Бес күн бойы кестелері тығыз болған Nomad Explorer мүшелері сапардыңалтыншы күніндедемалуға мүмкіндік алған. Сол жайт оңынан әсер еткен болар, көпшілік экспедицияның соңғы күнін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Бойларында сергектік байқалған олар алдағы 12 сағатта Ұлытаудағы өздері көрмей қалған нысанның бәрін аралап шығуға дайын еді. Дегенмен, алдын-ала сызылған жоспар бойынша олай істеу мүмкін емес болатын. Жоспарға сай Ұлытау мұрасы экспедициясының мүшелері бұл күні Едіге шыңын бағындырып, артынша Ұлытау ауылына барып туристерге арналған веломаршруттың ашылуына қатысуы керек. Ендеше, ұлт ұясы атанған қасиетті мекендегі соңғы 12 сағатында көпшілік қандай қызықтарға тап болғанын суреттерден көріңіздер. Кененбай көлі маңындағы үйден таңғы астарын ішіп, Ұлытаудың етегіне қарай бет алған көліктер легі жол-жөнекей ерекше қорғанға тап болды. Жоспарда болмаса да көпшілік кезіккен ескерткішпен танысуды ұйғарды. Археолог Орынбай Ошановтың айтуынша, бұл қола дәуірінде осы өлкені мекен еткен тайпалардан қалған тарихи жәдігер екен. Таңданыстарын жасыра алмаған экспедиция мүшелері қорғанмен танысып болып, сапарларын ары қарай жалғастырды. Олар кешелі бері алыстан менмұндалап тұрған Едіге шыңын бағындыруға асықты. Міне, араға бірнеше минут салып, көліктер Ұлытаудың етегіне де келіп жетті. Экспедиция осы жерден шыңға дейін жаяу көтеріледі. Әулиетау шыңындағыдай емес, Едігеге бару үшін салынған арнайы жол жоқ. Сол себепті көпшілік биіктікке өз ыңғайына қарай өрмеледі. Мысалы, бірі мынадай үлкен тастарды айналып өтті, енді бірі осы тастардың үстімен жүруді жөн санады. Барар нүкте бір болғандықтан ешкім адаспады. Оған қоса тауда адасатындай орман жоқ. Тек тас қана. Бірақ орманның жоқтығы қауіптің жоқтығы деген сөз емес. Үлкенді-ұсақ тастармен жүрудің адасудан бөлек өз қауіпі көп. Сондай қауіптердің бірі тас арасына жасырынған Ақ аюлар (әзіл). Өкінішке орай, бұл адам баласының қалдырған ізі. Көп кешікпей экспедиция мүшелері Едіге шыңына да жетті. Шыңнан айнала керемет көрінеді. Алыста экспедиция түнеген Кененбай көлі мұнарлап тұр. Айта кетерлігі, Едіге шыңы Әулиетау шыңынанан бірнеше метрге төмен. Алайда оған көтерілу әлдеқайда қиынырақ. Шыңға ЕрЕдігенің есімі әйгілі би, қолбасшы,бектердің бегіатанған тұлғаның осы жерде жерленуі себебінен берілген.Сонымен қатар, өз дәуірінде ерекше құрметке ие болған бидің қасында оның өмірде жауы болған Алтын Орда мен Көк Орданың билеушісі Тоқтамыс хан жерленгені де айтылады. Шың басында екі тұлғаға арналып арнайы тақта қойылған. Едіге шыңын бағындырып, оның тарихымен таныс болғаннан кейін экспедиция мүшелері артқа қайтты. Етекке тез жетеміз деп жоспарлаған олардың ойы жүзеге аспады. Өйткені төмен түсудің де бірқатар қиындықтары бар еді. Солардың негізгісі, жоғарыда айтқан арнайы салынған жолдың жоқтығы мен ұсақ тастардың көптігі. Жол жоқ болғандықтан, әркім өзі ыңғайлы деп тапқан бағытпен түсемін деп, кедергілерге тап болып жатты. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпей, бәрі етекке аман-есен жетті. Түскі астан кейін көліктер легі бағытын Ұлытау ауылына қарай бұрды. Ондабүгін үлкен мереке болмақ, ол туристерге арналған веломаршруттың ашылу салтанаты. Ұлытау мұрасы экспедициясының мүшелері бұл шараның арнайы шақырылған қонақтары қатарында болғандықтан ауылға кешікпей жетуге тырысты. Олар келе сала веломаршрутты таныстыру басталып кетті. Таныстыру шарасына Nomad Explorer атынан екі адам қатысты. Олардың бірі кезіндеҚР Көлік және коммуникациялар министрі болған Еркін Қалиев мырза. Екіншісі Польшадан келген Лукаш Рошчик есімді турист. Веломаршрут сырттан келген қонақтарға ауылдың көрікті жерлерін көрсету мақсатында ашылған. Жоспар бойынша қонақтар велосипед теуіп жүріп, бірнеше нысанға аялдайды. Ол нысандарға гидтер түсініктеме беріп, тарихи мәліметпен бөліседі. Ұйымдастырушылар шараның өңірдегі туризмді дамытуға қосар үлесі мол екеніне сенімді. Оған велосипед тепкен ағаларының артынан ілесуге тырысқан мына балалар да үміттенеді. Өйткені туризмнің дамуы бүкіл жұртшылыққа үлкен пайдасын әкелері хақ. Веломаршрутты тамашалап болғаннан кейін Ұлытау мұрасы экспедициясының мүшелері ауыл мұражайына тау велосипедін сыйға тартты. Артынша Марғұлан Сейсембаев жергілікті жастарымен кездесу өткізіп, оларға өңірдегі туризмді дамытуға қатысты бірақатар кеңестерін айтты. Сағат 20:00 болғанда негізгі шаралардың бәрі бітіп, экспедиция мүшелері кешкі астарын ішті. Одан кейін көліктерге отырып, Жезқазған қаласына қарай бет алды. Олар Жезқазған әуежайына жақындаған шақта айнала қас қарайып, қала жұртшылығы қалың ұйқыда жатқан болатын. Бір апта уақытты бірге өткізген көпшілік осы арада тарқасып, бірі ұшақпен, екіншілері пойызбен, үшіншілері бір апта ішінде үйреншікті болып кеткен автокөлікпен үйді-үйіне жол алды. Осымен Nomad Explorer ұйымдастырған Ұлытау мұрасы экспедициясы өз мәресіне жетті.