"Таудың етегіне лақтырып жібердім". 35 жыл бұрын алтын көмбесін тапқан оқушымен сұқбат
Сабақтан қайтып келе жатқан бір топ бала "бір қап алтын" тауып алды. Бір қарағанда ертегінің қалыбына сыймайтын әңгіме секілді. Бірақ бұл өмірде болған оқиға. 1988 жылы Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалаулы елді мекенінің маңындағы өзен аңғарынан мектеп оқушылары б. з. д 7-8 ғасырларға жататын алтын бұйымдар тауып алған. Сол кезде жасы 12-13-те болған бозбалалар бүгінде ердің жасы 50-ге таяған. Ал 4 бала тапқан жәдігерлер түгелдей ҚР Мемлекеттік орталық музейіне қойылған. Тарихи оқиғаның куәсі болған азаматтармен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Қамсыз келе жатып қазынаға тап болған Ермек Махаметжанов, Айқын Шыныбаев, Тынышбек Мұқажанов, Қанат Әжіғұлов есімді азаматтар. Осыдан 35 жыл бұрын ойын балалары сабақтан қайтып келе жатып жылтыраққа көздері түседі. Көктем суымен жуылып, жер бетіне шығып қалған ұсақ нәрселерді алғашында алтын деп ойламаса керек-ті.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"1988 жылы 12 сәуір ғарышкерлер күні сабақтан қайтып келе жатып арықтың тұсынан жылтыраған дүниелерді көрдік. Балалық қызығушылықпен ұстап көріп, қалтамызға салып алып, үйімізге алып қайттық. Үйге келіп киімдерімді шешіп, қайтадан мал суаруға шығып бара жатып үлкендерге көрсеттік. Үшкір майда бұйымдарды қалтама салып алып едім денеме батқаннан кейін таудың етегіне лақтырып жібердім. Әдемі бұйымдар болды. Сол екіарада әлгі алтын табылған жерде ауыл адамдары көбейіп кетті. Мектептің директоры, аудан басшысы, полиция қызметкерлері келді", - дейді Ермек Махаметжанов.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Жіпке моншақтай тізілген, әр талының мөлшері сұлы тәрізді алтын "дәндер", бұғылардың суреті салынған алтын белбеу, әшекейлер мен қатар тайтұяқтар ауыл адамдарының қызығушылығын тудырады. Сөйтіп киіз батпақтан шыққан сан түрлі бұйымдарға ауыл тұрғындары куә болады.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Сол кезеңде тәртіп қатаң, заң қаһарлы. Ауыл мектебі "олжаның" оңай дүние емес екенін білсе керек бірден аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Ауылдың аңқау тұрғындарынан "алған заттарды қайтармасаңдар, сотталасыңдар" деп қорқытып, барлығын алып кетеді.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Ертесіне барлығымызды шағын ауылдың клубына жинады. Сол жерде Алматыдан алтын тексеретін аппараты бар арнайы делегация археологтар келе жатыр деді. Сонымен тексеріп тауып аламыз, алтынның бәрін қайтарыңыздар, - деді. Мен үлкен 4 бұйымды алғанмын. Біреуін әкемнің әкесіне сыйладым. Жиналыс кезінде жоқ-жоқ деп мойындамадым. Балалық қой. Әкем партия адамы болатын. Тапқанымды тапсыруды бұйырды. Үйге барып біреуін алып келіп едім: Қалғаны қайда, - деді. Партия адамдары ғой. Тағы біреуін алып келіп едім, сенбеді. Ақыры төртеуін әкеліп өткізіп бердім" дейді ағамыз.
Ауылдан табылған бұйымдарды Алматыға жеткізуге Өзбекәлі Жәнібеков тікелей себепші болған. Жалаулы ауылынан табылған алтындардың қапшығы қырқыншы жылдарға сай келеді екен. Кейін Кемел Ақышев бастаған Жетісу археологиялық экспедициясы осы бұйымдар табылған аумақты зерттейді.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Алайда бұл əлдекімнің қолына түсіп, өзен аңғарына жасырылған қойма болуы керек. Құрым киізден тігілген дорбаға салынған бұйымдардың табиғаты осындай ойға жетелейді. Себебі мұндай жәдігерлер тек патша қорғандарынан табылатын көрінеді.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Жалаулының "алтын қоймасында" 643 зат болған. Олардың арасында 21 тайтұяқ болыпты. Жай тайтұяқ емес. Әрқайссының беті өрнекті суреттерге толы.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Олардың ішіндегі аса бағалысы – жарты ай тəрізді иіліп келген алтын тəж. Тəждің жоғарғы жағы асыл тастар қондырылған арқар мүсіндерімен безендірілген.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Арқардың мүйіздері тұтасып келіп əсем өрнек түзеді. Аяқтарының ортасындағы құс қондырған қос марал бейнесі бар əшекей тек əсемдігімен ғана емес, айтар ой, мағынасымен де тосын дүние.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Бұл дүниелердің мән-мағынасын түсіну үшін Жалаулы көмбесін жақсылап зерттеу керек. Алтын табылмаса да қорғандардың құрылымы арқылы тарихи жәдігерлер туралы "толыққанды ақпарат қалыптастыруға болады" - дейді мұражай қызметкерлері.
"Жалаулым көрмесінен табылған тамақша (пектораль) ежелге Египет территориясы Урартудан табылған екен.Ел басқаратын абыздардың жерлеу орындарынан табылған. Бадам тәрізді белдік әшекейлері Иран аумағындағы Сақ қыз қорғанынан табылған. Иран жерінен табылған бұйымдар б. з. д 7-ғасырға жатқызылса, Жалаулым көмбесіндегі жәдігерлер Кемел Ақышевтың зерттеуімен б. з. д 7-8 ғасырмен мерзімделеді. Сол себепті тарихи орын әлі толық зерттелуі керек", - дейді ҚР мелекеттік орталық музейінің археология бөлімінің жетекшісі Набира Төрежанова.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Орталық музейдің алтын залына жәдігерлер толық жеткізілмеген. Бұған бірнеше себеп бар. Алтын тапқан азаматтар кейбір бұйымдардың тастары алынғанын алға тартты. Бұдан бөлек сол кездегі мерзімді басылымдарда тарихи мұралардың кім көрінгеннің қалтасына кеткендігі жайлы мынандай дерек бар.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
"Ауыл тұрғындарынан алған алтын дүниелерді Мәскеуге алып кетіпті-мыс. Мәскеуге кеткен дүние орала ма? КСРО мемлекеттік банкі Кеген бөлімшесінің директоры Бейсебай Әлімжанов тапқан алтынды таразыға салып өлшепті. Көзі көргендердің айтуынша банкте таразыға тартылып, "Мәскеуге жіберілген" алтынның салмағы 1 келі 600 грамм болған екен. Ал ауыл адамдары алтынның салмағы 3 келіден асқандығын дәлелдеп берді" дейді алтын тапқан сол кездегі ағаларымыздың бірі.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Бір күнде алтынның буына мастанған балалар бұл күнді ұмытпақ емес. Өскелең ұрпақта Жалаулының жайсаң жігіттері жайлы білуі керек.
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда
Балалар тапқан жәдігердің 25 пайызы, 17 мың сомды бөліп алыпты. Кейін 4 бірдей "Романтик" магнитафон әкеліп беріпті. Ал бүгін орталық музейдің басшылығы азаматтарға мұражайға өмір бойы тегін кіруге арналған құжатты табыстады.