Абзал Сүлеймен. "Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді..."

Абзал Сүлеймен. "Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді..."
Фото: Абзал Сүлеймен

Абзал Сүлеймен 1992 жылы 7 қазанда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласында туған. Азаматтық авиация академиясының Ұшатын аппараттар мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану факультетін тәмамдаған. Жас ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

©mediakatalogas.lt

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ТҮСТЕР 

Тағы біз,
Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз, 
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы -
жел ізін салған көшеге...
Яки бір қыстың, 
Яки бір күздің 
салқыны кезеді, 
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді əлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді...
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді... 

©it.pngtree.com

ƏКЕ ӨЛТІРУ 

Қашан өткені де, 
Қалай өткені де белгісіз балалық шағымыз 
Бізді тапжылмай күткен туған жерде əкені еске алдық,
Лезде ұмытуға тырысып қайта.
Мəйітті жерлеушілердің ауаны тербеген күрсінісі,
Артында жылағандардың ауық-ауық дауысы - 
Бір сəт ауада қалқып...
Бір сəтке бəрі меңіреу күй кешіп,
Ештеңенің мəңгі еместігін түсінгендей.
Аяғымызды сүйретіп басамыз,
Құдды тек қозғалыс қана тірілтердей уақытты...
Оның соңғы сапарында желден жусан жапырылып,
Құйын топырақ көтерді.
Жерледік сосын біз оны,
Естеліктерімізбен бірге зіл батпан топырақ астына... 

©Baq.kz

ТҰМАН 

Қырау сояуын шаншып, гүл сабағын құрсауға алды,
Терезеден шыққан ыстық ауа -
Кеше де, 
Бүгін де қалаға жайылған тұманға сіңе береді, 
Сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға... 
Таксиде,
Үйде,
Дүкенде де радиодағы жүргізушінің дауысы естілді:
"Анасы баласын таба алмай қалды",
"Анасы баласын таба алмай қалды"... 
Қырау құрсауындағы гүлдің өлімі,
Тұман құрсауындағы қаланың ұйқысы,
Радиодағы диктордың дауысы - 
сіңе береді, сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға...

Т. Раушанұлы