"Ұлытау мұрасы" экспедициясы. Төртінші күн
"Ұлытау мұрасы" экспедициясының төртінші күнін Терісаққанда қарсы алған "Nomad Explorer" ұжымы таңғы астан кейін ауыл мектебінің алдындағы алаңға жиналды. Жоспар бойынша бүгін өтетін "Терісаққан көктемі" атты шара осы жерден бастау алмақ. Кеше Әулиетау шыңын бағындырып, Ұлытау табиғатының ерекшелігіне таңғалған экспедиция мүшелері бұл күні қандай қызықтарға тап болғанын осы фототоптамадан біле аласыздар.
Этнофестивальдің негізгі шараларына дейін күн кестесін құрып алуды жөн санаған жол бастаушылар арнайы тігілген шатыр астына жиналып, өңірдің картасын қараумен болды.
Біраз талқылаудан кейін бәрі өз орнына қойылып, балық аулау ісінің шебері Жүсіп Аяповтың араласуымен бүгінгі экспедицияның соңғы нүктесі қайда болатыны да анықталды.
Көп кешікпей "Терісаққан көктемі" этнофестивалі де басталды. Алыстан келген қонақтар топ-топқа бөлініп, ауылды аралауға кірісті.
Шараның мақсаты ата-бабадан қалған "бие байлау" рәсімін насихаттау.
Қазіргі таңда бұл фестивальге ЮНЕСКО сынды үлкен халықаралық ұйым да назар аударып отыр.
Фестиваль жоспары бойынша қонақтар үйді-үйді аралап, әр үйде жайылған дастарханнан ауыз тиеді.
Биелер бүгіннен бастап сауылатындықтан, көпшілікке күбісі тобылғыға ысталып, қыс бойы сақталған дәмі тіл үйірер қымыз ұсынылды.
Арнайы осы күнге деп сақталған сүр ет те дастарханға қойылды.
Қонақтар дастарханнан ауыз тигеннен кейін оларға дәстүрдің негізгі бөлігі таныстырылды.
Құлындар желіге байланды.
Алғаш байланғанда мойны созылып қалмас үшін оларды үнемі бақылауда ұстау керек дейді ауыл тұрғындары.
Құлындар байланғаннан кейін қазыққа, желі арқанға және биенің сауырына сары май жағылды.
Бұл рәсім малым құт әкелсін деген ниетті білдіреді.
Май жағылғаннан соң құлынды қайта босатып, енесін кішкене емдірді.
Бұл биенің үрпі кеңейіп, тез сауылуы үшін жасалатын шара екен.
Кішкене емгенге тояттамаған құлыншақ байлауға қанша қарсылық білдірсе де, одан еш нәтиже шықпады.
Артынша бие сауылды.
Айта кетерлігі, алғаш сауылғалы жатқан биелер сауыншыны теуіп жіберуі немесе орнынан жүріп кетуі мүмкін.
Сол себепті олардың басын ұстап, жуасытып тұратын адам болса, артықтық етпейді.
Бұл өңірдің биелері сүтті келеді екен.
Экспедиция мүшелері алғаш сауылған сүттен дәм татып, мәз-мейрам болды.
Өмірінде мұндайды көрмеген шетелдіктер таңданыстарын жасыра алмады.
Ал дүние есігін ашқалы осы дәстүрдің куәсі болып жүрген балақайлар өздері құлын байлап, бие сауар күндерін асыға күтіп жүрген сыңайлы.
Дастарханын жайып, білгенімен бөліскен үй иелеріне қонақтар әкелген сыйлықтарын табыстап, рахметтерін айтты.
Бие қалай сауылатынын көргеннен кейін жұртшылық улап-шулап жүріп үйірге айғыр қосу рәсімінің де куәсі болды.
Сағат 11.00 болды дегенде барлық топ ауыл ортасында орналасқан Жанайдар батыр ескерткішінің ресми ашылу салтанатына қатысты.
Сонымен қатар, жекелеген тұлғалар мен шетелдіктер ескерткіш жанында орналасқан саябаққа тал отырғызу құрметіне ие болды. Олардың ішінде Қырғызстаннан келген Нұрбек те бар.
Осымен 5 жыл қатарынан өтіп жатқан "Терісаққан көктемі" этнофестивалі Терісаққан ауылы өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі. Бұл күнді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін асыға күтеді десек, қателеспеспіз.
Бүлдіршіндер әдемі киімдерін киіп, ойын-сауықты тамашалауға шығады.
Орта буын өкілдері ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады.
Ал үлкен кісілер атадан мирас болып қалған дәстүрлерді жас ұрпаққа үйретеді.
Ақылдарын айтады, баталарын береді.
Тал отырғызғаннан кейін көпшілік фестивальға орай ұйымдастырылған концертке қатысты.
Осы сәтті пайдаланып, "Ұлытау мұрасы" экспедициясының мүшелері ауыл ансамбіліне арнап әкелген сыйлығын табыстады. Өткен фоторепортажда айтқан тосын сый осы болатын.
Ауыл тұрғындары да қонақтарды құр қол жібермеді. Ауылдың алты ауызы айтылды.
Артынша шетелдіктерге шапан жабылды.
Концерттен соң түрлі ойындар ұйымдастырылып, садақ атудан жарыс болды.
Бұл шараның барлығына қатыспаған мына балалардың өз қызығы өздерінде.
Түскі асты іше сала экспедиция мүшелері тағы жолға шықты. Бұл жолғы бағыт Қараторғай өзені болатын.
Жоспар бойынша экспедиция бүгін өзен жағасында құрылған лагерьде қонады.
Негізінен жауын-шашын, жер асты суларымен толығатын Қараторғайды кесіп өтер кезде тағы да қиындық туындады. Экспедицияның азық-түлігі мен жүгі тиелген камаз балшыққа батып, тұраққа жетпей қалды. Алайда көпшілік күш біріктіріп, кеш батқанша бұл қиындықты да жеңе алды.
"Nomad Explorer" тұрағына жақын жерде қойшылар қыстағы бар екен. Олар келген қонақтарды қуана қарсы алды.
Ал журналист Арман Әубәкір осыдан бірнеше күн бұрын отардан бөлініп кеткен қозыны тауып алып, иелеріне тапсырды.
Ақ маңдайлы Ай ма екен? Шекер ме екен, бал ма екен?
Бұл өлкеден мұншалық көп адамды көрмеген суыр да аң-таң сияқты...
Күн ұясына батар шақта жайғасып болған экспедиция мүшелері Терісаққанда өткен керемет күнді сөз етіп, табиғат аясында кешкі астарын ішті.
Артынша біреулер алдағы түнге дайындықтарын пысықтап жатқанда, енді біреулер балық аулауға шықты. Екіншілердің қатарында Ербол Галин де бар. Балық аулау — оның бала кезден сүйетін ісі.
Қараторғай өзені балыққа бай дегенді ести сала, Ербол қармағын алып, өзен жаққа асықты.
Ол өзінің сүйікті ісімен айналыса отырып, жанына жиналғандарға балық аулау бойынша шеберлік дәрістерін жүргізгенін де айта кеткеніміз жөн болар.
Ал балықты қармақпен ғана емес, саусақпен де аулауға болатынын көрсеткен Марғұлан Сейсембаев көпшілікті таңғалдырды.
Қармақ пен саусаққа ілінген балықтарды қуыруға асыққан көпшілік естелік суретке түсіп, лагерьге оралды.
Қолында қармағы бар Ербол қас қарайғанша өзен жағасында отырды.
Түн болғанда "Nomad Explorer" мүшелері от жағып, әңгіме айтып, бірлесе ән салды. Атыраудан келген Ақбота қыз өнерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болғаннан кейін "Ұлытау мұрасы" экспедициясының төртінші күні де аяғына жеткенін түсінген көпшілік тігілген шатырларына асықты. Бұл уақытта күншығыс жақтан қатты жел соғып тұрған еді...