Қазақстанда 1 қазаннан бастап пойыз билеттері 20 пайызға қымбаттады. "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының мәліметінше, баға пойыздарда көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мен вагон паркін жаңарту мақсатында Көлік министрлігінің келісімі бойынша жоғарылаған. Өйткені биыл жыл басынан бері пойыздардағы қызмет көрсету сапасына қатысты барлығы 1 617 өтініш тіркелген. Оның ішінде ұлттық тасымалдаушының жұмысына қатысты 690 позитивті, 427 негативті пікір бар. Қоғам редакцияның ресми сауалына ұсынған жауапта жолаушының көп бөлігі қызмет сапасына разы екенін мәлімдеді. Ал жолаушылардың пікірі қандай?
Massaget.kz тілшісі бұл деректі анықтау үшін Алматы-2 теміржол вокзалынан арнайы фоторепортаж дайындады.
Редакция журналистері Алматы-2 теміржол вокзалына арнайы барды. Бұл күні вокзалға таңертең 8:20-да Жезқазған - Алматы 2 арасында қатынайтын нөмірі 073Ц пойыз және 9:14-те Сарыағаш - Алматы 2 арасында қатынайтын нөмірі 087Х пойыз келуі керек еді.
Бірақ Жезқазған - Алматы 2 рейсі 30 минутқа, ал Сарыағаш - Алматы 2 рейсі 1 сағат 20 минутқа кешігіп келді.
Осы тұста "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының пойыздардың қаншалық жиі кешігетініне қатысты ұсынған ақпаратын келтірейік.
"2023 жылы және 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында жолаушылар пойыздарының жүру кестесі шамамен 90 пайызға орындалды. Инфрақұрылымды жаңарту және жөндеу жұмыстарының жоспарлы өткізілуі пойыздардың қозғалыс кестесіне әсер етіп, уақытша жылдамдық шектеулерін талап етеді. Одан бөлек, пойыздар ауа райының қолайсыздығына байланысты кешіккен", - делінген жауапта.
Вокзалда жүрген жолаушылар бірауыздан билеттің қымбаттағанына наразылығын жеткізді. Мысалы, жезқазғандық зейнеткер Айша пойыз қызметкерлерінің жұмысын сынамағанымен, билет құны өзі секілді қарт адамдарға ауыр екенін тілге тиек етті.
"Дәл қазір әуежайдан келе жатырмын, енді Көкшетауға пойызбен барамын. Пойызға жиі мінемін, кейде тальго жүрдек пойызымен қайтсам, кейде қарапайым пойызға мінемін. Жүрдек пойыз не дегенмен жаңа, сондықтан да жолсеріктердің қызметіне айтар сыным жоқ, барлық жер таза болады. Бірақ мойындау керек, пойыз билеті мен сияқты зейнеткерлерге қымбат. Оның үстіне, тальго жүрдек пойыздары алғаш шыққанда жолсеріктер төсек-орынды жолаушылар мінгенше дайындап, біз түскен соң жинап алатын. Ал қазір мұндай жоқ. Пойыздан түсетін кезде жолаушылар өздері өткізеді. Негізі төсек-орынды салып қойғаны жөн деп ойлаймын, өйткені үлкен кісілерге қиын. Дегенмен де өзіме тальго ұнайтынын жоққа шығармаймын", - деді ол.
Айша апаның тальго жүрдек пойызында таза болатынына қатысты ойымен алматылық тұрғын да келісті.
"Пойыз билеттерінің қымбаттағаны халыққа қиын. Пойыздардағы қызмет сапасын көтеру керек. Әдетте тальго жүрдек пойызында таза болатынын байқадым", - деді тағы бір жолаушы.
Алайда Жезқазғаннан Алматыға келген жолаушы билет құнына қызмет сапасы сай келмейтінін айтты.
"Мен пойызға бірінші рет отырдым. Билет бағасының көтерілуі дұрыс емес деп ойлаймын, өйткені оның бағасын қарапайым халықтың қалтасы бірде көтереді, бірде көтермейді. Белгілі бір бағаны қойып, ол сонымен қалуы керек. Жыл сайын 30-40 пайыз көтеруге болмайды. Оған қоса, оның бағасын көтерген күннің өзінде оған қызмет сапасы сай болуы шарт. Біз мінген пойыз таза болды. Вагон кішкене ескілеу екен. Қызмет сапасын тым жаман деп айта алмаймын, бірақ күшті де емес. Орташа деңгейде. Бірақ билеттің қымбаттағанына қызмет сапасы сай емес. Өйткені вагонның іші ескі, жағымсыз иіс шығады", - деді жолаушының бірі Айдана.
Редакция журналистері Алматы-2 теміржол вокзалынан бірінші топтағы мүгедек Жанар Инағымбетованы кездестірді. Оның айтуынша, биыл 21 қыркүйекте Алматы-2 теміржол вокзалынан Сарыағашқа баратын пойызға билет сатып алған кезде кассадағы сатушы вагондарда мүгедектерге барлық жағдай жасалғанына сендірген. Бірақ ол мүгедек арбасымен вагон ішінде жүре алмай қиналғанына, өзіне арнайы орын болмағанына шағымданды.
"Мен билет сатып алатын кезде оған мүгедектігім бар екенін түсіндіріп, бізге қаншалық ыңғайлы болатынын сұрадым. Ол кісі "купеде мүгедектерге арналған орын бар" деп жауап берді. Бірақ пойызға мінсек, мен сияқты адамдарға ешқандай да жағдай жасалынбаған. Ал билет қымбат, бұл не деген сұмдық? Анам екеуміз бір төсекте қысылып, әрең сыйып жаттық. Ал жолсеріктер көмектеспейді, жатып алады. Бұл дұрыс па, енді? Вагонның іші өте лас, сасып жатыр", - деді Жанар Инағымбетова.
Осы тұста Жанар Инағымбетова "Қазақстан теміржолы" басшысына үндеу жолдады.
"Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? "Қазақстан теміржолы" басшысы - сізге барлық мүгедектің атынан үндеу жолдаймын. Егер маған сенбесеңіз, арнайы комиссия құрып, тексеріп көріңіз. Мүгедектерге жағдай жасалынған ба, жоқ па, көріңіз. Тым болмаса, бір бөлмені мүгедектерге арнап жасап қоюға болады. Дәретханаға қалай барамыз? Тазалық атымен жоқ", - деді ол.
"Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының қызметін қолданған тағы бір жолаушы пойыздың жағдайы билет бағасының көтерілгеніне тұрмайтынын айтып, еліміздің пойыздарын шетелдіктермен салыстырды.
"Пойыздың жағдайы билеттің қымбаттағанына тұрмайды. Ешқандай жағдай жасалынбаған. Билет бағасының көтерілгені дұрыс емес деп санаймын. Тіпті қымбаттаған күннің өзінде егер пойыздың жағдайы соған тұрарлықтай болса, ақшаны аямайсың ғой. Бірақ шын мәнінде жағдай керісінше болып тұр. Мысалы, шетелде пойызға тура Қазақстандағыдай сома төлейсің, есесіне, ол жақта пойыз тап-таза, жылдам жүреді. Ал жолсеріктердің қызмет сапасы жақсы, орташа деңгейде. Мен Петропавлға баратын кезде купемен бардым, ол кезде әжетхана мүлде тазаланған жоқ, ал қайтар жолда плацкартқа міндім, онда жуынатын бөлме 3 рет жуылды, соның арқасында таза болды. Дегенмен де әжетхананы қанша тазаласа да, кіргенде киімім бір жерге тиіп кетпесін деп, абайлап кіріп-шығамыз. Пойыз ескі болды, жағымсыз иіс шығады", - деді тағы бір жолаушы.
Ал теміржол рельстеріндегі адамдарға арналған жолдар біршама уақыттан бері жөндеу жұмыстарын көрмегенге ұқсайды. Мүжіліп кеткен жолдың шеттері көзге бірден түседі.
Сонымен қатар суреттегі мына ғимарат та вокзалдағы тозған дүниенің қатарын толықтырып тұр.
Теміржол вокзалының жағдайы осындай, айтарлықтай ескірген. Жолаушылардың сөзіне сенсек, сапар кезінде тальго жүрдек пойызын таңдасаң ғана жолсеріктердің қызметін көріп, тазалықтың сақталатынына сенімді бола аласың. Сондай-ақ жүрдек пойыздың билеті арзан тұрмағандықтан, бұл пойыз түрімен кез келген қазақстандық жүре алмауы мүмкін. Салдарынан қарапайым халық тозығы жеткен вагонның сасық иісіне шыдауға мәжбүр, ал билет құны жыл сайын өсіп жатыр.
Суреттер: Massaget.kz / Болат Айтмолда