Сапырылысқан адамдар легіне ілесіп Алматы көшелерімен серуендеу, тарихи орындарды аралау бір ғанибет. Өткен жолы Төлебаев көшесін бойлай жүріп халқына қызмет еткен алыптардың тұрған үйлері туралы «Зиялылар ізі қалған әйгілі көше» атты фоторепортаж әзірлеген болатынбыз.
Бүгін де сол Төлебаев көшесіне табан тіредік. Себебі, мұнда аты аңызға айналған зиялылардың музей үйлері бар. Музей үйлердің ерекшелігі – мемориалдық кешен тарихи тұлғаның өзі тұрған үйінен ашылады.
Төлебаев көшесіндегі 125 үйге барсаңыз «Бұл үйде 1965-1973 жылдары аса көрнекті қазақ совет жазушысы Сәбит Мұқанов тұрды» деген жазуы бар ескерткіш тақтаға көзіңіз түседі. Біз де сол үйге барып, есігін қақтық.
Бұл музей үйдің ресми атауы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешені деп аталады. Себебі, дәл іргесіндегі Төлебаев көшесі 130 үйде Ғабит Мүсірепов тұрған. Екеуінің музей үйлері орталықтандырылған бір кешенге біріктірілген.
Ескерткіш тақтада жазылғандай қазақ әдебиетінің классигі, академик жазушы Сәбит Мұқанов бұл үйде 1965 жылдан 1973 жылға дейін тұрған. Өмірінің соңғы сегіз жылын осы үйде өткізіпті. Қазірде музейге айналған жеті бөлмелі пәтер оның Алматыдағы үшінші ауыстырған пәтері екен.
Жеті бөлмелі пәтерді Қонаев сыйлаған
Бұл тұрғын үй 1965 жылы салынып бітеді, содан жапсарлас екі пәтерді біріктіріп Сәбит Мұқановтың отбасына беріпті. Себебі, С.Мұқанов «Менің бала-шағам көп, отбасым үлкен, кеңдеу пәтер беруіңізді сұраймын» деген мағынада Қонаевқа хат жазады. Содан осы жеті бөлмелі пәтерді оның отбасына береді.
Сәбит Мұқанов музейі 1978 жылы 21 қарашада ашылған. Сол ашылғалы бері 44 жыл бойы рухани, мәдени бағытта халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Мемориалдық кешен классик қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолын егжей-тегжейлі баяндайды. Мұнда С.Мұқановтың жастық шағы, студенттік жылдары, жазушы ретінде қалыптасу кезеңі, қоғамдық-саяси қызметі толығымен қамтылған.
8 мың экспонаттың 4 мыңы кітаптар мен қолжазбалар
Сәбит Мұқановтың музей үйінде 8 мыңнан аса экспонат болса, соның 4 мыңнан астамын кітаптары мен қолжазбалары құрайды. Кітап сөресі біреу ғана емес, екі бөлмеге бөліп қойылған. Қонақ қабылдайтын бөлме мен жұмыс кабинетінде сол кітаптар мен қолжазбалар самсап тұр.
Бұл кітаптардың арасында ХХ ғасырдың басынан бастап өзі өмірден өткенге дейін жинаған өлшеусіз құнды жәдігерлер бар. Қазақтың тұтас жазба әдебиетінің шежіресі деуге болады. Қазір жазба әдебиетті қалыптастырушылар ретінде тұғырына қонған қаламгерлердің алғашқы кітаптары да өз қолтаңбаларымен сақтаулы.
Музей үйге барғанымызда С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми бөлімінің меңгерушісі Назгүл Алтаева ханыммен аз-кем әңгімелестік. Назгүл ханымның айтуынша кешеннің экспозициясы ашылғалы бері екі рет жаңартылған екен.
«Осы әдеби бөлімнің экспозициясы ашылғалы бері екі рет жаңартылған. 1990 жылы 90 жылдық мерейтойында, 2000 жылы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткенде екінші рет жаңартылды. 100 жылдық мерейтойы кезіндегі жаңартылған экспозиция Сәбеңнің «Өмір мектебі» романы бойынша хронологиялық тізбекпен орналастырылған», – дейді бөлім меңгерушісі.
Тәттімбет пен Үкілі Ыбырайдың фотосуреттері
Сәбит Мұқановтың музей-үйі екі бөлімнен тұрады: әдеби бөлім және мемориалдық бөлім. Әдеби бөлімде жазушының балалық шағы, студенттік жылдары, шығармашылығы туралы баяндалады. Көбінде фото-шежіре түрінде жасақталған әдеби бөлім тек қана С.Мұқановтың емес, күллі қазақ зиялыларының ғұмырынан сыр шертіп тұрғандай әсерде боласың.
Әдеби бөлімде жазушының қолжазбаларынан бөлек, ҚР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық дипломы және өзге де құжаттар бар. Оның 1922-1935 жылы Ленинградта, Мәскеуде оқыған кезіндегі суреттер мен құжаттар рет-ретімен орналастырылған.
Құнды жәдігерлерден бұл залда Тәттімбет пен Үкілі Ыбырайдың фотосуреттері бар. Суретші Ү.Әжиевтің С.Мұқанов пен орыс жазушысы М.Горькийдің достығын бейнелейтін «М.Горький және С.Мұқанов» атты картинасы да осы залда.
Шәкәрімнің Сәбитке жазған хаты да осында сақтаулы
Расында, жоғарыда айтқанымыздай бұл тек Сәбит Мұқановтың ғана емес, күлі қазақ зиялыларының музейі іспетті екен. Неге десеңіз мұнда М.Жұмабаевтың «Шолпан» өлеңдер жинағы (1913), М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» (1914) романы, Ж.Аймауытовтың «Мансапқорлар» пьесасы, Шәкәрімнің 1933 жылы Сәбит Мұқановқа жазған хаты мен фотосуреті сақталып тұр.
Сәбит Мұқановтың көзі тірісінде алған екі Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері, КСРО медальдары, сондай-ақ оның Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына бірнеше рет сайланған куәліктері де осы музей үйдің төрінен орын алған.
Классик қаламгеріміздің «Сұлушаш», «Адасқандар», «Балуан Шолақ», романдары мен «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар кызы», «Сәкен Сейфуллин» атты драмалық шығармалары туралы да мол мәліметтер берілген жәдігерлер музейде самсап тұр.
1931 жылы жазылған әйгілі «Адасқандар» романының басты кейіпкері – Бүркіт (Сұлтанбек) пен Бәтестің (Бәтима) түпнұсқа суреттері, махаббат хикаясына байланысты көне күнделіктің мұқабасы, 1927 жылы Қызылорда қаласындағы сотқа қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан С.Мұқановтың куәлігі де музей үйге қойылған.
«Балуан Шолақ» романының Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде араб әрпімен басылған нұсқасы да осы кешенде.
Мемориалдық бөлімде қандай жәдігерлер бар?
Музейдің мемориалдық бөлімінде өзінің тұтынған заттары қаз-қалпында сақтаулы тұр. Мемориалдық бөлімде үш бөлме бар: қонақ қабылдайтын бөлме, жұмыс кабинеті және жатын бөлмесі.
4 мыңға жуық кітабы бар кітапханасы да осы бөлімде. Тұрмыстық заттары, үй жиһаздары, шетелдерден келген түрлі сыйлықтар, картиналар, өзге де экспонаттар қойылған.
Әрине, музей болғасын экспонаттарға тиісуге, ұстауға болмайды. Дегенмен қолмен ұстамай-ақ, көзбен көріп тұрғаныңыздың өзі ерекше әсер сыйлайды. Алып қаламгер өмір сүрген сол кезеңге түсіп кеткендец боласыз. Қазір де мұражайдың келушілері көп. Ара-тұра түрлі дәрістер оқылып, кинофильмдер көрсетіліп тұрады екен.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың музейі неге біріктірілген?
Жоғарыда бұл рухани ошақ С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешені деп аталатыны туралы айттық. 1999 жылы ақпанның 8 күні музей үйлерді әкімшілік басқару жағынан біріктіру туралы шешім қабылданған. Содан бері екі музей бірлесіп жұмыс істеп келеді.
«Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың музейі неге бірге деген сұрақ қойып жатады. Себебі, екі алыпты өмірде көп нәрсе байланыстырады. Біріншіден Сәбең мен Ғабең жерлес, екіншіден Ғабит Мүсіреповтың анасы Дина Оңғарбайқызы Сәбеңнің кіндік шешесі болған», – дейді Назгүл Алтаева ханым.
Музей кешеннің ғылыми бөлімінің меңгерушісінің айтуынша, Сәбит Мұқанов дүниеге кеп жатқанда Ғабеңнің анасы сол ауылға қыдырып барған екен. Сонда Сәбеңнің анасы Балсары жаңа туған нәрестенің кіндігін Ғабит Мүсіреповтың анасына кестіріпті.
Сәбит пен Ғабит құда болған екен
1922-1926 жылдары Сәбит Мұқанов Орынборда жұмысшылар факультетінде оқиды. Алғашқы оқу жылын аяқтап ауылына барғанда бейсауат жүрген жастарды және өзінің қызметін ұнатпай жүрген Ғабит Мүсіреповті Орынбордағы жұмысшылар факультетіне жетектеп әкеп оқуға түсірген екен.
Содан екеуінің ғұмырлық достығы басталады. Кейіннен жылдар өте келе бұл достық құдалыққа ұласқан.
«Екеуі өмірде туған құда болған. Сәбит Мұқановтың тұңғышы Арыстан Ғабит Мүсіреповтың үлкен қызы Энгелинаға үйленген. Олардан тараған ұрпақ бар», – дейді Назгүл ханым.
Иә, расында екеуін байланыстыратын дүниелер жеткілікті. Қала берді, екеуі де қазақ әдебиетінің классигіне айналған жазушылар.
Орынборда оқып жүрген жылдардан бастап Сәбит Мұқанов Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлан, басқа да әдебиет алыптарымен аралас-құралас болып, қоғам ісіне белсене араласады. Қоғамда, әдебиетте танылуы осы кезден басталады.
Шоқан Уәлихановтың пышағын С.Мұқановқа кім сыйлады?
Музей үйде ерекше құнды жәдігерлер жетерлік. Солардың бірі Шоқанның пышағы.
«Өздеріңіз көргендей бұл Шоқан Уәлихановтың ұстаған пышағы. Шоқанның пышағын Сәбеңе құрмет ретінде Уәлихановтар әулетінің жалғыз туысқаны Шот-Аман Уәлиханов берген. Шот-Аман Уәлихановты Елтаңбаның авторы ретінде бәріміз білеміз. Бұл пышақты 1960 жылы сыйға берген екен. Ал енді пышақты музейге табыстаған Сәбеңнің жұбайы Мәриям апай болатын», – дейді ғылыми бөлімнің меңгерушісі Назгүл Алтаева.
Сәбит Мұқанов 70 жыл өмір сүрсе, соның 30 жылдан астамын Шоқанды зерттеуге арнаған екен. Шоқанды зерттеу мақсатында Ленинградтағы мұрағаттарда, Достаевский музейінде, көптеген кітапханаларда отырып материал жинайды.
1956 жылы Сәбит Мұқанов Қытайға сапар шегеді. Үш ай бойы Қытайда болып, Шоқанның жүрген ізімен Қашқарияға барады. Қытайдан оралғаннан кейін «Алыптың адымдары» деген очерк жариялайды. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» романын 4 кітаптан тұратын тетрология қылып жазуды жоспарлайды.
«Сәбең «Аққан жұлдыз» романының алғашқы екеуін аяқтап, соңғы екі томын аяқтай алмай кеткен. Үшінші кітапқа алтынұшты қаламсаппен кіріскен шағында мәңгілікке аттанып кетеді. Негізі қолында «Аққан жұлдыз» романы үшін төрт кітапқа жеткілікті материалы болған», – дейді бөлім меңгерушісі.
Әйелін өлтірген аюдың терісін сыйлаған шопан
Еденде жатқан аю терісінің өз тарихы бар екен. 1960 жылы Сәбит Мұқанов Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданын аралауға барады. Сонда атақты жазушы келді деп Тарбағатай халқы үлкен құрмет көрсетеді. Сондай жиындардың бірінде бір шопан жігіт Сәбит Мұқановқа аюдың терісін сыйға тартады.
«Шопан жігіт аю терісін сыйлай отырып, Сәбеңе: «Мына аюды мен өз қолыммен ұстадым. Себебі бұл аю мен жоқта аяғы ауыр әйелімді қатты жарақаттап кеткен екен. Сол жарақаттан әйелім де, ішіндегі алты айлық шарана да өмірден озып кетті. Келіншегімнің есімі Қарлығаш болатын. Сіздің шығармаларыңызды сүйіп оқитын. Осы аюды ұстап, терісін сызге сыйға тартып отқан себебім, сізге адамдар көп келеді, терісі адамның аяғының астында тапталып жатсын, сонда менің кегімнің қайтқаны», – деп берген екен», – осылай Назгүл ханым қызықты әңгімесін түгендеді.
Біз музей үйді аралап біттік. Осы радионы қосып қалсаң сол заманның әуені ойнайтындай, осы жазу машинасының пернетақтасын бассаң сөйлей жөнелетіндей күйге бөленіп тұрмыз.
Келер жолы тағы да Алматыдағы музей үйлерді аралайтын боламыз. Оған дейін сіздер де осы музей үйге бас сұғыңыздар. Кіру бағасы да арзан, ересектер үшін 400 тг, студенттерге 300 тг, оқушылар мен зейнеткерлерге 200 тг.