Он төрт жас романтикасы

 Он төрт жас романтикасы

Қазақы тұрмыстың сұлу көріністерін, алғаусыз бала кездің махаббатын, ең алғашқы іңкәрлікті, тұп-тұнық тұмадай сезімді, ізгілік атаулыны асқан сезімталдықпен, нәзік дірілмен сурет қылып бере алатын бір ақын бар. Ол ақын - Жақсылық Қазымұратұлы. Өлең өлкесіне өзіндік өрнек салып, жастар поэзиясының көш басында келе жатқан  жас тарланның бірнеше өлеңі ұсынылып отыр.

ҚАРАЛА СЫРМАҚ

Көңілімнен айығар сырғақ-күдік,

Бала күнді толғансам жырлап тұнық.

Анам сонда жүретін тым асығып,

Ою салып өрнектеп сырмақ тігіп.

Балалықтың аңсадым құлынды әнін,

Қайда қалдың?!Тым тентек жұлынған үн.

«Келіншек алып берем»-дейтін анам,

«Қайтесің?»-деп сұрасам «мұның бәрін».

Армандаумен өткеріп таңды кілең,

Бір қиял көкірегімде жанды білем.

«Келіншек алу үшін»-деп ойладым,

Өрнекті сырмақ керек алдыменен.

Бәрі де сақталыпты есте берік,

Сырмақтар тігілген соң кестеленіп.

«Көршінің кенже қызын алып бер»-деп

Қиғылық салдым бір күн кешке келіп.

 Шағым ол ойламайтын тереңдей тым,

Қайғының сезінбеген керең кейпін.

Үйіне барсам ылғи әкесі де,

«Қызымды саған ғана берем»-дейтін

Гүл-балалық құшағын тұрады ашып,

Естуге шат күлкіні құлақ асық.

Әйтеу бір жалған-шынын біле алмадым,

Анашым келді бір күн құдаласып.

Қуаныш үн көңілді көреді асқақ,

Енді бәрін көзіммен өтем жасқап.

Жүрдім сосын сыртынан иемденіп,

Ауылда жігіт те жоқ бөтен-бастақ.

Елітіп жастығымның күй ырғағы

Аңсадым арман жолын қиырдағы.

Тігіліп қанша сырмақ бітседағы

Қайтейін көрші қыз да бұйырмады.

 Малданып белең берген жырға қылаң,

Кеудемде шертілгенмен сырғалым ән.

«Олжасыз» барғанымда анашым-ау,

Ұялам сол қарала сырмағыңнан.

 

 ОН ТӨРТ ЖАС РОМАНТИКАСЫ

 Тентек  жылдың тебінді көр текпегін,

Бара жатыр жүректі өртеп тебін,

Саған алғаш кезімде ынталанған,

Сен он үште, мен онда он төртте едім.

Секілденіп қимылың бірден елік,

Жас көңілді арбайтын гүлге жерік.

Ауылымыз көрші еді, оқуға біз,

Бірге барып жүруші ек бірге келіп.

 Көктем еді, көктемнің оран гүлін,

Арасында соқпақ жол тораңғының,

Есіңде ме екеуміз адасып ек,

Алай-дүлей ұйтқыған боранды күн.

Көңіліңе қорқыныш тасқын енді,

Боталанып жанарың жас тіленді.

Үрейленіп ойпыр-ау дейсің сонда -

«Жейтін болды біздерді қасқыр енді».

 Бола білдім жүректі, төзімдірек,

Құлағымда өтінген сөзің жібек.

«Шаршап біттім» дедің де «арқалап ал»,

Мойыныма арттың, о, ғажап, өзің білек.

Болып бір сәт сезімге «қалқа» қарық,

Ынтызарлық көңілім тарқап анық.

Қандай бақыт таң атпай түн ұзарып,

Жүре берсем әлдилеп арқаға алып.

 Балалықтың ұшқанда қолдан бағы,

Сағыныштың кеудемде толғанды әні.

Армансыз ем адасып жүре берсем,

Сені арқалап жол таппай сол маңда әлі.

Сурет: snowygirl.beon.ru

Л. Лига