Бүгін еліміздегі мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Білім күні барша ата-аналар, ұстаздар қауымы мен оқушыларға құшағын айқара ашты. Биылғы жаңа оқу жылының да өз жаңалықтары бар. Олардың бастыларын тізбелей кетсек.
✅1 қыркүйекте қазақстандық мектептерге 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Былтырмен салыстырғанда 20 мың балаға көп.
✅Жаңа оқу жылында мектеп бітірушілердің саны – 176 мың. Бұл да жоғары сыныпта оқитын оқушылардың рекордтық саны.
✅ Еліміз бойынша оқушылардың саны алғаш рет 3,6 млн-нан асты.
✅Оқушылар санының артқанын ескерсек, салынып жатқан жаңа мектептердің саны да жыл сайын көбейіп келеді. 1 қыркүйекте ҚР Президентінің Жолдауы аясында салынған 80-ге жуық жаңа мектеп жұмысын бастады. 2022 жылдың соңына дейін барлығы 230 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
✅Еліміздің 7,6 мың мектебінде 380 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Президенттің қолдауының арқасында мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп отыр.
✅ Жаңа оқу жылында 7 637 мектеп жұмыс істейді. Оның 3738-і қазақ тілді, 1121 орыс тілді, 2 мыңнан астамы – аралас мектептер.
✅Биыл орыс тілі мектепте 2-сыныптан бастап, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады. Бұл – биылғы білім беру саласындағы ірі өзгерістердің бірі.
✅ Биылдан бастап мектеп мұғалімдері 5 күндік жұмыс аптасына көшеді.
✅Оқушыларды ерте кәсіби бағдарлау үшін «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері 1-сыныптан бастап енгізілді. Музыка пәнінің аясында 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыра аспабында ойнауды үйрене алады.
✅Мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға мүмкіндік беріледі. Менеджементті және мектептегі кадр сапасын күшейту үшін де өзгерістер енгізілді.
✅Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 280 мыңдай балаға орын жетпейді екен. 2025 жылға қарай мектепте орын жетпейтін балалардың саны 1 миллионға дейін жетуі мүмкін. Ал 2025 жылға дейін барлығы 1000 мектеп салынбақ.
✅Биылғы оқу жылындағы тағы бір жаңашылдық – бала құқықтары жөніндегі жергілікті өкілдердің тағайындалуы. Биылдан бастап ел өңірлерінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр. Енді әр аймақтың өз өкілі болады. Олар балалар мен ата-аналарға көмектеседі.
✅Жаңа оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылады. Соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады. Яғни жаздың 1 күнінен бастап оқушылар дәстүрлі жазғы демалыстарына шығатын болады. Сәйкесінше жаз айлары толығымен балалардың демалыс уақыты бола береді.
✅Жазғы демалыстың ұзақтығы білім саласындағы көшбасшы елдермен салыстырғанда ең ұзақ болып – 92 күнді құрайды. Жалпы бір оқу жылында балаларға 4 рет демалыс қарастырылған. Оған қоса демалыс және мереке күндерін есептегенде, балалар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн мектепке баратын болады.
Материалға TAMOS Education мектебінде өткен алғашқы қоңырау фотолары қолданылды. Мектеп ұжымына алғыс білдіреміз және жаңа оқу жылына толағай табыс тілейміз!
01.09.2022 ж