Талғар маңындағы екі жасөспірімнің өлімі: тұрғындар су қоймасына байланысты шағымын жеткізді

Талғар маңындағы екі жасөспірімнің өлімі: тұрғындар су қоймасына байланысты шағымын жеткізді

Талғар ауданы маңындағы су қоймасында екі жасөспірім суға батып кетті. Қайғылы оқиға 8 мамырда Өстемір ауылы маңындағы "Саз Талғар-2" су қоймасында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, балаларды ағыс әп-сәтте тереңге тартып әкеткен.

Оқиғадан кейін тұрғындар әлеуметтік желіде іздеу жариялап, балалардың ата-анасын табуға тырысқан. Кейін олар Жалғамыс ауылының тұрғындары екені анықталды. Марқұмдардың сүйегі табылып, жақындары оларды жер қойнына тапсырды.

Қаза тапқан жасөспірімдердің бірінің анасы ұлының болашаққа жоспары көп болғанын айтты. Оның сөзінше, марқұм әскери оқу орнына түсуді армандаған.

Ауыл тұрғындары бұл су қоймасында мұндай жағдай алғаш рет емес екенін айтады. Олардың сөзінше, бұрын да балалар суға кетіп, қайғылы жағдайлар тіркелген. Тұрғындар су қоймасы маңында қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз болғанына шағынды. 

Жергілікті халықтың айтуынша, ауыл жастары бұл маңға жиі келеді. Алайда су қоймасы арнайы шомылатын орын ретінде белгіленбеген. Ресми мәліметте оның күрделі гидротехникалық нысан екені көрсетілген.

Құтқарушылар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және су айдындарына жалғыз жібермеуге шақырды. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың көбі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болады.