"Үйлерін 25-30 мың теңгеге сатып кетті". Астана іргесіндегі аядай ауылда 17 адам қалған

"Үйлерін 25-30 мың теңгеге сатып кетті". Астана іргесіндегі аядай ауылда 17 адам қалған

Ақмола облысындағы Родники ауылында тек 17 адам тұрады. Massaget.kz ауылдың тыныc-тіршілігін тарқатады.

Родники ауылы Астанадан 100 шақырым жерде орналасқан. Бұл ауылға апарар жол Аршалы ауылының үстінен өтеді. Ауыл маңында қиыршық тас өндіретін кәсіпорын бар.

Күн жылығанда кейде Аршалы тұрғындары осы кәсіпорындарға байланысты шағынады. Олардың айтуынша, гранитті өндіру және ұсақтау кезінде ауаға көп мөлшерде шаң көтеріледі.

Алайда Родники ауылының тұрғындарының бұдан көріп отырған артықшылығы бар. Жақын маңда орналасқан өндірістердің бірі олармен келісімге келген, осылайша жолдарды, кейде учаскелерді де қардан тегін тазалап береді. Бұл келтірілген қолайсыздық үшін беріп отырған өтемақылары іспетті.

Жергілікті тұрғындардың бірі - ерлі-зайыпты Николай Алексеевич пен Екатерина Ивановна. Олардың үйі ауылға кіреберісте орналасқан.

Бұл ауылда олардың балалық шағы, жастық шағы өткен. Мұнда Прилепиндер отбасын құрған, жұмыс істеген, ал кейін зейнетке шыққан. Олардың туыстары мен жақындары да осында жерленген.

Мына суретте Екатерина Ивановнаның ата-анасы.

Бұл отбасының отағасы Николай Алексеевич совхоздың жергілікті филиалының соңғы басқарушысы болған. Ол кез 2000-шы жылдардың басы еді, сондықтан ол тағайындалған кезде басқаратын ештеңе қалмаған.

Ауыл тұрғыны бір кездері совхоздың жергілікті бөлімшесінің бүкіл облысқа атағы жайылғанын, сүт өндіру, ет өндіру бойынша алдыңғы орында болғанын айтады.

"Дағдарыс болды, малды әкетті, техникалар да бұзыла бастады. Жарық болған жоқ... Ал мектеп жабылып тынды. Сөйтіп халық көше бастады. Үйлерін 25-30 мың теңгеге сатып кетті. Кейбіреулері үйін шошқаға немесе сиырға айырбастап жіберді. Осылайша кетіп қалды", - деп еске алды Николай Алексеевич.

Николай Алексеевич өмір бойы егістіктерден егін жинап, жүк көлігінің жүргізушісі және комбайншы болып еңбек еткен.

Қазір Прилепиндер отбасы көшуді жиі ойлайтын болған. Әсіресе, Екатерина Ивановна балаларына, немерелері мен шөберелеріне жақын жерге көшкісі келеді. Ал Николай Алексеевич әлі де туған ауылына назар аударылады, осылайша қайта қалпына келеді деп үміттенеді.

"Ауыл қайта гүлденгенін қалаймын", - дейді зейнеткер.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Анна Андреевна мұнда 1985 жылдан бері тұрады. Ол ауылдан көшкісі келмейді, оның үстіне күн жылығанда немерелері мен шөберелері жиі келіп тұрады екен. Анна Андреевнаның айтуынша, балаларға ауыл қатты ұнайды.

"Жас кезімізде көшу ойда болды. Сөйтіп осында көшіп келдік. Енді бауыр басып қалдық, сондықтан енді кеткіміз келмейді. Үлкен шөберем 11 жаста, "мектеп болса, осында көшіп келіп, сізбен бірге тұрар едім" дейді. Ал қазір дүкен де, тіпті фельдшерлік пункт те жоқ. Бірдеңе керек болса, Аршалыға барамыз", - дейді Анна Андреевна.

Қазір Родники ауылында қараусыз қалған үй көп. Кейбіреулерінің тек қабырғасы қалған.

Бұл - 2000-шы жылдардың басында жабылған мектеп. Тұрғындардың сөзінше, бір кездері ол аудандағы ең жақсы мектеп болған.

Ауылдағы әрбір ауладан шашылып жатқан ауыл шаруашылығы техникасын көруге болады. Кейбір машиналардың тозығы жеткен.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Степан Степанович елді мекенге неге мұндай атау берілгенін түсіндірді.

"Бұл жерде бұлақ көп. Сондықтан Родники деп атаған. Расында да, өте көп. Суы мөп-мөлдір. Тіпті Астанадан да адамдар келеді, нөмірлерінен көремін. Олар су жинап алып кетеді", - дейді ол.

Ауылдың болашағы туралы бірдеңе деу қиын. Алайда тұрғындардың саны 50-ден аз болса да, елді мекен әлі де таратылмауы үміт отын қайта жағады.

Суреттер: Нұрсат Рашитов