- Негізгі бет
- Поэзия
- Абылайхан Мақсұтов: "Құбылысқа...
Абылайхан Мақсұтов: "Құбылысқа толы"- деп сіздің дәуір"
Бүгін Массагет порталы жас ақын Абылайхан Мақсұтовтың бір топ сиясы кеппеген өлеңдерін ұсынады.
Мақсұтов Абылайхан Берікұлы 1995 жылы 28 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Қадырқұл ауылында дүниеге келген.
***
Беу Астана! Ақ ордасы Қазақтың,
Зәулім-зәулім сарайларың ғажап тым.
Мұрыныма:
Исі аңқиды жұмақтың,
Құлағыма:
Үні естілед тозақтың.
Сылқым-өзен, жасыл желек, алап гүл,
Уақыт- қат, әр минутың санап дүр.
Абыройыңды асқақтатып Алты Алаш,
Алты құрлық аузын ашып қарап тұр!.
Жазың жайлы, қысың боран бұрқасын,
Шайыры көп болмысы ірі, тұрқы асыл.
Пір басына бір баспана таба алмай,
Пәтер іздеп жүрген шығар бір Қасым.
Беу, Астана! Сынығы едім асылдың,
Жалғасы едім Мұқағали, Қасымның.
Төлеген боп шалқып,тасып жүрем де,
Жүрегіме жүгін артам ғасырдың.
Мен де сені сағалармын тас қала,
Паналармын бермесеңде баспана.
Жоғалармын Есенғали секілді,
Құдай қырын қарады деп қасқаға.
***
Сен тұратын қалаға серт!
Сен жұтқан ауаға серт!
“Сені шексіз сүйемін!”, - деп айта аламын мен саған,
Мен дәруішпін ұжмақты аңсаған.
Сен жүрген көшелерге серт!
және сен серуендеген саябақтарға серт!
Сергіген субұрқақтарға да.
“Сені шексіз сүйемін!”, - деп айта аламын мен саған.
Мен дәруішпін ұжмақты аңсаған.
Көше шамдарына серт!
Шуақты күндеріме,
шұғылалы таңдарыма серт!
“Сені шексіз сүйемін”, - деп айта аламын мен саған.
Мен дәруішпін ұжмақты аңсаған.
Айтып жүрмін именбей.
Сені сүйемін және сен тұратын шаһарды,
Байтақ Қазақстанымды сүйгендей!
***
"Құбылысқа толы"- деп сіздің дәуір,
"Құбылысқа толы"- деп біздің дәуір.
Даурығамыз...Кәрі қыс.Айнала ақ қар,
Соңғы демі үзілді күздің де ауыр.
Күңіренген күпті өлең күз дегенің,
Күрең түсті бақтардан іздеп едім.
Күрсінемін,жабығып оңашада,
Күрең бақтан күлегеш қыз көремін.
Кесесінен тағдырдың у ұрттағам,
Көз алдымнан көшеді суыт ғалам.
Кер заманның ілесіп дүрмегіне,
Көп ішінен саяқсып,суып барам.
Құбылады, бұлтарып заман әлі,
Деп сөкпеңіз сіз мені "табалады".
Күллі жұрт гүл шоғын ұсынады,
Есенқұл да ортаға оралады.
Қыр астынан көрініп төбелері,
(жасарады дүние, көгереді.)
Светқали ағамнан сұраңыздар,
Тыныштықбек ағамыз не дер еді?!
***
Айтыңызшы, өтінемін, бір емін,
Дауасы жоқ дертімнің.
Күңіренген қобыз менің жүрегім,
Күйі болып шертілдің.
Қабағына мұң жастанып түнеген,
О, одан кім бақ тапты?
Сенсіз-ақ та бақытты өмір сүрер ем,
Өмір болса тәп-тәтті.
Қараңызшы, бара жатыр күн батып,
Соңғы өлеңі секілденіп ақынның.
Дүниені дүрліктіріп, шулатып,
Өзің жайлы өлең оқып отырмын.
Тәңір сыйы. Ыңыранған іңірде,
О, Мұғжизам! Өлеңім!
Сөйлейді ол тек жүректің тілінде,
Түсінбейсің Сен оны.
***
Мен қайтейін шабыт-күлік тұсап қап,
(Алақанға қонар ма екен құс аппақ?!)
Гүл құшақтап бара жатыр бір сұлу,
Менің барлық арманымды құшақтап.
Жігіт шері бұдан қалай тарқамақ,
(Өмір деген арты құзбен, жарқабақ.)
Мұң арқалап бара жатыр бір ару,
Менің барлық мұңдарымды арқалап.
Өкінішпен назын айтып өткенге,
(Тура жолдан тайқып кеткен көп пенде.)
Құр қол қайтып бара жатыр бір жігіт,
Қалтасында бақыр тиын жоқ мендей.
Тас қаланың ғұрпы бөлек салты да,
Өрескелдеу заңы да ортақ жалпыға.
Жөпелдемде қағар ма деп жынымды,
Жәутең-жәутең қарап қоям артыма.
***
"Ұмыттырып барады күзде сені"
Нұрай Талап
Күз де сені барады ұмыттырып,
Қош айтыстым мен іштей тынып тұрып.
Бозбала едім желіккен желсіз түнде,
Боздалада боз айғыр күлік мініп.
Естіледі іргемнен іңір әні,
Жанды елітіп ырғағы құбылады.
Қалтырайды бейкүнә жапырақтар
(Жазира жазым қайда шұғылалы?!)
Орал таудың басынан көшеді бұлт,
Бозінген боздады аспан кеше егіліп.
Біз екеуміз кетіп ек хат алыспай,
Білте шамдай кеудемнен өшеді үміт.
Күзде сені барады ұмыттырып,
Қош айтыстым мен іштей тынып тұрып.
Бозбала едім желіккен желсіз түнде,
Боздалада боз айғыр күлік мініп.
Жанарымнан жалғанды таса қылмай,
Қадамымды бажайлап басамын жәй.
Құлазып отырамын оңашада,
Қаусаған шалға айттырған жас арудай.
***
Бір жағымда дәл өзімдей аңғалдар,
Бір жағымда кіл азулы арландар,
Бір жағымда сұлу қыздар, армандар,
Көп тобырдың ортасында жүрмін Мен.
О, қадірлім! Жүрек мұңын тыңдар ма ең?
Дәмдес болдым қулар менде сұмдармен.
Қылуетке ұмтыламын ақын боп,
Бақсылардай тілдесетін жындармен.
Бір жағымда бетперделі арлы дүр,
(Жалған дүние қылады екен жанды ығыр.)
Көре тұра оспадарлау қылығың,
Жүрегімде жақсылықтар жарды бүр.
Бір жағымда өңшең дінсіз күмәншіл,
Бір жағымда өңшең діншіл құраншыл,
Бір жағымда дабырашыл, ұраншыл,
Көп тобырдың ортасында жүрмін Мен.
Ит тірлікке көндіге алмай...
Жерімей
Ай астында жортып жүрмін бөрідей
***
Сені бәрі: "ибалы, келісті өңі,
қарындасы"-дейді ғой періштенің.
Қылықтым-ау,сен бірақ өкпелеме,
Періштелер жерде емес көкте неге?
Қарайтындай көрікті жан қызыға,
Енді бірі теңейді Хор қызыңа.
Хор қызы ма?
О да жоқ тіршілікте,
Томсырайып отырам күрсініп тек.
"Ай"-деді жұрт...
Бос сөзге тағы алдандың,
Күнәсі көп тілінде адамдардың.
***
Айсұлу қыз шығып кетті тұрмысқа,
Қыз дәурені болды,– дейді ел – тым қысқа.
Ел айтады, неге айтады ұқпаймын,
Бойжеткен қыз теңін тапса қылмыс па?
Сері біткен қызығатын жан еді,
Өзі сұлу, жүрісі де паң еді !
Құрбылардың ортасында сәні еді,
Жарасымды шыт көйлегі әдемі.
Сол сылқымға ғашық болып бір ағам,
Өмір жолы, – дейді — соқпақ,бұралаң.
Ара-тұра ақтаратын сырларын,
Ауық-ауық ұрттағанда сырадан.
Кейінгі кез томаға тұйық боп алды,
Жұбатамын болмысы ірі ағамды.
Сезімі жоқ аруларды аяймын,
Аяймын мен жүрегі жоқ адамды.
Қыз дәурені болды, – дейді – ел тым қысқа.
Бойжеткен қыз теңін тапса қылмыс па?
Сүйіндіріп, күйіндіріп ағамды,
Айсұлу қыз шығып кетті тұрмысқа...
***
Мен шексіз кеңістікті сүйемін...
Сүйемін оны көретін көзіңді.
Жаным сүйіп тозақ отына да күйемін,
Сүйгендей өзіңді.
Ерке Жайық кейде жылап ағады,
Сенің жанарыңнан тамған жас секілді.
Жылап ағады,үнсіз тына қалады,
Иығынан қиянатпен қиылған бас секілді.
Қиянатты әсте түсінбейді жұрт,
(Көкірегіне көп мұң ұялап.)
"Сүймеймін"-десін ішің мейлі...
Құп.
Мен үшін сол қиянат.
***
Ай сылбыр, жұлдызды аспан, түн жарық,
Қараша ауыл қарашықта қалғиды.
Ажалға да күліп қарар бұл халық,
Арты соқпақ, алды өмірдің жар дейді.
Ұйқыдағы ел мехнатқа көнді көп,
Біздің жұртты қуаңшылық жұтатқан.
Ерте,ерте,ерте де жұт болды деп,
Бала кезде оқып едім кітаптан.
Қой құндыз боп, қадір қашқан заманнан,
Жауыр болғам. Көзімнің алды сұр тұман.
Өсиеті әдіра қалған бабамнан,
Қасиеті жоқ жылқыдан.
Самиян сары даламнан,
Дегдар да өткен дүр де өткен.
Мен де жүрмін дүрия дәурен дүрмекпен.
Өңімде ылғи құлазыған қу тақыр,
Ал түсімде жасыл жайлау, гүл көктем.
"Елім-айлап" зар жылаған қандасым,
Қасіреті қара жерді түнде өпкен.
Әруейі шандоз шалдардың,
Қызы-бәңгі,ұлы-әңгі.
Жұрт тынышта "Елім-ай ды"салған кім,
Мен салмадым бұл әнді.
"Алаң да алаң,алаң жұрт".
***
Дала төсінде зәу биіктерден құлады жаңбыр жас болып,
Қабағың шытып түнерді бір сәт Тайпақтың асқақ аспаны.
Жауады жаңбыр... Құдайға жетіп гүлдердің мұңлы, зарлы әні,
Жауады жаңбыр... Ол дегеніңіз адасқақ түздің арманы.
Күркіреп көкте, үн қатып өктем, көшеді бұлттар дүркіреп.
Шөліркеп тұрған қара ағаштардың қайғысын еппен сілкімек.
Ықтасын іздеп, бәйек боп құстар, қуарған жерге қақ тұрды.
Жасарып өңі көк теректердің, кешегі солғын бақ нұрлы.
(Тұнжырап тынып сәнбі талдарда тәжікелесіп жаңбырмен,
Қаһарын төксе осал жандарға... Опасыз тағдыр ма ең?)
Көгерсе дала ырысы төлдің, шалғында құлын жүр ойнап,
Жаратылысынан несібін сірә, бұлдаса Құдай... Құдай ма?..