Тапталған әрі солған: Алматының гүлмен безендірілген аумақтарының қазіргі жағдайы қалай?

Алматы жаз келе гүлденіп, ерекше түрленеді. Әдетте қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтар үшін, қала сәні үшін жыл сайын гүлмен безендіруге қыруар қаржы жұмсайды. Қазір мың бояулы қаладағы гүлзарлардың қазіргі жағдайы қандай? Әкімдік қаланы абаттандыруға, әсіресе гүл егуге қанша қаражат бөлді? Қанша және қандай гүл егілді? Мassaget.kz қаладағы бірнеше көрікті жерге барып, шолу жасады. 

Биыл тұрғындар мен қонақтарға арналған тағы бір тренд жер пайда болды. Ол - Есентай өзенінің бойындағы гүл бағы.

@aissaulebk

♬ Receba (feat. Yuri Redicopa) (feat. Yuri Redicopa) - DJ URSO

Алайда бұл жердің қазіргі жағдайы мәз емес. Әсемдікке куә болғысы келген тұрғындар бұл жерге ағылды. Өкінішке қарай, соның салдарынан гүл тапталып, солып қалған. 

Әкімдік өкілдері тапталған гүлге қатысты пікір білдірді. 

"2023 жылғы күзгі кезеңінде шамамен 15 мың шаршы метр аумаққа гүл отырғызылды, қазір олар гүлденіп болды, оның ішінде Есентай бойында отырғызылған гүлзар да гүлдеп болды, осыған байланысты бұл учаскеде жаңа гүл отырғызу үшін тазарту жұмыстары жүргізіліп, конкурстық рәсімдер аяқталған соң және мердігер ұйым анықталғаннан кейін жаңадан гүл отырғызу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Гүлзардың дизайны арнайы мамандармен жасалып, эскиз бекітіледі", - деді олар. 

Қанша гүл егілді және оған қанша жұмсалды?

Алматы әкімдігінің айтуынша, қала аумағында биыл 192 мың шаршы метрге декоратив-гүлді көгалдандыру жұмысы жүргізілген, оның ішінде 76 мың шаршы метрге біржылдық және 116 мың шаршы метрге көпжылдықтар отырғызылады деп жоспарланған. Гүл егуге бюджеттен 2 685 893 000 теңге (екі миллиард 685 миллион 893 мың теңге) бөлінген. 

Бұл - Горький атындағы орталық саябақ көрінісі. Мұнда жыл сайын аббаттандыру жұмыстары жүргізіледі.  

Алайда бұл саябақтағы гүлзардың да жағдайы мәз емес. 

Экология және қоршаған орта басқармасы өкілдері тапталған гүлдерге қатысты қала тұрғындарына үндеу жасады. 

"Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарауды, еңбекті бағалауды және қалаға әсемдік беретін декоратив-гүлді көгалдандыруды ұзақ мерзімге дейін қызмет етуіне ат салысуын сұрайды", - делінген үндеуде. 

Әдетте қандай гүл егіледі?

Әкімдік мәліметінше, кейінгі жылдары көпжылдық гүлдің үлесін арттыру жоспарланып жатыр. Биыл гүлдің 60 пайыздан астамы көпжылдық өсімдіктерден тұрған: раушан, конус гүлі, күндізгі гүл, лаванда, шалфей, мискантус, гортензия.

Ал бұл - қаланың ең көрікті жерлерінің бірі "Жібек жолы" көшесіне таяу орналасқан Қазақ-Британ техникалық университетінің бойында егілген гүлзар. 



Бөлісу: