1-күн: Үстірт құпиясы. ТамшалыданҚапамсайға дейін 2-күн:Үстірт құпиясы. Жер асты мешітінен Айрақтыға дейін 3-күн:Үстірт құпиясы. Көне акулалардың тістері 4-күн: Үстірт құпиясы. Тұзбайырдың тұзы мен Бозжыра Таңның атуын күтпестен сай-саланы аралап кеткен фотографтар шығыстан Күннің алғашқы сәулелері көрінген сәттетәуліктің ең әдемі шағын жіберіп алмауға тырысып,алдын ала сайлап қойған фотоаппараттарын шарт-шарт еткізумен болды. Бұл уақытта Үстірт құпиясы экспедициясының төрттен бірі әлі ұйқыда жатқан еді. Асығатын дәнеңесі де жоқ. Жоспар бойынша алдағы түн осы арада өтпек. Күнделікті тұра салып шатырларды жинау әдетін бүгіндікке ұмыта тұруға болады. Төрттің бірі тұрған себебі, экспедиция мүшелері жақын маңда орналасқан Бекет ата мешітіне төртке бөлініп баруды уәделескен. Оянғандары алғашқы топ. Ол топ жолға дайындалып болғанша Күн біршама көтеріліп те қалған. Ал, көпшілік белгіленген жерге жетем дегенше таңертең салқын болып тұрған ауа ысып та үлгерді. Бекет ата мешіті Оғланды жеріндегі ақ бор тасты тау шатқалының етегінде орналасқан. Маңғыстауға келген адам міндетті түрде Бекет атаның басына бару керек деген жазылмаған заң бар.Жергілікті жұрт арасында Ердің соңы Есет, пірдің соңы Бекет деген сөз сақталған. Бұл Бекет атаның өз заманында елге беделді адам болғанының айқын дәлелі. Деректер бойынша, Бекет Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдар аралығында өмір сүрген. Жастайынан сырт жауға қарсы соғыста ерлік танытқан ол батыр, сәулетші, ағартушы, әулие кісі ретінде танылған. Әулие туралы аңыз-әңгімелер мен тылсым оқиғалар көп. Солардың бірінде, Бекеттің 13 жасында білім қуып Хиуаға барып, Шерғазы медресесінде Пақыржан қажы деген белгілі ұстаздан 7 жыл дәріс алып, кейін елге оралып, исламды уағыздап, шәкірт тәрбиелегені айтылады. Сондай-ақ, қазіргі күні пір Бекет салды деген бірнеше мешіт белгілі. Пайғамбар жасында өмірден өткен әулие солардың бірі саналатын Оғландыдағы мешітке жерленген. Бұл мешіт сайда орналасқандықтан, оған көлік жете алмайды. Сондықтан, зиярат етушілерге жалғыз аяқ жолмен екі шақырымдай жерді жаяу жүріп өтуге тура келеді. Жолай жалғыз қалып, ойланып, табиғаттың әсем көріністеріне сүйсіну мүмкіндігі де жоқ емес. Мұнда архарлар көптеп кездеседі дейді жергілікті жұрт. Шөлдеген жандарға сай ортасында шипалы бұлақ бар. Суы тұзды демесеңіз, салқын, шөл қандырады. Мешіттің өзі үлкен жартасқа ойып салынған. Ересек адам еңкейіп кіретін есігі бар. Бірнеше бөлмеден тұрады. Іші салқын. Имам мешіт ішінде сурет түсіруге болмайтындығын ескерткеннен кейін, экспедиция мүшелеріне фотоаппараттарын дорбаларына салып қоюға тура келді. Олардың қатарында біз де бармыз. Іштен дұға оқып шыққан жұртты мынадай кесіртке күтіп алды. Қонақтар үй иесімен амандасып, артқа қайтуды ұйғарды. Келген екі шақырымды шаршап-шалдығып тағы жүріп өткен олар жар басына шыққанда бір демалып алды да Бозжыраға қайтты. Бекет ата мешітіне аттанған соңғы топ Бозжыраға келген уақытта алғашқылар түскі астарын ішіп, кешке болатын үлкен шараға дайындықтарын бастап кеткен еді. Ал енді біреулер арадағы бос уақытты пайдаланып Бозжырадағы ең атақты жартасқа шығуды ұйғарды. Алыстан аласа болып көрінген бұл жыра шын мәнінде биік болып шықты. Дегенмен, тасбақадай ақырын жүріп отырып, экспедиция мүшелері бір сағатта шатқалдың басына да жетті. Дәл осы жерде 2000 жылдары Батырхан Шүкенов Сағым дүние әніне клип түсірген. Мұннан айнала алақандағыдай көрінеді. Ал, етекте қалған лагерь көзге әрең байқалады. Шатқалдардың алыптығын осы төбеге шығып қана байқауға болатындай. Құз басына келіп-кеткен адам белгі ретінде тиын қалдыратын орын да бар екен. Олардың әр алуандығы Маңғыстауды көру үшін адамдар түрлі елден келетіндігін айқындайтындай. Айналаны шолып, табиғаттың ғажабына сүйсінгеннен кейін көпшілік артқа қайта бастады. Бұл уақытта ұясына батып бара жатқан Күннің соңғы сәулелері лагердің шығысындағы жоталарды алтын түске бояп тұрған еді. Олар лагерьге келгенде тағы бір қызық басталды. Ол экспедиция мүшелері қатысатын фестиваль. Бұл фестивальде түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Көпшілік өзара нард ойыны, шахмат, тағам дайындау, өнер көрсету бойынша бақ сынасты. Тартысқа толы болған алғашқы үш сайыс қатар өтті. Алдын ала тағайындалған төрешілер әділ шешім қабылдауға тырысты. Барлық нәтиже қағазға жазылып, жеңімпаздар Nomad Explorer тағайындаған естелік сыйлықтармен марапатталды. Ең басты тартыс өнер көрсету кезінде болды. Экспедиция мүшелері бұл сайыстан кейін бірін-бірі жақынырақ тани түскендей. Барлық сайыс аяқталғаннан кейін ортаға от жағылып, түн ортасына дейін ойын-сауық басылмады. Біреулер билеп, екіншілер кешкі астарын ішіп, үшіншілер өткен күнді әңгіме етті. Өй, анау жақсы билейді екен!, Мынау әнші болатын бала ғой!, Сен неге домбыра шертетініңді айтпағансың? дегендей сөздер от жағылған жақтан қайта-қайта естіліп жатты. Осылайша экспедицияның бесінші күнінде жақындаса түскен көпшілік бұл сапардың да аяқталар шағы жақындағанын күрсіне айтып, алдағы күндерді, тіпті, қызықты етіп өткізуге сөз байласып, шатыр-шатырларына тарады. Жалғасы:Үстірт құпиясы. Түйесу құмы мен Тоқмақ мүйісі Жалғасы:Үстірт құпиясы. Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен