Таразда екі күн бойы толассыз қар жауып, аулаларды су басты
Тараз қаласы Әулиеата ауданына қарасты Бектөбе тұрғын алабында үйлердің аулаларын су басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалың қар еріп, жауын-шашын жауып, облыс орталығындағы бірнеше жеке тұрғын үйдің ауласын су басқан.


Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстарына 109 адам, 40-тан аса техника жұмылдырылған. Су басу қаупін азайту мақсатында құм толтырылған қаптар төселіп, шамамен 4-5 тонна инертті материал пайдаланылған.

Ұзындығы 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалған. Сонымен қатар, аулалар судан тазартылып, арық-дренаж жүйелері механикалық тәсілмен аршылған.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, Тараз қаласы әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

"Таразға екі күн бойы толассыз қар жауды. Қар қалыңдығы 63 сантиметрге дейін жетті. Күн күрт жылынуына байланысты жүктеме артып отыр. Басты мақсат - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс орталығындағы арық-атыздар мен каналдарды толық тексеріп, уақтылы тазарту қажет. Көктем мезгілі жақындап келеді. Сондықтан мұндай жағдай қайталануы мүмкін", - деді өңір басшысы.

Суреттер: Жамбыл облысы әкімдігі
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!