Ыдыс-аяқ жуу, шынайы әңгіме, демеуші іздеу: әлеуметтік қызметкердің бір күні

Ыдыс-аяқ жуу, шынайы әңгіме, демеуші іздеу: әлеуметтік қызметкердің бір күні

Қазақстанда жалғызбасты әрі дәрменсіз жандар қалай өмір сүріп жатыр? Оларға кім азық-түлік сатып алады? Басқа да қажеттіліктерін кім төлейді және олардың үйін кім ретке келтіріп отыр? Мемлекет мұндай жандарға әлеуметтік қызметкердің қызметін ұсынады. Әлеуметтік қызметкердің бір күні қалай өтеді? Massaget.kz тілшісі материалында.

Жанна Нұрахметова

"Өмірін аз да болса жақсартсам деймін"

Жанна Нұрахметова әлеуметтік салада 2006 жылдан бері 20 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін ол саудамен айналысқан. Бірде адамдарға көмектескім келеді деген ұйғарымға келген.

"Мұнда бұл адамдарға керек екенімді сеземін, олардың өмірін аз да болса жақсартсам деймін", - деді ол.

Жанна жұмысын ювеналды бөлімнен бастаған, онда даму ерекшеліктері бар балаларға қоғамға бейімделуге көмектескен. Ал олардың ата-аналарына ерекше балаларға қалай дұрыс күтім жасау керек екенін айтып, психологиялық қолдау көрсеткен:

"Әртүрлі бала болды: үйрене алатындары да, қабілетсіздері де. Бірақ мұндай адамдармен жұмыс істей отырып, олардың мәселесін жүрекке қабылдамау мүмкін емес. Үнемі уайымдаудың салдарынан бір кезде денсаулығым сыр бере бастады, сөйтіп қарттарға қарайтын бөлімге ауыстым".

Жанна Нұрахметова тікелей лауазымдық міндеттерін орындаудан бөлек, өзі қарайтын қарттарды қолдауға тырысады. Оның қамқорлығында бүгінде төрт зейнеткер бар. Ол әрқайсына аптасына екі рет барады.

"Қайырлы таң, қаліңіз қалай?"

Жаннаның қамқорлығындағы қарттардың бірі - Александр Захаров.

Александр Захаров және әлеуметтік қызметкер Жанна Нұрахметова

10 жылдан аса уақыт бұрын ер адам аяғынан айырылған. Содан бері оның өмірі күрт өзгерді. Қазір ол 73-те. Денсаулығындағы мәселе мен тұрмыстық қиындықтардан бөлек, ол өз үйінің "тұтқынына айналған".

Александрдың тозығы жеткен үйінің кіреберісі опырылған. Ол үйге ауық-ауық келетіндер кіре алатындай етіп баспалдақ жасап қойған, бірақ ол өздігінен үйінен шыға алмайды.

"Жанна аптасына екі рет келеді, мені далаға шығарады, әйтпесе күні бойы қамалып отырамын. Бар қызығым - теледидар. Басқа ешкім де, ештеңе де жоқ", - дейді ер адам.

Үйдің екінші жартысында оның әпкесі тұрады екен, ол кейде Александрға көмектеседі, бірақ олардың арасындағы қарым-қатынас жақсы емес. Сондықтан, оның сөзінше, көп көмек сұрамауға тырысады.

Әлеуметтік қызметкер пандус орнататын демеуші табуға тырысқан, сонда ғана Александр өздігінен сыртқа шыға алады.

"Біздің міндеттеріміздің бірі - қарттарға көмектесу үшін демеуші табу. Әртүрлі ұйымдарға барып, Александрға пандус орнатуды сұрап, хаттар жаздым. Бірақ, өкінішке қарай, бәрі бас тартты", - деді Жанна.

Әлеуметтік қызметкер зейнеткерге 2,5 жылдан бері қамқорлық жасап келеді. Ол үй тазалап, терезелерді жуады, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алып келеді, бірақ тамақты Александрдың өзі дайындайды.

"Маған бір ғана нәрсе керек: әлеуметтік қызметкер маған бір аптаға жететін тамақ алып келсе болғаны. Өзім борщ, котлет, палау жасай аламын", - дейді ер адам.

Жанна басқа мәселелерді көрсетті: қабырғалардағы саңылаулар, су ағып жатқан шатыр, үйде су құбыры, кәріз құбыры және дәретхана жоқтығы.

Оның сөзінше, мұндай жағдайда дені сау адамның өмір сүруі қиын, ал мүгедектер арбасына таңылған адам үшін тіпті қиын.

"Бұған дейін бір демеуші таптым, ол жаңа мүгедектер арбасы мен дәретхана жәшігін сатып алды", - деді қызметкер.

Жанна жалғызбасты адамдарға күнделікті көмектесіп, демеушілер іздеп қана қоймай, шыдамды бола білуі керек. Оның сөзінше, кейбіреулері мінез көрсетіп жатады. Бірақ ол қарттарды ренжітпеу үшін бұған назар аудармауға, керісінше оларды қуантуға тырысады екен:

"Өз жұмысымды жақсы көремін. Еңбек демалысында да қарттарға: "Қайырлы таң, қаліңіз қалай?" деп жазып тұрамын. Әрқайсы үшін жүрегім ауырады".

Суреттер: Болат Айтмолда

Алматыда бүгінде мыңдаған зейнеткер бар, оларға бірнеше жүздеген әлеуметтік қызметкер қамқорлық жасайды. Бір әлеуметтік қызметкерге норматив бойынша жағдайына байланысты бес-сегіз адамнан бөлінеді. Бірақ бұл салада жұмыс істегісі келетіндер аз екен...