"Ақ жаңбырдың астында жылағаным..."

"Ақ жаңбырдың астында жылағаным..."

Құрметті жырсүйер оқырман, бүгін біз сіздерге жас ақын қыз Шұғыла Сәйденқызының өлеңдерін ұсынып отырмыз. Сезім қылын шертіп жүрген нәзік жанды қыз өлеңге өз үлесін қосып келеді. Поэзия көшінде шайырлардың ізінен ілесіп келе жатқан Шұғыланың жырларына баға беріңіздер!

Кешір мені...

Кешір мені.

Сонша неге сүйіп ең, несін мені.

Қайырылмай кеткен соң елесімді,

Еркелетіп жүрсің бе есіңдегі?

 

Кешір мені,

Сезім жібі сенімен есілмеді.

Таңғы таныстықтан соң кеш болмай-ақ,

Жалғанбады сезімдер бесіндегі.

 

Кешір мені,

Жүрегіңнің жадынан өшір мені.

Ақылды деп арама түспей-ақ қой.

Арттағылар алдамшы десін мені.

 

Кешір мені,

Ештеңе де қалмаған есімдегі.

Сені енді ойлауға мұрша бермес

Еркем деген еріннің есіл демі

Кешір мені...

 

**** 

Ойыңменен мен мәңгі жарқын деген,

Жүре бер сол алаңсыз қалпыңменен.

Күндердің көркемдігін сен сезе ғой

Мен-ақ бірге болайын бар мұңменен.

 

Бер маған деп алақан тоспа маған,

Сендік жүрек біздерге ұқсамаған.

Көтеремін әу баста үйренген мен

Көтереді көп көрген патша далам.

 

Шыдамассың сұрама қалай деп те,

Жүре бер жүрегіңді арайлы ет те.

Мен бәрі бір мың батпан мұң арқалап

Әуендете беремін «Абай көкке».

 

Қаққан талай табанға сыналарын

Кешкен күннің келбетін сұрамағын.

Оңашада тек қана өзіме аян

Ақ жаңбырдың астында жылағаным.

 

Бірге болғың келсе егер меніменен,

Саған мен, маған болар серік өлең.

Алаңдама күліп тұрып күрсініп те,

Жылап тұрып күле алам.

Көз жасымды

Кептіріп кең даланың желіменен.

 

**** 

Сен ғана сыйлар сезімге мынау қанша мен,

Бейнелер көркем сөз таппай талай шаршап ем.

Айдын атында жұлдыздарменен жыр жазып,

Нұрға бөленген гүлдермен бірге ән сап ем.

 

Өмірге және өзіме ғашық тулаған,

Көзімді жұмып кеудемді талай тыңдағам.

Мен сонда оны сөздермен ғажап мыңдаған

Тек өзім түсінер тілдермен үнсіз жырлағам.

 

Қосылған қасың қосылған біздің тағдырдай,

Жүзіңді көрсем, тұрғандай туып алдымда ай.

Бейнеңді сенің бейкүнә күйде көзіммен

Көкірегіме көшіріп мәңгі салдым жай.

 

Сен жайлы жырды жаза алмай талай түнімен,

Кереметтігіңді келтіре алмасымды біліп ем.

Жаным-ау бірақ жазамын кейін көркем жыр

Әкетайлаған баламның былдыр тілімен.

Сурет: sunhome.ru

А. Әбілхан