Ислам Абдирахманов: "Әй, бауырым, қапаланба Мибулла"

 Ислам Абдирахманов: "Әй, бауырым, қапаланба Мибулла"
Фото: Ислам Абдирахманов

Жас ақын Ислам Абдирахманов Қабулұлының бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

***
Ай сәулесі қытықтап,тереземді,
Қалам ұшы тілгілеп түн түнегін.
Ой кермегі кептіріп кенеземді –
Ақ жаңбырдың күткендей,сіркіреуін..
 
Қыздиярлы бақтарда адасқанда,
Жол нұсқаған-екі айырық,күлдібадам.
Ыздияды жұлдыздар ,қара аспанда-
Айызымды қандырып күлдім оған.
 
Зәулім үйлер ұялып қарамайды,
Күнәліні көруші-Тәңір ғана.
Жамылғысын жел ашқан қарағайдың,
Көлеңкесі билейді қабырғада.
 
Жел сазына билейді,жапырағы,
Сөлекеттеу қимылы ербеңдейді,
Бір бозбала тамсанып отырады,
Бойжеткеннің көздері жер көрмейді.
 
Жапырақ-қыз биіңді тарту еттің,
Шашыңнан ай сәулесі төгіледі.
Өмір-деген ең әсем портреттің,
Обыр-уақыт жиегін кеміреді.
 
Ай тұмсығын жасырып маядай түн,
Таң уызын тамызды таңдайыма.
Күлімсіреп жанымды аялайтын,
Жаңғыз сәуле жығылды жар бойына
Жаңғыз сәуле тығылды тал бойына...

***
Бұл әуен есіме салады өткенді,
Ескі уақ,
Ескі үй.
Зарыға күттірген буалдыр үміттей көктемді.
Бозамық сәріде ең соңғы сілемі
Жылжыған тұмандай қаланың төсіне,
Ең соңғы шылымын тұтатып баратқан,
Маскүнем ақынды салады есіме..
Метро алдында Шәмшінің әндерін,
Шырқаумен күн кешкен.
Ғасырмен тілдескен,
Дорбасын асынған,
Тағдырға бас ұрған,
Қайыршы қария түседі есіме.
Көкекті-көшенің бойынан арылмас,
Ескі бір досымды,сағыныш сарындас
Көмескі-көрініс.
Сүреңсіз сәттерді.
Аяқсыз дастандай,
Баянсыз шағымдай-ол менің.
Ұзатып салған сол сұлуды,
Мен қайтып көрмедім.
Келмеді...
Құлаққа талықсып жетеді ән демі..

***
Ауада..Жапырақ исі аңқып,
Қалада..Құстардың шырылы,
Көшені самарқау күй шарпып,
Будақтап көк түтін шылымы.
жалбаңдап етегі жын қона,
қалбаңдап күн кешкен күң-қала,
қыңырға құт болмай бұ қала,
жұмырға жұқ болмай бұ қала,
Көңілі көлденең қиылып,
Сенімін діңкелеп дін-Баба,
Ұйлыққан қойдай бір,
Мұңдана.
Ананы ойлайды,
Мынаны ойлайды,
Қаланың құстары сайрайды-
сүйкімді аспанның гүлдері.
Әуезі көк төсін жайлайды,
Көшеді көліктер,
Еседі түн демі.
Мейірім лебі ескен-
Көктемді қарсы алып,
Алдымнан бір сұлу өткенде тамсанып,
Кеткенде томсарып-
Мен тұрмын...
 

***
Эx,Дориан!
Күлкісінен кептерлер үркіп қашқан,
Жамалынан мейірім әтірі аңқып.
Сұлулықтың сиқырын пір тұтпастан-
Дәуір көші келеді ақылы артық.
Екі қолың жуылған таң шығына,
Кәкір-шүкір дүниені мансұқ еткен
Кәкір-шүкір дүниенің қаншығына,
Зұлымдықтың қанжарын шаншып өткен.
Сұлулықтың қанжарын шаншып  өткен!
Қаншық иттің құйрығы бұраңдағыш,
Бұраңдағыш әрі олар сыр арбағыш.
Сен өлгенде жылайды бүкіл әйел
Жылай-жылай сарқылып жылауға күш.
Эx,Дориан!
Сұлулық Тәңірісі...
Тек сен емес,жеңілген ар сотынан,
Тек сен емес,жеңілген жан сотынан!
Жұлдыз жасын сығады,түн егіле,
Баянсыздау сілеме тағдырыңды.
Шаң тұныпты,тәкаппар гүл өңіңе-
Мөлдір шық шайып өтті,шаң ғұмырды.

Эx,Дориан!
Сұлулық Тәңірісі...

***
 
Рухымды сауықтыр,күлдір мама.
Жанарымды жарқылға суарайын,
Баладай-ақ қуансам,қуанайын.
 
Рухымды сауықтыр,алаңсыз көк.
Шомылайын періште дидарына,
Хақ сәулесі дарысын иманыма.
 
Рухымды сауықтыр,жал-жал толқын,
Мойының жар бермеген, қаның ба асау?
Ағат па,жағаңда аз-кем дамылдасам.
 
Рухымды сауықтыр,соқыр тұман.
Әуезін есіту үшін Жаратқанның,
Сырнай үніне елітумен таң атқын-ды.
 
Рухымды сауықтыр,ақсақ жауын.
Қара сұр бұлт қаптаған аспан маңын,
Құм күнәсін кешер ме тастанда ауыр?
 
Рухымды сауықтыр,ала құйын.
Жердің кірін үйіріп кіндігінен,
Елдің мұңын иіріп түндігінен.
 
Рухымды сауықтыр,қияқтай Ай.
Тамшы сәулең жібітіп ындынымды,
Сыбдырыңды естиін гүл дірілді..
 
Сауықтыр рухымды!    
 
 Жұбату
 
Үшбу дүние жүрегінің дүрсілі,
Жар мен толқын тоғысқанда толқиды,
Сеніміңнің секем бұзып тұмсығын,
Ойкөзерің сансыраса сан қилы,
Әй,досым,сен қапаланба Мибулла!
 
Перизаттың сыңғыра да алдамшы,
Кәнизактың шындығы да өтірік,
Кемпарықтың күңкілі де жалғаншы,
Жер-тамұқтың кетеуі тұр кетіліп.
 
Зәдің - асыл,жадың - көне көк кітап,
"кеуілжірім кесілді"-деп зарықпа!
Таңғы аянда қорқау көрсең от тұтат,
Сұр шағыл ит шәуілдесе қамықпа..
 
Әзиз жүзін есіңе алып анаңның,
Ауған жақта сарғайды ма,сары бел?
Сағыныштың сазын естіп тоналдың,
Атаң жүр ме,кирелеңдеп кәрі белі?
 
Құба-жонда құбылды ма,тал-Дарақ?
Самал желден саулығыңды сұраумен..
Жамалынан лағыл жасы сорғалап,
Гөзел жүр ме,іштен тынып жылаумен?
 
Гүлдей-нәзік,беті - нарттай қырмызы,
Хиуа - шекер,
Үнді балы,
Күн қызы,
Демі - гауһар,айдай көркем Үр қызы,
ғашығыңмен қауышарсың,Мибулла!
 
Кәні арылшы,жанды жеген құса ойдан,
Күрметіліп тілге келер күләйлан,
Шырматылып дінге көнер пүшәйман,
Ақиқаттың ақ сәулесі - Құдайдан,
Әй,бауырым,қапаланба Мибулла!

 ***
Қаракөлеңке мезгілде
 
Үйді іргелей - инемен тепшіп шыққан,
сұрғылт жолақ жатыр;
Шатырдан сорғалаған шық тамшылары...,
бейне бір жоқтан ыршып шыққан сәуледей,
Немесе физикалық секірістердің нәтижесі.
 
Буржуазиялық ұстанымдағы қала тынысы;
Тежеуіштер сырылы мен автомобильдер дыбысы-
Құлағын сарсытқан тамшы-су ағар бойымен,
Өте баяу сырғыды..
 
Дімкәс жүрегін - қоңылтақсу сезімі кернеп,
қанша аязды аңсасын,
қанша буға айналсын,
қайталамағы бір тағдыр екеніне көндікті.
 
Бойкүйездіктен арылып,шапшаң сырғи жөнелді,
Жан азабы сіңіп қалған - қабырғаны жорғалай,
қапас сыртындағы әлемге төнгісі келіп,
қапас сыртындағы әлемді көргісі келіп.
 
Аңсау
 
Көктем исі аңқыған гүл шоғындай,
Кең дүние көркем еді,бала кезде,
Көңіл қалып күмәннің құрсауында,
Күдік жеңіп телмірдім қара көзге.
 
Қара көз.
Қара нүкте.
Қара көрім.
Тұтқыны жердегі өмір-абақтының,
Темір тордың есігін қағады өлім-
Деміңнен үзілгенде сағат тілі.
 
Жан қамалған - тәнімнің түрмесіне,
Мұң қамалған - көзімнің мүрдесіне,
Жын ба қонған қанымның жүлгесіне?
Нәпсікеш ой айналды күндесіме.
 
Аятсызға ауа ма Хақ назары?
Елегізіп ессіздің кештім кейпін.
Бұ базар- азған жұрттың ақ базары,
"ардың аты - Адалдық"деп білмейтін.
 
Қара көзге үңілдім жорта күліп,
Сезімімді кетті ме ол қарғысқа орап?
Мезгіл құрғыр қалды ма қаңтарылып?
Жазмыш па жемтір-жемтір сарғыш парақ?

Т. Раушанұлы