Тарихы терең ауыл: Астана іргесіндегі елді мекен халқы қалай өмір сүріп жатыр?
Ақмола облысындағы Целиноград ауданы Астананы жан-жағынан қоршап жатыр. Ауданның жүрегі, оның орталығы - Ақмол ауылы.
Ақмол Астананың шекарасынан 20 шақырым немесе орталығынан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан. Ауылдың тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады.
1937 жылы мұнда ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі лагерьлердің бірі - Отанға опасыздық жасағандардың әйелдері ұсталған Ақмола лагері (АЛЖИР) құрылған. Ол 50-жылдардың басында жабылғаннан кейін осы аумақ пен іргелес жерлерде елді мекен қалыптаса бастаған. Бастапқыда бұл жер "26-нүкте" ретінде белгілі болса, кейін Малиновка деп аталған.
Малиновка ауылындағы өндіріс жұмысшылары, 1981 жыл. Сурет: Нұрмұхамат Имамов / Imamov.kz
Бірнеше жыл бойы бұл кент Целиноград ауданындағы ең ірі елді мекендердің бірі болды. 2007 жылы Малиновка атауы Ақмол болып өзгертілді.
Ақмол ауылы. ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ресми мәлімет бойынша ауылда 10 мыңға жуық адам тіркелген. Алайда іс жүзінде 18 мыңға жуық халық тұрады.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ауыл дегенде жеке үйлер мен қора-жайлар елестесе, мұнда кіреберістен-ақ көптеген жаңа көпқабатты үй байқалады, олардың бір бөлігіне халық қоныстанған, ал қалғаны әлі салынып жатыр. Бұл тұрғын үйге деген сұраныс жоғары екенін аңғартады.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ақмолдың тұрғындары Астанаға қатынап жұмыс істейді, бірақ ауылдың өзінде де жұмыс орындары бар.
Біріншіден, бұл - аудан орталығы, сондықтан мұнда ауданға қажет барлық мемлекеттік орган шоғырланған. Екіншіден, Ақмол Кеңес өкіметі кезінен бастап жұмыртқа және құс етін өндіріп, танымал болған.
Қазір мұнда осындай екі ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алайда жергілікті тұрғындар желмен бүкіл ауылға жайылатын жағымсыз иіске шағымданады.
Кейбір ауыл тұрғындары бұл иіс құс фабрикасының өзінен келеді десе, енді бірі ауыл іргесіндегі қи қоймасын кінәлайды.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Бірақ жағымсыз иіске мұнда жақында көшіп келгендер шағымданады. Ал байырғы тұрғындардың көбі бұл қолайсыздыққа түсіністікпен қарайды. Мұндағы құс фабрикасы - қала құраушы кәсіпорын, оның жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асқан, онда жүздеген адам еңбек етеді. Оның үстіне ол тек елорда тұрғындарын емес, басқа аймақтарды да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ал әлеуметтік инфрақұрылымға келсек, мұнда балалар ойын аймағы және кішігірім алаңдар, сәлемдеме беру пункттері, постаматтар, дәмханалар, мейрамханалар, дүкендер, базарлар мен Астанаға бармай-ақ алуға болатын басқа да қызмет түрлері бар. Бұлардың бәріне сұраныс жоғары. Барлығы қаладағыдай.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ақмол ауылында үш балабақша және екі мектеп бар, олардың бірі - 1200 оқушыға арналған жайлы мектеп.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мектепте 3D принтерлер де, мұғалімдердің ата-аналармен кездесуіне арналған кабинеттер де, әдемі безендірілген дәліздер де бар.


©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ал жергілікті аурухана - 2014 жылы салынған Целиноград аудандық емханасы.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мұнда тек Ақмолдың емес, басқа ауылдардың да тұрғындары емделеді. Бірақ кезек байқалмайды.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мамандардың сөзінше, жергілікті тұрғындарға елордаға тек МРТ-ға түсуге баруға тура келеді. Қалған барлық тексеріс түрі осы аудандық емханада қолжетімді.
Дәрігерлер де жеткілікті екені айтылды. Жергілікті халықтың пікірінше, кадр тапшылығы байқалса, ол тек медбикелерге қатысты болуы мүмкін.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ақмолдан Астанаға дейін екі қала маңындағы автобус, яғни 305 және 312 қатынайды. Ал таксимен баратын болсаңыз, жолақысы - бір адамға 700 теңге.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мұнда сауда орталығы жоқ. Бірақ кез келген ірі ауылдардағыдай Мәдениет үйі бар.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мұнда түрлі үйірме жұмыс істейді, мезгіл-мезгіл концерттер қойылып тұрады.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ауыл көшелері мен әлеуметтік нысандарда адам қарасы тым аз көрінеді. Бірақ, жергілікті тұрғындардың айтуынша, күндіз жұрттың бәрі жұмыста, жергілікті кәсіпорындарда немесе елордаға кетеді, ауыл кешке қарай жандана бастайды. Жазда бұған ауа райы да себеп болады.
Спортсүйер қауым үшін Ақмолда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Жаттығу залындағы сабақтар ересектерге сағатына 900 теңге, ал балалар мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға екі есе арзан. Бассейнге бару құны - ересектерге сағатына 1 000 теңге, балалар мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға 450 теңге.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ақмол ауылында туристер баратын орындар да бар. Ең бастысы - "АЛЖИР" музей-мемориал кешені.
"АЛЖИР" музей-мемориал кешені. ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Қонақтарға баруға кеңес берілетін тағы бір орын - киіз үй шеберханасы және Ақмол ауылының маңында біртіндеп кеңейіп жатқан экологиялық этножоба. Оған жету үшін осы жердегі Жалаңаш көлін айналып өту керек.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мұнда бір шебер киіз үйді бір айда дайындай алады немесе 25 адам оны бір күнде жасап шыға алады.
Нұрлан Төкенов, киіз үй жасау шебері. ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Байырғы тұрғын Әлфия Қоянбайқызы ауылдың тыныc-тіршілігі туралы айтты:
"Халықтың жұмысы бар, жалақысы уақтылы төленеді. Сол құс фабрикасының өзінде барлық жағдай жасалған. Өзім де сонда істедім. Үйлерде жылу бар, жаңа баспаналар салынып жатыр. Бізде бәрі жақсы. Тек суда аздап іркіліс болып тұрады, бірақ мұның бәрі - шешілетін мәселелер".
Әлфия Қоянбайқызы, Ақмол ауылының тұрғыны. ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Жақсы тұрып жатырмыз. Бізге бәрі ұнайды. Жұмыс бар. Жалақы да ауылға жақсы. Тек су мәселесі шешілсе екен. Иіс те болып тұрады, бірақ онсыз болмайды ғой, бұл құс фабрикасы емес пе?! Ол болмаса, адамдар қайда жұмыс істейді?! Сондықтан үйреніп кеткенбіз", - дейді кешкісін карта ойнауға жиі бас қосатын достар.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Тағы бір байырғы тұрғын Галина Васильевна ата-анасы 59 жылы осында көшіп келіп, ауылды салғанын айтып берді:
"Ешқашан бұл жерден кетпеймін, көшпеймін. Қазақстан - менің отбасым, Отаным. Біреу-міреу осында көшкісі келіп жүрсе, оларға көшуге кеңес берер едім. Астана жақын. Ақмолда тұру жайлы. Жұмыс жетеді, балабақшалар, аурухана бар. Балалар үшін көп нәрсе жасалған".
Галина Васильевна, Ақмол ауылының тұрғыны. ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ал жергілікті әкімдік мәліметінше, жазда суды тұтыну көлемі артады, ал оны жүйе көтере алмайды, жұрт ауызсуды бау-бақша суаруға, бассейндерді толтыруға және құрылыс жұмыстарына жаппай пайдаланады. Сондай-ақ, кейбіреулер насос орнатып алады, бұл басқалар үшін құбырдағы қысымды төмендетеді.
Оның үстіне қолданыстағы сумен жабдықтау көздері тек Ақмолды емес, көршілес Қараөткел және Қаражар ауылдарын да қамтамасыз етіп отыр. Әкімдік өкілдері су уақытша кесте бойынша берілетінін, ал қуатты арттыру үшін жаңа ұңғымалар бұрғыланып жатқанын мәлімдеді.
©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Дереккөз: Tengrinews.kz