- Негізгі бет
- Поэзия
- Абылайхан Мақсұтов: "Жұлдыздардың...
Абылайхан Мақсұтов: "Жұлдыздардың жаназасын түн оқып..."
Мақсұтов Абылайхан Берікұлы 1995 жылы 28 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Қадырқұл ауылында дүниеге келген.
Сәт
Орал шәрі. Аспанында
Сұрша бұлттар соқтығысып.
Жаңбыр жауды қас-қағымда,
Сағынышпен көкті құшып.
Көшеді бұлт. Жосып құрбым,
Елеңдеймін тағдырыма.
Жон-арқамды тосып тұрмын,
Күздің суық жаңбырына.
Қоңыр итім қоңыр күзде,
Бүрсеңдейді ықтасында.
Мың құбылған көңіл түзде,
Шарасызбын нық басуға.
Шөбін жейді сәдөктегі,
Торы бие, торы құлын.
Жалған дүние. Бәрі өтпелі,
Жөн емес-ау торығуым.
Бесін ауып, екінді еніп,
Сары түсте атырап бар.
Менің жаным секілденіп,
Қалтырайды жапырақтар.
Торығу
Ібілістер көшкен шақта іңірде,
Аят оқып отырамын күбірлеп.
Отырамын кеудемді зіл мұң басып,
Күлік ойлар құлдыраңдап қырға асып.
Ертеңді ойлап, үңілемін өткенге,
Өскен ұл ем құба жонда, көк белде.
Оңашада түседі еске Махамбет,
Басы кеткен "қабырғалы ел, Отан!" деп.
Басы кетті... Бас ауыртып ел, не қылсын,
(Мен де басты ауыртпайын о, құрсын!)
Кешір, баба!
Біздің Отан, біздің жұрт,
Қаныңды ылғи қайнатады қыз-қыз ғып.
(Біздің Отан!
Шибөрілер апаны,
Біздің Отан!
Шибөрілер Отаны...)
Айласы көп, азғыра алмас Түлен де,
Не бір теңеу жарасады бұл елге.
Не дейін? Қайырлы болсын біздерге,
Сізден бір қалған есіл жұрт.
***
Сәулесіндей жұлдыздың, түнге сіңіп жоқ болған,
Сол түні сен келмедің... Менен асқан жоқ ғәріп,
"Сүйемін" деп айтуға талай рет оқталғам,
Жалын шарпып жанымды, жүрегімді шоқ қарып,
Телміремін жолыңа... Айдың нұры бозамық,
Нарттай қызыл реңім, шүберектей бозарып.
Телміремін жолыңа...Тас төбемде толғанда Ай,
Жер дөңгелек... Рас, бірақ... Ақын неткен сормаңдай?!
Тоғыспаған тағдырлар тарам-тарам жолдардай...
Жылдар салып араға жолығыстық көшеден,
Тағы қандай сыйың бар, менің "жомарт" пешенем?
Жәуміт жанар жәудіреп, жаным аласұруда,
Бәз-баяғы қалпында...
Қою қара бұрым да.
Жылулығы әлемнің – сенің жымиғаныңда,
Сұлулығы әлемнің – сенің қарашығында...
***
Көздер өзара түйіскенді жақсы көреді,
Кездер от еріндермен сүйіскенді жақсы көреді.
Сен менсіз қалада өмір сүргенді қалайсың,
Мен сенсіз қалада өмір сүргенді қалаймын.
Сен махаббаттың жалыны шарпып, ессіз арбасқанды қалайсың,
Мен нән қалада сені іздеп адасқанды қалаймын.
Сен жасыра алмайсың сағынғаныңды,
Мен жасыра алмаймын сағынышыңа табынғанымды.
Сен бұлт арасынан көрінген күннің жарығы сынды,
Мен о, неге саған құштармын?
Сен сартап сағынышыңды,
Қанатына жаз құстардың.
Күрсінбеші
Ол күрсінсе күрсінеді қара аспан,
Таулардың да сілкінеді сілемі.
Жапырақтар үзіліп кеп ағаштан,
Қара жерді төсеніш қып түнеді.
Ол күрсінсе күрсінеді құрлықтар,
Буырқанып дөңбекшиді көк теңіз.
Ол жыласа жанынан көп мұңлықтар,
Бір сұрапыл жыр оқымай өтпеңіз.
Ол күрсінсе күрсінеді жұлдыздар,
Тас төбемде жанатұғын түн маздап.
Айдан сұлу, айпара аппақ бір қыз бар,
Тағдыр оның маңдайына мұң жазбақ.
Ол күрсінсе күллі ғалам күрсінер,
Соқтығысып көкте бұлттар жосылып,
Ақын жаны бәрін көріп түршігер,
Ал кейіннен бірге жылар қосылып.
Күрсінбеші...
Қоштасу жыры
Оңай деймісің, қарағым...
Ауасын жұту сен жүрген күңгірт қаланың.
Көзімнің алды бұлыңғыр әлем, көк тұман,
Әлдекімдерге ілесіп кетіп барамын.
Ілесіп барам жігерімді дүр құм қылып,
(Бұлт арасынан миығынан күлді Күн бұғып.)
Мұңайды бірге Ақтөбенің асқақ аспаны,
Қарашықтағы айтылмай қалған сырды ұғып.
Сен бір серінің, мен бір перінің соры ма ем?
Мойынсұнғанбыз...
Жазымышқа да көніп ек.
Дәруішің ем ел кезген...
Кеттім...
Қош, қалқам!
Жүйіткіген жүрдек отарбалардың жолымен.
***
Беу, бейкүнә көгершін...
Сен де мені өзіңе дос көрерсің.
Мен де сендей бейбақпын,
Әбеқоңыр тірлігі бар адамда,
жемнен басқа не болсын.
Шандоз құсы Тәңірдің...
Жатырқама, мен де саған бауырмын.
Әдетіңді қойшы, жаным үргедек,
Зияным жоқ...
Мен ағымнан жарылдым.
Беу, Құдайдың еркесі...
Саған мекен анау аспан, жер төсі.
Бейбітшілік, тыныштықты сүйесің,
Мен де сүйем...
Бұза алмаймын! Бұзбаймын.
Серт осы!..
Түнгі толғаныс
Қазір түн. Дала сұлық,
Жап-жарық аспандағы Ай.
Отырмын аласұрып,
Жүзімнен қашқан арай.
Төбемнен жұлдыз ақты,
Құлдилау қыйын ба екен?
Жердегі қай бейбақтың,
Ғұмыры қиылды екен?
Тұңжырап, түрімде мұң,
Ажалға обалы деп,
Мен іштей күбірледім:
"Жұлдызым жоғары" деп...
Қазір түн. Дала сұлық,
Жап-жарық аспандағы Ай.
Отырмын аласұрып,
Жүзімнен қашқан арай.
Көшеде назданған үн,
О, жастық кескіні еді.
Бойжеткен, бозбаланың,
Күлкісі естіледі.
Күмән
Жұлдыздардың жаназасын түн оқып,
Қарашықта көшті ғалам дүр етіп.
Тереземнен телміреді Ай, Шолпан,
Сіңілісін құшағына түнетіп.
Желтоқсанның түні неткен ызғарлы,
Өткенді ойлап қамығамыз біз де әлгі.
Сұлу еді шоқ жұлдыздар!
Аяймын,
аяймын мен және сұлу қыздарды.
Әжем жатыр хәл үстінде... пеш түбі
ауық-ауық есіне алып ескіні.
Сиреген соң шер тарқасар қатары,
Қалмағандай, қалмағандай ешкімі.
Қарғап-қарғап алады да Құдайды,
Жалбарынып кешірімін сұрайды.
"Таң атады, кеш батады – бір өмір",
Әуеніне салады ылғи былайғы.
Төсегінде дөңбекшейді аһ ұрып,
Немересін әлсін-әлсін шақырып.
Ертең бе?
Ертең... Басталады өліара,
Не болады?
Не болады ақыры?..