Уақыт мүжіген тастар мекені – Темірлік
Кетпен тауының батыс беткейінен басталып, 57 шақырымнан кейін Шарынға құятын Темірлік өзенінің жолында шатқал көп. Олар бірін-бірі қайталамайды. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Біздің бүгінгі фоторепортажымыз солардың біріне, нақтырақ айтсақ, Темірлік өзенінің соңғы бес шақырымына созылған сарғылт топырақты шатқалдарға арналмақ.
Бір қарағанда түсі Шарындағы Қызылсайды еске салғанымен, ішіне бойлаған сайын бұл шатқалдардың "Қамалдар аңғарынан" бірқатар айырмашылығы бары байқалады.
Салыстырар болсақ, түрлі пішіндегі алып жартастар мұнда да бар. (Мына жартас бізге жанымен тұрған адамның басын еске салды)
Бірақ олар ауқымы жағынан кішілеу.
Содан кейін, бұл шатқалдар сайды бойлай созылған. Тік. Қызылсайдағыдай шашырай, жайыла орналаспаған.
Соған қарап, Темірлік шатқалдары "Қамалдар аңғарына" қарағанда жастау ма деген ой туады.
Ал уақыт мүжіген тастар керісінше әсер береді.
Мұнда мүжілген тастың түр-түрі бар.
Олар шатқал түбінде қатар боп тізіліп жатыр.
Орналасу реті тастардың төбеден төмен қарай дөңгелеп түскенін аңғартады.
Бірақ түріне қарап, бұл тастар шатқалдардың бөлшегі деу қиын. Түсі де өзгеше.
Сайдың ортасы кең.
Ені кей тұстарда 500 метрден асады.
Ең басты ерекшелігі – шатқалдарды кесіп ағатын өзен мен өзен жағасындағы тоғай. Тоғайда су бойын сүйетін тораңғыны көп.
Судан алыс орналаспаса да шатқалдарға жақын жерде көрініс түбегейлі ауысады. Мұнда қарасаңыз, жақын маңда су жоқ сияқты. Ал өсіп тұрған сексеуілдер бұл ойды әсерлендіре түседі.
Темірлікте бірнеше жартылай үңгір бар.
Олардың көлемі әр алуан. Ең үлкені осы болса керек.
Іші әбден кемірілген. Кей тұстарда төбеден аққан судың ізі байқалады.
Үңгірден айнала түгел көрінбейді. Дегенмен мұнда бардың бәрі сыйып тұр. Өзен бойындағы тоғай, өзеннің арғы бетіндегі құздар, бергі беттегі тік жартастар мен сексеуіл, төмен қарай домалап барып тоқтаған тастар. Темірлік дегенде алдымен осылар еске келеді.
Жалғасы бар...