Әділет Ахметұлы. Алтайды мен түсімде тағы көрдім

Әділет Ахметұлы. Алтайды мен түсімде тағы көрдім
Фото: Әділет Ахметұлы

Әділет Ахметұлы – 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген. 

2012 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шынжаңдағы "Мұра" журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы Атажұртқа оралған. 

Қытайдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда шығармалары жарияланып тұрады. Бірнеше реткі республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. 

Қазір А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкері. 


Жаңбыр 

Сағыныш – жүрегімнің төл меншігі, 
Жалбыз аңқып тұратын, ермен сіңіп. 
Алматыға толассыз жауын жауад, 
Түсімде мен Алтайды көрген түні. 

Алтайды мен түсімде тағы көрдім, 
Алқабында жүріппін сары белдің. 
Айдынына үңілем аққу ұшқан, 
Үліңгір деп аталған кәрі көлдің. 

Ал, бірде мал қайырып Көктепсеңге, 
Оянам қойды ауылға беттеткенде. 
Көктепсең қос көзімнің қарашығы, 
Құлазып қалып еді көш кеткенде. 

Шабырты, Аршаты мен Қаршығалы, 
Сағынсам өлең емес, зар шығады. 
Көзіме оттай ыстық басылып тұр, 
Самырсын, қайың, ұшқат, тал, шынары. 

Өсіріп ең туған тау бал таттырып, 
Жаңғырады иен сай жаңсақ күліп. 
Қара Ертіс қатты ашумен ағып жатыр, 
Жалы биік ақ көбік жартасты ұрып. 

Соғылып қырға бір ой, тауға бір ой, 
Алдамшы өмір бізді алдады ғой. 
Жиі кірді түсіме жер жарықтық, 
Мүмкін мені есіне алғаны ғой. 

Тәтті түсте атсайшы таң кешіге, 
Орандым ақ сағыныш сәулесіне. 
Оянсам уайымсыз жауып жатыр, 
Сытырлап сірке жаңбыр қар бетіне. 

Аңсау 

Ауылда бір әуен бар майда қоңыр, 
Сағындың ғой, сағындың, сайра коңіл. 
Тотықұстың жүніндей мың құбылып, 
Ажарымен арбаған қайран өмір. 

Ауылда бір әуен бар майда, мақпал, 
Ақ терек айбатты еді ай қонақтар. 
Арналы өзен бетіне мұз қататын, 
Менің ғұмыр жолымдай тайғанақ сәл. 

Ауылдағы сол әуен – қоңыр әуен, 
Тұратын таң нұрынан тамып өлең. 
Ол жерде ағаш біткен домбыра еді, 
Күй шерткем бұтақты алып қолыма мен. 

Ауылдан тым жырақтап кеттім әттең, 
Алысып бұл өмірде жоқ сынақпен. 
Шіркін шырын секілді сол әуенді, 
Еститін күн де туар ет құлақпен. 

Қар мен ар 

Алматыға қапалақтап жауды қар, 
Дала мұнар, аспан мұнар, тау мұнар. 
Қарға арнайын өлеңімнің біреуін, 
Болғаны үшін тазалыққа жан құмар. 

Аппақ әлем сұлулықпен арбайды, 
Қар астында қатпар-қатпар бар қайғы. 
Қарды көрсем көкейіме қонақтар, 
Шет-шегі жоқ ұзын өлең ар жайлы. 

Ұзын өлең, ұзақ өлең ол сондай, 
Таудан асып, дала кезген, жол салмай. 
Бұл өмірді өзгертіп-ақ берер ем, 
Пппақ қардай ақиқатқа болсам бәй. 

Әттең дүние, ондай байлық жоқ менде, 
Қара қазан орнап қалған окпемде. 
Жапалақтап жауған қардың астында, 
Қарап тұрмын өткен менен кеткенге. 

**** 
Қаңтар қыста қарды бұзған қасқа айғыр, 
Қысырағын құба жонға бастайды. 
Ақ далада текті туған аталық, 
Қаһарымен қасқырды да жасқайды. 

Таудың елі сауысқаннан сақ болып, 
Аман ба деп есендесер ат-көлік. 
Қара бура қайыстай боп жарайды, 
Езуінен шумақталып ақ көбік. 

Қырқаларды құндақтаған қар кілем, 
Жаратқаннан түскен ұлы жарғымен. 
Ала таңда көргенім қар болған соң, 
Ақ ниетпен басталады әңгімем. 

Жерге тартар адамдардың мінезі. 
Деп тұжырым айта салған кім өзі?! 
Жан жүйесі қарға ұқсайды жұртымның, 
Тым кіршіксіз жүрегі. 

Өлмейтіндей өлең болсын ар мен қар, 
Жабынтағын қымтап алған жал мен жар. 
Кіл шындығын жазар едім жалғанның, 
Жаздырмайды-ау, менде қанша дәрмен бар?! 

Қар жауып тұр Алматыға тоқтаусыз, 
Жарлылардың жамбасынан өтті-ау сыз. 
Кеше біреу қар астына көмілді, 
Ағайынсыз, айғай-шусыз, жоқтаусыз. 

Алатаудың бір ашылмай мұнары, 
Қар жауғанда қапаланып тұрады. 
Кеше біреу қара жерге көмілді, 
Қара нөпір халық келіп жылады. 

Кеткенінше тұла бойдан жан шығып, 
Тауға, тасқа сандалтады тамшы үміт. 
Қар жауып тұр, Алматыда адамдар, 
Тырбынып жүр танауынан шаншылып. 

Ана дәурен 

Менің шешем өлгелі ширек ғасыр, 
Бір сезім жөңкілуде күй боп тасып. 
Жиырма бес жыл анасыз өткен жанға, 
Ақиқат қолын қойды изеп басын. 

Төрттен бірі кетіпті бір ғасырдың, 
Өшкіндетіп барады сұлбасын күн. 
Тілеулес боп келемін анасына, 
Анасы тірі жүрген құрдасымның. 

Биылғы жыл мен үшін сәл бөлекше, 
Адамдықты ағайын, армен екше. 
Жиырма бес көктемім қалған еді, 
Әр адыр, жота, қырқа, әр белесте. 

Шойын төстен аумайтын зілдей жүрек, 
Қашанға қатулансын, күлмей, жүдеп. 
Жалғыз жалған сөйлемге алданғанбыз, 
Жақсы адам ұзақ өмір сүрмейді деп. 

Нандың не, нанбадың не, кеткен кетті, 
Бар байдай шалқытты да, жоқ меңдетті. 
Жыл құсы жылы жақтан жылу тасып, 
Тағы бір талаураған көктем жетты. 

Анасына ұл-қызы гүл беруде, 
Ай жеңуде, адамды жыл жеңуде. 
Қанша сәби қартайып кетті шіркін, 
Аңсап жүріп анасын бір коруге. 

Түсінік 

Ойымнан шықпай жүрген бір ащы шер, 
Бойымнан шықпай жүрген бір ащы тер. 
Мұңға оранған мұнарлы әңгімем бар, 
Естіген жан еріксіз құлап түсер. 

Мен жалғыз, аспандағы ай да жалғыз, 
Жалғыз күнге жанды біз байлағанбыз. 
Өмірдің өзегінде айланармыз, 
Сарғайып сап алтынға айналармыз. 

Тағдыр бізді топтардан талғап алек, 
Запырандай қосылар зарға нәлет. 
Туған халық таныса болды мені, 
Бойында бірдеңесі бар бала деп. 

Бұлқынып бойымдағы сол бірдеңе, 
Сел болып салдыр-күлдір келді іргеге. 
Көңілімді ауыртып тастағаны-ай, 
Көп өтірік айтатын көлгір неме. 

Мынаған да қайғыру, анаған да, 
Қыйын ғой бірдеңесі бар адамға. 
Ақын болып қайтесің үнсіз қалып, 
Абыройың түскенде аламанға. 

Бір түсінсе түсінер шын ақындар, 
Шын ақындар – өзгеше сұрапылдар. 
Біздә қайдан ұғынсын пенделікпен 
Жымысқы жоба-жоспар құратындар. 

Ойымнан шықпай жүрген бір ащы шер, 
Бойымнан шықпай жүрген бір ащы тер. 
Мұңға оранған мұнарлы әңгімем бар, 
Естіген жан еріксіз құлап түсер. 

Топырақ жыры 

Біз жолда деуші ме едік, арман алда, 
Ақ жауын, ақ бұрқақ қар, боз боранда, 
Кісінің есігінде кейігеннен, 
Ұрсысу ол да қызық өз қораңда... 

Я қызық, ол қызық, бұл да қызық, 
Көңілің ғажайып бір нұрға жүзіп. 
Өзің еккен ағаштан тұрған қандай, 
Көкшілтім алмаларын ырғап үзіп. 

Менің бабам бір өлген, жер деп өлген, 
Мен өнгем, топырақтан, жерден өнгем. 
Тәтті нәрсе бар ма екен дүниеде, 
Тоқымдай жеріңді ашып терлегеннен. 

Тағдырдың салғанына пенде мақұл, 
Көңілімді тоғайтты көмген асыл. 
Табанымның астында тұрғаныңмен, 
Сан мың жылғы тамырым сенде жәтір. 

Жер – менің, құт қазығым, түп тамырым, 
жер – менің жанашырым, күш, дарыным. 
Сені сүю – мендегі ұлы міндет, 
Арқамдағы тым ауыр жүк мағылұм! 

Сырласым, жұбанышым, досым да жер, 
Жат жылап, жақын жылап, досым көмер. 
Жер жайлы сан ғаламат хикаям бар, 
естігің келеді ғой? 
Осында кел! 

Жалығу 

Шаршадым өзімді өзім жұбатудан, 
Бір қайғыны бір қайғы қуа туған. 
Қайсы бірін таңдасам болар екен, 
Шұбарр ала жол жатыр шұбатылған. 

Шұбар жол – шұбар жылан шұбалаңқы, 
Кейбірі тұйықталған тік алаңқы. 
Алаңқының етегі асау өзен, 
Жағасында көп жеміс тұрар аңқып. 

Қызылқат, қарақат пен тошала өскен, 
Құлпырып тым Құдайы қошаметпен. 
Ақ үзікті Алтайым – ақ шаңқан үй, 
Шатқалын Шатыртастың босаға еткен. 

Сол тауды аңса мейлі, мейлі аңсама, 
Мендегі таудан асқақ ой қаншама. 
Қызыл-жасыл дүние жан жұбатпас, 
Қырқасында қырық күн той болса да. 

Боз далада мен мінсем боз атыма, 
Аздап ұқсай бастаймын қазақыға. 
Өлеңнің құдіреті дегейсіздер, 
Өртеніп өліп кетсем өз отыма. 

Досым 

О менің жалғыздығым – жан серігім, 
Заулап қайда барасың сал-сері күн? 
Менің қайғым – сырқаты Сарыарқаның, 
Егілген ежелгі Ертіс, қарт Еділім. 

Айтады о да ақылын, бұ да ақылын, 
Түсінбей кең даланың бір ақынын. 
Мен деген қош иіспін, туған жердің 
Жалғыз тал жусанынан шығатұғын. 

Дауылын дәуірінің елеместен, 
Жалғыз тал жусан едім бөлек өскен. 
Жұрттың бәрі кеткенде жүдеп-жадап, 
Жүрек жалғар сөз айтқан мен емес пе ем?! 

Жырымның шуағы – күн, қуаты – құм, 
Шындыққа ел сенеді тым ақырын. 
Жалғыздығым – ол менің ұлы досым, 
Өзгелерден бөлектеп тұратұғын. 

Т. Раушанұлы