17 наурызда елорда әуежайында пара биатлоннан қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы әрі пара шаңғы жарысынан қола жүлдегер Ербол Хамитовті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спортшыны жанкүйерлері, туған-туыстары және спорт саласының өкілдері күтіп алды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілі Бақыт Сапаров Ербол Хамитов пен ұлттық құрама спортшыларын құттықтады.
"Бүгін - еліміз үшін қуанышты күн. Тарихымызда алғаш рет Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алып, оған қоса бір Паралимпиадада екі бірдей медаль еншіледік. Бұл нәтиже - ерен еңбек пен тыңғылықты дайындықтың, мықты рухтың көрінісі. Осы ойындарға ұлттық құрама 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпыкомандалық есепте 18-орынға тұрақтады. Спортшылардың әрқайсы ел намысын абыроймен қорғады. Cіздермен мақтанамыз", - деді министр.
Шара барысында демеушілік танытқан құрылыс компаниясы Ербол Хамитовқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Спортшы да жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, арман-мақсатқа адал болу керек екенін айтты.
Айта кетейік, Милан-Кортина қысқы Паралимпиада ойындары Италияда 6-15 наурыз аралығында өтті. Оған 55 елден 600-ден аса спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды.