Тарантино Мәскеуде. Премьерадан Massaget.kz фоторепортажы
Фильм премьерасы "Октябрь" кинотеатрында өтті. 1518 адамдық залды Квентин Тарантино шығармашылығын бағалайтындар лезде толтырып жіберді.
Негізгі шара басталмай тұрып, кинотеатр маңына режиссер фанаттары жиналды. Олар голливудтық бірегей режиссердің қолтаңбасын алу үшін, бірнеше сағат бойы плакат, кітап ұстап, қалам-блокноттарын дайындап тұрған.
Жиналған халықтың қарасы көп. Кейбірінің жолы болып, Квентинді жақыннан көруге мүмкіндік алды.
Суреттегі фанат Катя Ноктева 13 жасынан бері Тарантино шығармашылығына қызығып келеді. Ол режиссерді бір сағат күтіп, ақыры қолтаңбасын ала алмады.
Бұл – Тим Повелко. Оның режиссермен суретке түсемін дегене бірнеше ұмтылысы сәтсіз аяқталған. Бірде күзетшілер тоқтатқан, бірде басқа жанкүйерлер өткізбеген. Бірақ түптің түбінде Тим суретке түспесе де, режиссер қолтаңбасын алды. Журналистің қалай алып үлгердің деген сұрағына Тим әзілмен жауап берді: "Оңай. Ниндзя сияқты. Бір сәтте".
Презентацияға бүкіл ресейлік бомонд жиналды. Сондай-ақ арасында шенеуніктер де бар: Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Владимир Мединский, Мәдениет министрлігінің кинематография департаментінің басшысы Ольга Любимова, журналист және саясаткер Ксения Собчак, әнші Nazima, тележүргізушілер Регина Тодоренко, Алена Водонаева, Егор Москвин, блогер BadComedian Евгений Баженов, режиссер Константин Богомолов, актерлер Александр Петров, Дмитрий Певцов, Любовь Аксенова, Ингеборга Дапкунайте, Аглая Тарасова, журналист және киносыншы Антон Долин мен өзге Ресей жұлдыздары.
Қызыл кілеммен фильмнің продюсерлері Дэвид Хейман мен Шеннон МакИнтош та жүріп өтті. Олар мәскеуліктердің өздерін жылы қабылдағанына дән риза.
Квентин Тарантино да халықтың қошеметіне алғысын білдірді: "Бұл мен үшін өте тамаша тәжірибе болды, мені мұнда жақсы көретінін білгенмін, бірақ келіп, өз көзіммен көрмейінше оның шын екеніне сенбедім. Мен сіздердің махаббаттарыңыздың қадірін білетін америкалықпын".