

Аппақ қар бетінде – 
Қара күл. 
Қап-қара күлменен 
Есте енді 
Қара түн. 
Есте енді – 
Уайыммен тауысып тағатын, 
Жүректер – 
Отсыз-ақ жанатын, 
Жанарлар – 
Ащы жас таматын... 
Есте енді 
Қап-қара, қара түн – 
Сәбидің ұрлаған «сағатын», 
Ананың ұрлаған жүрегін, 
Өмірлік тілегін, 
Тірегін – 
Жұбаныш табатын... 
Есте енді 
Қап-қара, қара түн, 
Кішкентай жүректер – 
Жүректе соғатын, 
Кішкентай армандар – 
Қап-қара қабырға ішінде қалатын. 
Өткенді өзгертер жан бар ма? 
Аппақ қар бетінде – 
Қара күл. 

Тыңдашы, 
Қара түн, 
Жалынға оранған бесіктің 
Киесін еске алар жан бар ма? 
Иесін еске алар жан бар ма 
Тым ерте жабылған есіктің?.. 

Т. Раушанұлы