"Ұят, масқара деп қабылдайды". Тағдыр тәлкегіне ұшырап, далада қалған аналар

Бүгінде елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны және оларға арналған ұйымдар жылдан жылға азайып келеді. Тек кейінгі 10 жылда 114 ұйым жабылған. Осы жолда еңбек етіп жүргендердің бірі – Ана үйі орталығы. Еліміз бойынша 18 қалада 21 мекеме бар. Осы уақытқа дейін 6015 бала жетімдер үйіне өткізілмей өз анасының қасында қалған. Мұнда түрлі тағдырға тап болған аналар бар. Ана үйі өздерінің қамқорлығындағы ана мен балалардан бөлек, қосымша көмекке мұқтаж аналарға да көмек беріп келеді.

"Ана үйі" 2013 жылы ашылған. Оның негізін қалаған - Айдын Рахымбаев пен жұбайы. Бұл орталықтың мақсаты - әлеуметтік жетімдіктің алдын алу.

"Кейбір аналардың баратын жері болмайды, оң босағада отырып босанатын қыздар болады, оның туыстары "сүйекке таңба" деп үйіне кіргізбей жатады. "Баланы тастап өзің кел" дейді. Осындай себептердің кесірінен қайда барарын білмей екі оттың ортасында қалған болашақ аналарымыздың қажеттілігін өтеу мақсатында ашылған орталық", - дейді Алматы қаласындағы 1-Қоғамдық Қор "Ана Үйі" ресурстық орталығының аймақтық маманы Майра Турсынбаева.

Бұл - мемлекеттік емес, әлеуметтік жоба. Қайрымдылық арқылы қаржыландырылады. 10 жыл ішінде 18 қалада 21 ана үйі ашылған. Сол уақыттан бері жалпы 6 мыңнан астам ана мен балаға көмек берілген. Оның ішінде Алматы қаласында мыңға жуық ана мен бала бар.

"Қазір ана үйінде 8 ана мен 10 бала тұрып жатыр. Алғашқы жылдары біз тек қана баласынан бас тартқан аналарды ғана қабылдайтынбыз. Ал қазір жағдайы төмен отбасыларды да қабылдаймыз. Алматыда 3 Ана үйі бар", - дейді Майра Турсынбаева.

Бұл жерге келген аналарға мамандығына сай жұмыс тауып беруге тырысады. Мамандығы болмаса, сұраныстағы мамандықтарға курсқа жібереді. Оқып, жұмысқа орналасқан аналар да болған.

10 жылдан бері көмекке мұқтаж аналарға көмек берілетіні жан-жақты насихатталып келеді. Мемлекеттік орталықтардың бәрі Ана үйімен тығыз байланыста екен. Аналар осында отырып-ақ, бизнес туралы кітаптар оқып, түрлі кәсіп түрлерін игереді. Мысалы, қазір тауық аяқтарына арналған картоп қорап істеп, сатып жатыр.

"Келген аналардың мұң-мұқтажын тыңдап, туыстарына, баланың әкесіне хабарласамыз. Оларды дұрыс шешім қабылдауға бағыттаймыз. Осындай жұмыстардан кейін, сүйген жігіті немесе туыстары келіп аналарды алып кетеді. Аналар үйіне келгендердің 70 пайызы кейін жұбайымен қайта табысады. Тұрмысқа шығып, жақсы отбасы болып жатыр", - дейді орталықтың аймақтық маманы.

"Бәрін уақыт шешеді. Халқымыз "Уақыт - емші" деп бекер айтпаған. Тіпті "балаңнан бас тарт, сол жаққа тастап кет" деген ата-аналарымыз да кейін келіп, қызы мен немересін алып кетеді. Біраз уақыт өткесін: "Рақмет сіздерге, бір емес екі баламды бағып отыр екенсіз" деп жылап көрісіп, қыздарын алып кететіндер көп болды", - дейді ол.

Орталық маманы қазіргі ер азаматтарда жауапкершілік жоқ екенін айтады.

"Көп азаматқа тіл тигізгім келмейді, бірақ, туған баласынан бас тартатын әкелерді де көрдік. Ондай әкелерге ДНҚ сараптамасынан өткізіп, әкесін тану бойынша сотқа береміз. Кейде аналарымыз "Басынан бастап бізді керек етпеген жігіттен қайыр жоқ. Алимент алмайық, өзіміз күн көреміз" деп бас тартып жатады", - дейді орталық  маманы.

Алматы қаласындағы 1-Қоғамдық Қор "Ана Үйі" ресурстық орталығының, медбикесі Гүлнар Сагингалиева

Аналар үйінің де өз ішкі тәртібі болады. Алдымен келген болашақ ананы бас салып сұрақтың астына алмайды, бейімделуден өтеді. Іс-әрекетін қадағалайды. Денсаулығын тексереді.

"Кейін өзі ақырын ашылады. Айналамен қарым-қатынас орнатады. Кейде келген қыздарымыз өтірік ақпарат береді, қорқады. Олармен тіл табысып, проблемаларды шешеміз. Көп аналарымыз мүлдем құжатсыз келеді. Үш атадан бастап құжаты жоқ қыздарға да құжат алып берген кездеріміз болған. Оның бәрі 1-2 айда дайын болмайды. Жылдап жұмыс істейміз. Процесс ұзақ болады. Сондай кезде "Рақмет апай, мен де адам санатына қосылып, жұмысқа тұра аламын. Балаларыма құжат алатын болдым" деп жылап, алғысын білдірген аналар да болды", - дейді орталық маманы Майра.

Аналар үйінде тұру уақыты алғашында 2 жыл болған, кейін 1 жылға сосын 6 айға қысқарған.

"Себебі дайын асқа барлығы үйреніп қалады екен. Біз аналарды керісінше, қоғамнан бөлектеп алады екенбіз. Енді 6 айдың ішінде барлығын тездетіп, аналардың өзіне проблемаларын шешуге бағыттап отырамыз. Бірақ әр ананың мәселесімен жеке айналысамыз, 2-3 айда шешілсе шығарып саламыз, болмаса 6-7 ай осында тұрады", - дейді Майра.

Осы орталықтың психолог маманы Майгүл Багибаева қазақ отбасында мүлдем құжат алмайтын отбасылар да кездесетінін айтады. 

"Ондай балалар қазақ санағында жоқ және мектепте оқымаған. Жалпы айтқанда арнайы білімі жоқ. Дәл осындай қаншама қыз келді. Құжатын алуға көмек сұрап теледидардағы түрлі бағдарламаға да барған қыздарымыз болды. Ол жерден нәтиже шықпағасын бізге келген. Майра ханымның арқасында олардың 90 пайызына құжат алып бердік. Мысалы, сондай мәселемен келген алғашқы қызымыз осы үйде жылдан аса тұрды. Жетім қыз еді. Екі баласы болды. Майра ханым жыл бойы соның құжат мәселесімен айналысып, жүйкесі жұқарып жүріп алып берді. Соттан сотқа жүгірді, аулындағы архивті ақтарды, өзі туған перзетхананы қазбалап жүріп құжат дайындады. Ол екі баласына да туу туралы куәлігін алып барып, осы үйден кетті", - дейді психолог.

Бұл жерден кеткен аналардың жағдайы да кейіннен тексеріліп отырады екен.

"Бізден кеткен аналардан 5 жыл бойы хабар алып отырамыз. Не істеп жатыр, қандай жұмысқа тұрды, баласы қалай өсіп жатыр деген сияқты бақылаймыз. Маған Өзбекстан тіпті Араб елдерінен де жазып тұрады. Рақметін айтады. "Сіздердің жақсылықты ешқашан ұмытпаймын, бірақ қазір айтуға ұяламын" дейді. Әрине, олар кезінде қиыншылық көрді. Бірақ қазір жағдайы жақсы. Біз де оны құпия ұстаймыз. Мақсатымыз аналардың өмірде өз жолын тауып кетуге бағыт-бағдар беру ғана. Әлеуметтік желілерге де суретін жарияламаймыз. Рұқсатын берсе ғана жариялауымыз мүмкін", - дейді "Ана Үйі" ресурстық орталығының аймақтық маманы.

Бұл орталыққа көмек сұрап келетіндердің басым бөлігі жоғары білімі жоқ жастар екен.

"Қазір қазақ отбасында тәрбие әлсіреген. Материалдық құндылыққа ата-аналарымыз да ұмтылып жатыр. Алғашқы жылдары кейбір ата-аналарға таңғалдым. Баласын "ақша тап" деп үлкен мегаполиске жібереді. Қыздың қалтасында не ақша жоқ, қолында не дипломы жоқ. Туысқаны тағы жоқ. Алтын ордаға келеді. Жалдамалы жұмыс істейді, асханаға барып ыдыс-аяқ жуады. Сол жерде арзан пәтерде тұрады. Бұларға жігіт тез табылады, тез жүкті болады. Ең сорақысы басында абортқа ақша таба алмайды. Себебі, қандай орталыққа барарын білмейді, тіркеуде жоқ. Сондай кезеңде шарасыздықтан бізге келеді. Босанғасын "осындай ойға қайдан ғана бардым екен" деп кей аналардың жылағанын көргенде өзіңнің де көзіңнен еріксіз жас шығады", - дейді психолог Майгүл.

"Бұл жерге келген қыздар ата-насына қаражат жағынан көмектессем деп шауып жүреді. Алданып қалады, жүкті болады. Баланы сандыққа салып бақпайды ғой. Жүктілігін ешкімге білдірмейді. Туғандары ақша таптың ба, ана бауырыңа көмектес деп ақша сұрата береді. Олар жұмыс істей алмайды, сосын несиеге ұрынады. Қолында баласы, баратын жері жоқ, бірнеше несиесі бар, не істерін білмейді. Құжатын да бір жерге өткізіп жіберген болады", - дейді Майра.

Толық отбасында, молшылықта өскен қыздар да көмек сұрап келеді.

"Ондай қыздардың ата-анасы баладан бас тартып жатады. Олармен де жұмыс істейміз. Бәріне уақыт емші деп айттық қой. Ақырындап мәселесін шешеміз. Мүлдем балаға қарамаймын, керек емес дейтін қыздарымыз болады. Оларға да 1 аптадай уақыт береміз. Осындағы балаларға қарайды, көмектеседі. Сөйтіп, өздері-ақ "апай мен перзетханаға заттарымды дайындай берейін" деп шығады. Ол жақтан шыққасын қай ана баласынан бас тартушы еді? Міне, сондай уақытта аналар үйі көмектеспесе қаншама аналарымыз баласын тастап кетуші еді. Перзетханада тастап кетіп жатқандар бар. Бұлардың есебінен жетімдер саны артады. Біздің мақсатымыз оның алдын алу", - дейді "Ана Үйі" ресурстық орталығының аймақтық маманы.

"Біз салдарымен күресіп жатырмыз. Оның себебі неде? Себебі жастарымыздың дұрыс тәрбие алмағандығы, ата-анасымен дұрыс сөйлеспейтіндігі, ерте жыныстық қатынастың жүктілікке әкелетіндігін білмейтіндігі т.б. Кейінгі 5 жылда 11-сынып оқушыларына ерте жүктіліктің салдары туралы айтамыз. Оның зияны туралы ұлдармен де, қыздармен де бөлек сабақ өткіземіз, ата-аналырымен сөйлесеміз. Мұның бәрі білім басқармаларының рұқсатымен жасалады", - дейді Майра Турсынбаева.

"Қазір елімізде 14 жастағы жасөспірім қызды зорлайтын жағдайлар көбейіп кетті. Оған қоғам таңданбайтын болды, қабылдай береді. Осында жұмыс істеп жатқаныма 7 жыл. Сондай жастарымыздың қаншасын осы орталыққа әкеліп босандырдық. Баласын анасына қостық. Былай қарасаң, екеуі де бала. Қуыршақпен ойнағандай болып отырады. Бірақ жақсы ана. Сонда ата-анасының жауапкершілігі қайда, мектептен де хабарласып, келмей колледжге түсіп кетсе деген ұсыныс білдіреді. Майра ханым сосын колледж іздейді", - дейді психолог Майгүл.

"Аналар болашақта жақсы өмір сүрсе деп мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақыларды алуға көмектесеміз. Бұл жағынан Медеу ауданының әкімшілігі жақсы қол ұшын береді. Қала бойынша денсаулық сақтау мекемесінің қызметкерлері де көмектеседі. Соның бірі - Гульнара Зарқымбекқызы гинеколог. Қыздарымыздың тіркеуге тұрғанын, лабораториялық сараптамалар алғанын қадағалап, қармағындағы емханаларға табыстайды. Медеу ауданының әлеуметтік бөлімінің басшысы Сәкен Аралбаев деген кісі бей-жай қарамай, айтқан мәселелерімізіді шешіп беруге тырысады", - дейді Майра.

Бұл жерге келген болашақ аналар ас-суын өздері дайындайды.

"Кейде отбасында тамақ істей алмайтын қыздар келіп жатады. Бәрін үйретеміз. Бізден күшті аспаз болып шығады", - дейді Аналар үйінің өкілдері.

Н есімді ана Ташкенттен Алматыға жұмыс істеуге келген. Баланың әкесі басқа қызға үйленіп кеткен. Шарасыз қалған ол желтоқсан айында Ана үйіне хабарласқан.

"Суық ауа райында баламмен бірге далада қалдым. Интернеттен осы орталықтың нөмірін таптым. Көмек көрсетті. Ұлым жақсы өсіп жатыр. Баланың әкесі ұлын қабылдамады. Ата-анам да, туыстарым да бізден бас тартты. Алматыға келгеніме бірнеше жыл болды, жұмыс істедім", - дейді ол.

П есімді ананың 5 айлық қызы бар. Осы орталықта тұрып жатқанына 1 ай болған. Жігітінің анасы балама лайық емессің деп үйленулеріне қарсы болған.

"Жігіт те басында сенімсіз болды, сондықтан ДНҚ арқылы дәлелдедік. Қазір алимент үшін сотқа беріп жатырмыз. Туыстарыммен де, ана-анаммен де араласпаймын. Әке-шешем "бізді ұмыт, табалдырықтан аттаушы болма" деді. Туыстарыма айтпадық, мен Алматы облысының қызымын ғой, дәстүрге жақынбыз. Бізде мұндай жағдайды ұят, масқара деп қабылдайды. Ата-анам түсінбегісін басқалардан не үміт бар", - дейді ана.

А есімді ананың 2,5 және 1,5 жастағы балалары бар, үшіншісіне жүкті. Бұл қыздың шырылдаған даусы Ана үйіне жеткен. Ол орталыққа "Көмектесіңдер, әйтпесе, балаларымнан амалсыз бас тартуыма тура келеді" деп хабарласқан. Қазір осы орталыққа келгесін райынан қайтқан.

"Өзім әке-шешісі жоқ қызбын. Балаларымның әкесі жұмысқа кеттім деп 1-2 ай ат ізін салмай кетеді. Біздің аш-жалаңаш отырғанымызға қарамайды. Қарапайым нан ала алмайтын кездеріміз көп болады. Сондықтан балаларым қиналмасын деп осындай ойға келген жайым бар еді", - дейді А есімді ана.

"Балалар анасынан айрылмасын, жетім өспесін деп орталыққа алып келдік. Қазір балалардың әкесімен сөйлесіп жатырмыз. Егер қайтып келсе анасы кешіремін деп отыр. Әр бала бақытты болуға лайық", -  дейді Майра.

Азаматтарымыз батыл болса, ата-аналар балаларына көңіл бөліп, сөйлессе, мұң-мұқтажын тыңдаса

"Отбасы құндылығы төмендеп жатыр. Қоғамда болып жатқан осы жайттар ата-ананың дұрыс тәрибие бере алмауынан. Мен жоғары оқу орнында да сабақ беремін. Студенттеріме ылғи айтамын: "Ер азамат 30 жасына дейін адам өлтіретін болса оған ата-анасы кінәлі деп. Себебі тәрбие діңгегі бала емшекте жатқанда басталады. Осындағы қыздарға да баланы 7 жасқа дейін дұрыс тірбиелеу әйедерге байланысты деп айтамын. Қазақ "сүтпен берілген мінез сүйекпен кетеді" дейді. Ананың бойынан сүтпен бірге жақсы қасиеттер беріледі. Соны ала білу керек. Біздегі тұрмыстық нәрселер мәселелер тудырып жатыр. Ата-ана баланың жақсы оқуын, жоғары оқу орнынада белгілі мамандық игеруін қамтамасыз етуі керек. Осы жағы қазір бізде ақсап тұр", - дейді орталықтың психологы Майгүл.

"Барлық қыз ата-анама көмектессек деп Алматыға үмітпен келеді. Осы жағдайға тап боламын демейді ғой енді, оған әрқашан қызды кінәлаймыз. Қызға кінә арту оңай. Бұлар ата-анасына бір киім әперсем, жыртығын бүтіндесем, несиесін жапсам деп жүрген қыздар ғой. Ал мұндай қыздардан ата-анасы қалай бас тартады? Неге олар үнемі хабар алып тұрмайды? Қазіргі ата-аналарда жауапкершілік жоқ", - дейді Майра.

Жетімдік - баланың психикалық дамуына қатты әсер етеді. Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоғалады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей билей бастайды. Соның салдарынан түрлі келеңсіз іске, қылмысқа ұрынады. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы" заңдарында да ерте заманнан жетім балаларды әл-ауқаты жоғары отбасылар үйіне асырап алуға беріліп отырғаны жазылған. Сондықтан болар қазақ қоғамында "жетімдер үйі" деген түсінік ХХ ғасырға дейін болмады. Бүгінде жетімдіктің алдын алып, көмекке мұқтаж аналар мен баларға қол ұшын беріп отырған "Ана үйі" орталығының да осы жолда атқарып отырған еңбегі зор.

Мәтінін жазған – Тұрсынбек Башар
Суреттерді түсірген –  Ернар Алмабек



Бөлісу: