Қазан айынан бастап Kazakh TV арнасында Culinary Tour (аспаздық тур) бағдарламасы жарық көреді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығатын жоба дәмді ас дайындаудың құпия-сырларын үйретеді. Хабардың жүргізушісі Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, әр аймақтағы ең танымал тағамдармен танысып, оларды табиғаят аясында әзірлейді. Сонымен таныс болыңыздар, бұл - Константин Дружинин. Біздің жүргізуші, аспазымыз. Саяхатшы, Еуразия Географиялық қоғамының басшысы, ат спортымен айналысады, сондай-ақ тарихты жақсы көреді. Бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Біз Костямен бірнеше аймақта болып, сол өңірлердің сұлу табиғатымен таныстық, қонақжай халқын көрдік. Бастысы ең балғын, ең дәмді азық-түліктердің қай базарларда сатылатынын білдік. Астың дәмін түрлендірер дәмдеуіштер. Олардың хош исін сезген Константин жанынан жәй өтіп алмады. Етсіз тамақтың дәмі келсін бе?! Сондықтан ет базарды да ұмытқан жоқпыз. Көзі жайнаған Константин сөредегі барлық қазыны алып кетуге дайын сияқты. Біз Алматы қаласындағы Көк базардамыз. Мұнда алғаш келген адам үшін кеңес. Саудаласыңыз. Сонымен қатар алып жатқан затыңыздың, мейлі жидектер, ірімшік, корей халқының салаттары болсын, бәрінің дәмін татып көріңіз. Бүгін мен қой етін, көкөністер мен қымыз сатып алдым. Кәуәп әзірлейміз - дейді Константин. Алматылықтар білетін болар, бұл аймақ өзінің кәуәптарымен әйгілі. Оны Қазақстанның әртүрлі халықтары әртүрлі әдіспен дайындайды. Кәуәптің түрлері де өте көп. Мәселен: қой, сиыр, тауық, үйрек еттері, бауыр және көкөністер, тауық қанаттары. Константин қой еті, бауыры және көкөністен жасады. Константиннен тағы бір кеңес: Кәді, байылды, болгар бұрышы және саңырауқұлақтарды, жалпы көкөністерді маринадтаудың қажеті жоқ. Сексеуілдің отына қақталған ерекше дәмі мен исін сезініңіз. Біздің асымыз дайын. Фотоны көріп жегіңіз келіп тұрғанын сеземін. Түсірілімнің екінші күні Іле өзенінің жағасында өтті. Бұл күні Константин сол аймақтағы ең танымал ас - Көкталды әзірлеу. Көкталды 3-4 келі салмақтағы балықтан әзірлейді. Біз сазанды қолданамыз. Мұны аспаз жергілікті балықшылардан сатып алды. Сонымен бірге Қапшағай уылдырығын да әзірлеу ойда бар. Жалпы сазанның салмағы ауыр болғандықтан сүйегі де ірі, сол себепті жігіт адамның тазалағаны дұрыс болады. Ал, астың қалай болғанын Kazakh TV арнасынан көресіздер. Біз әрі қарай кеттік. Каспий теңізі. Түсірілім Ақтау қаласында жалғасын тапты. Бұл аймақтың да балықтарымен әйгілі екенін білесіздер. Алайда бұл жолы балықты асып, табақта ұсынбақпыз. Фишбармақты әзірлеу үшін бекіре балығын қолданады. Алайда түсірілім тобы Маңғыстауда болған уақыт бекіре ауланбағандықтан, фермада өсірілген қызыл балықпен дайындады. Culinary Tour бағдарламасының әр күні қызыққа толы. Қазақстанның көрікті жерлері көп, табиғаты бай, асының дәмі тіл үйіреді. Константиннің айтуынша бүкіл елді аралап, жабайы табиғатта тамақ жасау бақыт. Сондықтан туған жерге саяхат жасаңыз, Константинмен бірге тағам әзірлеңіз! Бағдарламаны Kazakh TV арнасында және www.kazakh-tv.kz ресми сайтына тамашалауға болады.