Бүгін қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың туған күні. Осы орайда Массагет порталы ақынның жастарға жігер беретін топтама өлеңін ұсынады.
Мұхтар Шаханов - 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. . Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған.
Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының "Түрік дүниесіне қызметі үшін" халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық "Руханият", түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің "Шахрияр", ЮНЕСКО-ның "Боорукер" клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы "Жазагер жады космоформуласы" шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін" медальдарымен марапатталған.
Жігерлендіру
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп,
Жұртқа еткен жақсылығың.
Сен жыладың,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма,
Қарау керек, бауырым, саған алға,
Басыңдағы бөрік пе, орамал ма?!
Көтер қане басыңды, қалай бұның?!
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?!
Көтер қане басыңды!
Күніңді босқа өткізіп пе едің?
Тағдыр неге сыр айтты сары-ау,
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық - деп кім айтты саған?!
Кім айтты саға?!
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақ көйлек кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш қайтадан гүлдемейді деп.
Кім айтты саған?!
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды, асылды қорлатпайды деп.
Қиналып бекер алаңдадың-ау,
Ойыңды шығар өріске!
Өзің-ақ айтшы, ғаламда мынау,
Жетудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді,
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес, ендеше.
Еркектер жыры
...Біздің тауда қанатына қаңғырған бір оқ тиіп,
Ата қыран ұясында тартып жатты көп күйік.
Кей кездері ызадан жарылардай
Дөңбекшіді ол қорлыққа бағына алмай.
Бала қыран күндікке тауды кезіп,
Жем тасыды ұяға жаны қалмай.
Ата қыран перзентінің қамқорлығын құп алып,
Шүкіршілік етті іштей қуанып.
Ол ойлады: "Ұзақ қайғы бола қоймас бұл аса,
Құлан таза сауығамын, тағы екі-үш ай шыдасам".
Бірақ бір күн бала қыран оған былай тіл қатты:
"Баға жетпес асылымсың, ардағымсың, қымбатты.
Әбден қажып сорладың-ау, жүдедің-ау тым қатты.
Есіме алсам баяғы шат күндеріңді еңселі,
Жаным жылап аяп кетем, аяп кетем мен сені!"
- Тоқтат! - деді ата қыран қалш-қалш етіп долданып,
Бекер жатқан екенмін ғой, ұлым бар деп малданып.
Көкірегін бір алапат ыза буып алды да,
Ұясының аузына әрең жүріп барды да,
Жан шошытар жалтыр құздан құлап өлді табанда
Қалқам!
Ерлік даңқы қанат жайған мына ұлы заманда
Мүсіркеу сөз есітуден өлім жеңіл маған да!!!
Арман
Ерте, ерте, ертеде Отырарда,
Біздің іңкәр өлкеде,
Иық бұрмай тек білімнен басқаға
Қатар өсті екі бірдей жас бала.
Қатар жүріп сан өнерге машықты,
Бірге оқыды, бірге ойнады асықты.
Екеуіне назар бұрды ел ерек,
Өйткені олар дарынды еді керемет.
"Таңдайымыз өрісті оймен татымақ",
Деп қуана езу тартты атырап,
Ал дарындар медресені тауысты
Он екіге жасы ілікпей жатып-ақ.
Сыбағасын тағдыр дара бөлгендей,
Өсе берді төске шауып, төрге өрлей,
Екеуіне қараған жұрт сүйсінді,
Отырардың болашағын көргендей
Отырарда жаны жайқын дария,
Ойы безбен бар еді бір қария.
Сол қария бір күні екі шәкіртті,
Қүрметпенен өз үйіне шақыртты;
- Балақайлар, балапандар, көк өрім,
Сендерге бір сауал қойсам деп едім,
Туған жан деп өнерімен, өртімен
Екеуіңді сөз етіп жүр ел түгел.
Мен де танып білсем деп ем, Кімсіңдер?
Қандай арман жетегінде жүрсіңдер,
Қандай бағыт ұстайсыңдар түбінде,
Сонша неге құштарсыңдар білімге?
Қане, Дойыл, сен айтшы? Дойыл айтты:
- Жалғыз арман бар менде,
Шектесетін қулықпен де, ар мен де.
Жалын иі ашса өнерімнің өрнегі
Сонау Йемен, Мысыр, Бағдад елдері
Түгел танып жыр ететін тандана,
Саудагер боп шықсам деймін, жан баба.
Тірлігімде жабырқамай, жасымай,
Ата жолын қусам деймін осылай.
Бой шалдырмай бос мақтан мен өсекке
Өмірімді құрсам деймін есепке.
Ұтыласың, жебемесе желекті ой,
Бұл өнердің табиғаты ерек қой.
Қаншама елмен сауда-саттық жасауға
Соншама елдің тілін білу керек қой
Табу үшін жұрт таппаған айланы,
Көру үшін жұрт көрмеғен пайданы,
Шығу үшін жұрт шықпаған белеске,
Жұрттан асқан білім керек емес пе?
Тілін тапсаң кім созбайды қол ұшын,
Өнер қажет, білім қажет сол үшін.
Қарт күрсінді:
- Ұлым, желік қуыпсың!
Неге мұнша желтоқсандай суықсың?
Барымызға туған дарын болар деп
Қуанып ем,
Сорымызға туыпсың.
Сор боларсың, одан не мән табарсың,
Арманыңды, бәлкім, қайта қарарсың?
Бірақ Дойыл тұрып алды паңдана:
- Арманымды өзгерте алман, жан баба!
- Ал сен қалай бағыттадың нұрыңды,
Жасырмай айт,
Жасқанбай айт сырыңды -
деп қария Дойылмен бір отырған
Ұяң шәкірт жас Әбуге бұрылды.
Әбу айтты:
- Менде де бар бір арман,
Маздап жанып, қол бұлғайтын шынардан.
Ұлы баба, бірақ менің арманым
Парыз бенен махаббаттан құралған.
Шамын жақсам ғылым менен өнердің,
Елімді зор мерекеге бөлермін.
Бұл сапарым азапты да шығар-ау,
Не де болса пешенемнен көрермін.
Мейлі мәңгі жарымайын киімге,
Мейлі түйір нан қалмасын үйімде,
Мейлі ұлының еңбек етіп арымен
Жүргендігін ұғынбасын қалың ел.
Қарлы боран қыран жолын бөгер ме?!
Өнеріммен тасып толам кемерге.
Мен өзіме риза емеспін, елімнің
Сүйеніші бола алмасам егер де.
Қарт жымиды:
- Бәрекелде, жаз жайраң!
Көл болмаса тояттайды қаз қайдан?!
Біреуіңнің арманыңнан шошып ем,
Бірің, міне, еттің лезде мәз-мейрам.
Бірің үшін күрсінумен өтермін,
Бірің үшін сүйсінумен өтермін,
Сөйте-сөйте мен де өмірден кетермін.
Беттеріңнен жарылқасын, тәңірім,
Ал жарайды, батам осы, барыңдар,
Отырарда туған ұлы дарындар!
Әжуасын әжіміне жасырып,
Жылдар ақты,
Жылдар ақты асығып,
Жалын еді-ау арманы айқын,
өр көңіл,
Екі досты екі арнаға бөлді өмір.
Дойыл солай өзгертпеді шешімін,
Дәулет оған жылдам ашты есігін.
Өнері асқан саудагердің көп өтпей
Бағдад, Мысыр түгел білді есімін.
"Есепсіздің несібесі озар ма?"
Әйелін де баулыды ол со заңға,
Қонаққа арнап асылатын етті де
Өзі салып беріп жүрді қазанға.
Тек байлыққа деген жұтаң сараңдық
Жіберді оның бар өнерін қараң ғып.
Міне осылай жазық дарын, жас тұлға
Ұшырады әбілетті тозғынға.
Саудагерді өзге түгіл өзінің
Ұрпақтары кетті ұмытып аз жылда.
Ал Әбу ше?
Кеңге жайды ол қанатын,
Әбуіміз - әрі ғалым, әрі ақын,
Әбуіміз - біздің ұлы бабамыз
Әбу-Насыр әл-Фараби болатын.
МӘҢГІ ЛАУЛАП ЖАНУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН БАҚЫТ ТАБУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН АРМАН КЕРЕК ЕКЕН АДАМҒА.
Ұшақ үстіндегі ой
Шаңқай түсте,
Яки нұрлы ақ таңда,
Нән ұшақпен самғап бара жатқанда,
Көз салсаңыз төменге:
Біртегіс боп көрінеді жыралар,
Тереңінде жыланы бар ұралар,
Байқалмайды әжім-әжім қыраттар,
Қырат көзін жарып шыққан бұлақтар.
Бұққан сансыз құпиялы ойларға,
Біртегіс боп көрінеді сайлар да.
Біртегіс боп көрінеді
Қыр мұрынды қырқалар ала бөтен,
Сәулет беріп жатқандай далаға кең.
Сөйтсем, мына қашықтық қанша сырды
Сырт көздерден бүркелеп қалады екен.
Мен де сенен көп мезгіл қашық жүріп,
Назарымды жан-жаққа шашып жүріп,
Байқамаппын жаныңның жыраларын,
Жылан бұққан зымыстан ұраларын.
О, тағдырым, Тірек бол тілегіме,
Сабырлы ойдың қашырма сұрқын тіптен,
Қас пен достың қажырлы жүрегіне
Тек жақыннан қарауға мүмкіндік бер!
Ал егер мен жақыннан қателессем,
Жақын келген бақытқа қуанбасам,
Жақын тұрған биікке шыға алмасам,
Жақын жүріп жауымды танымасам,
Жақын жүріп досымды ұға алмасам,
Өз қайғыммен өзімді жазалағын,
Онда менің өзіме - өз обалым!