8 наурыз... Пенелопа екеуміз...

8 наурыз... Пенелопа екеуміз...

Қазақ қоғамында өмірін өлеңге арнаған ақын әйелдер аз емес. 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар әйел ақындарымыздың өлеңдерін ұсынамыз.

Фариза Оңғарсынова

Мен саған ғашық емес ем
 
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
"Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой",-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым."Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой",-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,"бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой",-демесең,
мен саған ғашық емес ем.

Күләш Ахметова

***
 
“Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,
Кезігіп қала берем бірдей сізге?
Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,
Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?
 
Қағылуы махаббат қанатының,
Жаныңызға жабырқап баратыным.
Байқалмай ма сізге осы,
Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.
 
Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп
Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?
Өртенемін жаныма жалын кіріп,
Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..
 
Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,
Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.
Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,
Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…”

Қанипа Бұғыбаева

***
Сол күндерді есіме шын сақтап ем,
Сол күндерге сонау айрық жол куә.
Жырларымды оқушы едім жатқа мен,
Сенің, жаным, жатып алып алдыңа.
Сол күндердің тастапты еске бір күні із,
Сол күндермен бізге қайда табыспақ.
Өзен болып ашық мөлдір күлкіміз,
Бір ағынмен кетіп қалған алыстап!
Жүрегіме жағып сезім отын бір,
Жанарымнан сонда жалғыз жас тамды.
Өз алдыңда жатып едім оқып жыр,
Қыз кеудеме жамылып ап аспанды!..
Бізге ол күн қайта соғып, жолықпас,
Ол күн орнын жүректен тек тапты шын.
Жатқам ұзақ өз-өзіме болып мас,
Бір бақыттың ұстай алмай ақ құсын.
Сенде де өзге,
Менде де өзге тіршілік,
Күнә қазір төске жалғыз жас таму.
Теңіздей бір кеме тосқан күрсініп,
Сол күндерді бақыт боп жүр еске алу.
Сол күндерді еске ұмытпай сақтап ем,
Сол күндерге арқау болған ән-жырым.
Айта алмағам бірақ сонда жатқа мен,
Бізге деген келер жолдың тағдырын...

Марфуға Айтқожина

Раушан
 
Сыйладың аттанарда раушан гүлін,
Қалай айтып әсерін тауысам бұның.
Қараған сайын тағы толғандырып,
Жаныңның еске салар жайсаңдығын.
Аумайды екен гүлінен Алматының,
Қуандым мен,
Қалды өкпем,
Қалды ашуым...
Гүлің түр терезеде үлбіреген,
Жақсы әнінің тілегендей жалғасуын...
Біреу шоқтай қызыл алаулаған,
Оның талай айтары бар-ау, маған.
Біреу ақша бұлттай нәзік, ұлпа,
Ғашықтың жүрегіндей жалаулаған.
Біреу шыққан күндей қызыл күрең,
Ақынның жүрегіндей қызу білем.
Ойлама, ұмытар деп, аяулы дос,
Жүрермін гүлден көріп жүзіңді мен.
Ақ гүлмен ырғалады жазық біткен,
Гүл сырын —
Тауыса да алман жазып тіптен.
Еске алып жүрермін мен бәріңді де,
Осынау, гүлге біткен нәзіктікпен.
Озар уақыт, тозар-ау, гүлдің өңі...
Өзгермей қалар адам, кім біледі.
Табиғаттың гүлдері ескіргенмен,
Гүл — көңілім жаңарып, үлбіреді!
Қашан да раушан гүлің сақталады,
Құлпырады, жанардай шоқтанады.
Көз алдыма келтіріп тұрар дәйім,
Өзіңді де, гүлдері көп даланы,
Серуен құрған жер еді, деп баяғы!..

Ханбибі Есенқарақызы

***

Уақытша сөндірулі бұл нөмір…
Уақытша қосылады. Бұл да өмір.
Бірде сөніп, бірде қайта жалғанар
Телефондай өтіп жатыр күллі өмір.
Түсінемін "Уақытша" тосамын,
Уақытша, бүгінгі күн қосағың…
Үкімет те уақытша сияқты,
Уақытша жиып алған жасағын.
Мына біреу – кісің шығар ұятты,
Түрлі әуенмен телефоны жылап тұр.
Әр қалтасы әр түрлі әуен ойнайтын
Оркестрдің дирижері сияқты.
Бұл ақылды телефонның күйі – осы,
Қажетсізден айырады жүйесін.
"Зонада жоқ!" дейді дауыс аржақтан
"Бұл өмірде жоқ" дейтіндей иесін.
Жұрттың бәрі соған қал тіреліп,
Қойшының да қалтасына жүр еніп.
Оқыс үннен үркіп қалған қойларға
"Маған ғой!" деп мақтаныпты шіреніп…
Жүрсе-дағы жайлауларды мекендеп,
Жаңалықтан құр қалмаған екен көп.
Қайран бабам – соткасы жоқ, соты жоқ,
Бұрын қалай өмір сүрді екен деп-
Ойланамын…

Ақұштап Бақтыгереева

Ақжелең

Бойжетіп бұрым талда өріп,
Сұлу бол көзді ұрлаған.
Аруда қандай бар көрік
Жайраңдап күліп тұрмаған.
 
Думанға, тойға сән беріп
"Ақкербез" әнін айтпаған.
Жігітте қанша бар көрік
"Ақжелең" күйін тартпаған.
 
Қыздырып текке денені
Күн-түні күтіп баптаған,
Жүйріктің қанша керегі,
Бәйгеде оза шаппаған.
 
Ағатын құздан құлап тым,
Кәусар деп суын мақтаған,
Қажеті қанша бұлақтың,
Шөлдеген адам таппаған.
 
Кімдерге қажет дана-би
Қамқоры досқа жетпеген,
Несіне керек сарай-үй
Ішінде бір той өтпеген.
 
Қырлардың қандай сәні бар
Көктемде гүлдер өспеген,
Жастықтың қандай мәні бар
Ақжелең дәурен кешпеген…

 

Гүлнәр Салықбай

Пенелопа екеуміз

Арманы өлмес, аз ғананың біріміз,
Айдың жарық,
Күннің ыстық түріміз.
Біреулерге өліден де өліміз,
Біреулерге тіріден де тіріміз —
Пенелопа екеуміз.
 
Батыр біткен қан майданда қырқысып,
Жан берісер тау жастанып, бұлт ішіп.
Біз күтеміз —
Жел аямай жұлқыған
Күзгі, соңғы жапырақтай тыртысып —
Пенелопа екеуміз.
 
Жүрек қана мекен етер сараймыз,
Һәм бақытты болуға да жараймыз.
Өкінбейміз өрмек тоқып отырып,
Өзгеге емес, терезеге қараймыз —
Пенелопа екеуміз.

Жанат Әскербекқызы

Қаңтардағы қармен әңгіме  
 
Тәкаппарсың.
Сұп-суықсың.
Әппақсың...
Әппақ болып аяқ асты жатпақсың.
Жерде жатып,
Көктен түскен қалпыңмен
Асқақ, әппақ болмысыңды сақтапсың...  
 
Қаңтар – тәнің, аяз – жаның, әппағым...
Сені іздеп жүр күміс тоғай бақта кім?!
Күміс күйме сыңғырына елітіп,
Мен де іздегем әлдекімді... таппадым.  
 
Ақ бораны сенделеді Арқаның...
Өзіңе де, өзіме де бар таңым.
Қаңтар бізді тастап кетер жұртына,
Сонда оны сүйемісің,
Қар-Ханым?!.

Жанна Елеусіз 

***

Халымды сұрамаңдар.
Жүрегімде белгісіз бір алаң бар!
Бір түсінсе, түсінер мені жалғыз –
қара жерге аспаннан құлаған Қар.
Сынамаңдар!
Азабына пейіштің шыдағам бар.
Алып-ұшып мен-дағы жетіп едім, –
Періштесіп мұнда да жүр адамдар...
Ұнамады.
Бұларың ұнамады.
Бақыттарың бар болсын – құрамалы...
Көктем сайын еритін мен бе десем...
Адамдардың екен ғой Күнәлары!
Қайғыларың Құдайдан үлкен бе еді?
(Құрсыншы... түртем нені...)
– Қарамын мен! Ағартшы...
– дей алатын
қарапайым сағындым бір Пендені! 

Т. Раушанұлы