Учаскелік инспектордың бір күні қалай өтеді?

Учаскелік инспектордың бір күні қалай өтеді?

Көпшілік учаскелік инспектордың жұмысын байқай бермейді. Десе де отбасылық жанжалға бірінші болып жететін, көршілер арасындағы дауды да шешетін, өз ауданындағы мәселе жиі шығатын үйлерді жатқа білетін және тұрғындар мен полиция арасындағы дәнекерге айналған - дәл осы мамандар.

Медеу ауданындағы №74 полиция пунктінде 38 жастағы аға учаскелік инспектор Ернұр Әбдірахманов жұмыс істейді. Ол учаскелік инспектор лауазымында майор шеніне дейін көтеріліп, 10 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. Бұл полиция пунктінде одан бөлек тағы үш учаскелік инспектор жұмыс істейді.

инспектор Абдрахманов©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

"Біздің шағын учаскеде шамамен 27 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 200-ге жуық көпқабатты және 50-ден аса жеке үй бар. Біздің аумақ тағы төрт шағын учаскеге бөлінген, олардың әрқайсы тірек пунктіндегі белгілі бір инспекторға бекітілген", - дейді майор Ернұр Әбдірахманов.

Сонда бір қызметкерге шамамен жеті мың тұрғыннан келеді. 

участковые Алматы©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Қаланың маңызды көрікті жерлерінің ішінен бұл аумаққа Республика сарайы, "Қазақстан" қонақүйі және Ұлттық ғылым академиясы кіреді. 

"Негізінен тұрғындар тыныш. Олар маған жазбаша да, электрон түрде де жүгінеді. Бірақ көбіне чат арқылы хабарласады. Әр учаскелік инспектордың тұрғындармен ортақ чаты бар. Мысалы, "Абай 17", "Абай 21". Жалпы әр үйдің ПИК немесе МИБ өкілдері қосылған чаты бар. Бәрімен таныспыз. Оларда қандай да бір мәселелер немесе түйткілді сұрақтар туындаса, "осыны шешуге көмектесіңізші" деп хабарлама жібереді. Біз бірден әрекет етеміз", - деп түсіндірді Ернұр Әбдірахманов.

карта участкового©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Учаскелік пункт өте қарапайым жабдықталған. Мұнда тек ең қажет дүниелер бар: бірнеше үстел, компьютерлер, рациялар, сейф және шағын учаскенің картасы. Ернұр Әбдірахмановтың үстелінде Әкімшілік кодекс жатыр.

"Біздің жұмысымыздың негізгі бөлігі құқықбұзушылықтың алдын алудан тұрады. Біздің міндетіміз - заңбұзушылық болғанға дейін оның жолын кесу", - деді инспектор.

административный кодекс ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Учаскелік инспектор бір күні қалай өтетінін айтты.

"Таңертең келіп, травматикалық тапаншамен қаруланамын, содан кейін полиция басқармасында жеке құрам таратылады. Одан соң бір тәулік ішінде түскен шағымдар мен арыздарды аламыз. Осы материалдарды алғаннан кейін тірек пунктіне келіп, әр учаскелік инспекторға өздеріне тиесілі аумақ бойынша өтініштерді бөліп беремін", - деді Ернұр Әбдірахманов.

участковые алматы©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Ернұр Әбдірахманов бір ауысымда 10 мың қадамнан кем жүріп көрмегенін айтады. Әдетте бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болады.

"Бізде қызметтік көлік бар, бірақ көбіне аумақты жаяу аралаймыз. Алдын алу және жағдаймен танысу үшін жаяу жүрген оңай әрі тиімді. Жаяу жүргенде тұрғындармен де, жалпы жұртшылықпен де жақын танысасың", - дейді полицей.

участковые алматы©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Кешке инспекторлар қайта полиция пунктіне оралып, азаматтарды қабылдауды бастайды. Қабылдау күн сайын сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жүргізіледі.

Бұл аудандағы арыз-шағымның басым бөлігі тыныштықты бұзу мәселесіне қатысты тіркеледі.

"Тыныштықты бұзу мәселесі бойынша былай жұмыс істейміз. Тұрғын көршісінің үстінен шағым түсірсе, профилактикалық әңгіме жүргізіліп, кінәлілерге ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік хаттама толтырылады. Құқық бұзған адам келіссе, қысқартылған тәртіппен 5 АЕК көлемінде хаттама толтырамыз. Ол бір апта ішінде төлеп үлгерсе, соманың 50 пайызын төлей алады. Екінші рет қайталанса, 2-бөлім бойынша хаттама толтырылып, айыппұл толық төленеді. Сондай-ақ, көршілерге қатысты су басу бойынша да шағымдар түседі", - дейді қызметкер.

полицейский пункт©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Клубтар мен барлар тыныштықты бұзды деген шағым түссе, заңды тұлғалар үшін айыппұл айтарлықтай жоғары болады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл 20 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін 30 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік үшін 100 АЕК болады.

Бірақ учаскелік инспекторлардың жұмысы тек тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл салумен шектелмейді:

"2025 жылы шамамен 1 400 әкімшілік хаттама толтырдық. Оның ішінде ұсақ бұзақылықтан бастап итті белгіленбеген жерде серуендетуге дейін, заңсыз саудадан бастап қоқыс тастауға дейінгі әртүрлі заңбұзушылық бар".

Ернұр Әбдірахманов бұл қызметке қалай келгенін де айтып берді. Оның сөзінше, полицейлер бос лауазымды өз қалауы бойынша таңдай алады.

участковые©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

"Мен Павлодар заң университетін бітірдім. Оқуды аяқтаған соң учаскелік инспектор болып жұмысқа орналастым. Жұмысқа орналасу үшін рапорт тапсыруға келгенімде, учаскелік инспектордың орны бар екенін айтты. Бірден өтініш бердім. Міне, содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Қаласаңыз, рапорт жазып, басқа қызметке ауысуға да болады. Учаскелік инспектор болып жүргеніме 10 жылдан асты. Жақсы көрмесем, әлдеқашан басқа қызметке ауысып кетер едім. Біздің жұмыс қызық. Иә, қиын сәттер болады. Бірақ жылдар бойы жинақталған тәжірибенің арқасында көп нәрсеге үйреніп кеттік", - дейді ол.

полицейская нашивка©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, қазір қалада 692 учаскелік инспектор жұмыс істейді. Ведомство дерегіне сүйенсек, учаскелік инспектордың орташа жалақысы 350 мың теңге болады, сондай-ақ, оларға әлеуметтік пакет қарастырылған. Ал ашық дереккөзден 10 жылдан аса еңбек өтілі бар учаскелік инспектор шамамен 400 мың теңге алатыны туралы ақпаратты табуға болады.