"Ана тілім - Алашымның айбыны"

 "Ана тілім - Алашымның айбыны"

23 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдер күні меркесінің ашылу салтанатына орай студенттер арасында "Ана тілім - Алашымның айбыны" деген атпен жыр мүшәйрасы өтті.

Cағат 12.00-де басталып, қызықты думанға және ән-жырға жалғасқан шара 14.00-де марапаттау салтанатымен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет статусының ерекшелігі де сонда: "Ұлт" деген ұғымның көзге шоқтай, жүрекке ене батуында. Осындай қара шаңырақтың астында тілдің мерейін асқақтатып жыл сайын жалғасып келе жатқан бұл шараның берері мол екені шындық.

Мүшәйра іріктеу және қорытынды кезеңдерден тұрады. Сонымен қатар, сайысқа тек бірінші және екінші курс студенттері ғана қатыстырылды. Байқау ережесіне сай жас ақындар аталған тақырып бойынша өлеңдерін алдын-ала өткізуі керек болатын. Жыр мүшайрасының алғашқы кезеңі қыркүйек айының 20-да өткен болатын. Оған жиырма шақты өлеңдер қабылданып, соның он шақтысы осы сынға шыққан.

Студенттер арасында өткізіліп отырған шараға факультеттің деканы Гүлмира Қазыбек, ф.ғ.д, профессор Бердібай Шалабай, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі және ф.ғ.д, профессор Бағдан Момынова, тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Ноғайбаева, биылғы өткен мүшәйраның жеңімпаздары, жас ақындар Манас Қайыртайұлы мен Шерхан Талаптар қазылық етті.  

Қызыл тілдің темірін қызып тұрғанда соққан, өлеңнің сойылын жон арқадан таспадай тілгенше жүрекке шымырлатар жігер берген 1 және 2 курстың жас ақындары ана тілі туралы толғанбай бос жүрмегендігін дәлелдеді.

Мүшайра әсем әнмен, мың бұралған бимен және күмбір-күмбір күймен қызды.


Айтпақшы, мүшайраға қатысқан аға-әпкелеріне қолдау көрсеткен оқушылар да қара шаңырақтан өнер көрсетпей қайтпады.

Солардың бірі "Періште бала тілегі" әнін шырқаған 5 сынып оқушысы Бекхожина Дильнураның өнеріне тәнті болдық. 

Кеш соңында жеңімпаз ақындардың аттары белгілі болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мүшәйраның қорытындысы бойынша, Тұрсынбек Башар "Еңбекқор ақын" атына, Әлімжан Толқынай "Лирик ақын" атына, Алтыбаева Қатира "Тіл жанашыры" атына және Абылайхан Жасан "Отансүйгіш ақын" атына ие болды. Ал үшке бөлінген жүлделі үшінші орын Садық Ақботаға, Арман Биімбетовке және Жутаева Әселге бұйырды. Екіге бөлінген екінші орын Қалекесова Жансая мен Нысанбек Сәуленің еншісінде кетті. Ал бірінші орынға 1 курс студенті Жандарбек Жұмағұлов ие болды. 


Шараның шымылдығын осы мүшәйраның басты ұйымдастырушысы, әрі жетекшісі қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі және ф.ғ.д, профессор Бағдан Момынова жапты. 

Дайындаған және суретке түсірген: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан