Студенттер туристік жорыққа шықты
Алматыны көрікті мекендерге толы қала десек, адаспаймыз. Өткен жексенбіде Қазақ Ұлттық Университеті мен Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің туризм мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері шаңғымен туристік жорыққа шықты. 2017 жылы Алматы қаласында өтетін Универсиадаға дайындық ретінде ұйымдастырылған туристік жорыққа жетекшілік еткен Асылбек Еркебеков алдымен студенттерге шеберлік сағатын өткізіп, қандай жағдайда қалай әрекет ету керек екендігін түсіндіріп өтті.
Шаңғышылар бір күн бұрын белгіленген шаңғы орталығына жетіп, таңертеңгі жорыққа дайындық үдерісін өткізді.
Жорыққа алып шыққан жетекші таң атпай сағат бесте оятып, шаңғыларды соңғы рет тексеруден өткізді.
Шаңғыны алғаш рет тебуге шыққан студенттер жол бойында шалынып құлаумен болды.
Алғашқы 4 шақырымды басып өту барысында таңның атуын көруге мүмкіндік болды. Ұлттық Университеттің 4 курс студенті, Дортмундтық Баруссия футбол клубының жанкүйері Нұрсұлтан Сансызбаев алдыңғы шепте келе жатыр.
Талғар қаласынан алыс емес мекендегі шаңғы тебу кешенінде студенттер белсенділік танытып, белгіленген алғашқы нүктеге жарты сағатқа ерте жетті.
Мұнда арнайы шаңғыны жалға беру орталықтары бар екен.
Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің Дархан есімді студенті шеберлігін танытуда.
Қазақстанның шаңғы тебуден ұлттық құрамасы дайындық жұмыстарын жасайтын стадиондар кешенінен өттік.
Туристік топ бір белестен өткеннен кейін біршама аялдаған бойда Асылбек ағай шаңғыны қалай тазалауды үйретті. Пластиктен жасалған шаңғылар белгілі температурада қыздырылып тазаланады екен.
Содан кейін шаңғының артқа қарай бағытын тежейтін арнайы қою май жағылады екен.
Негізгі бағыттың траекториясы бойынша алда тағы 15 шақырымдық асулар бар
Селфи студенттердің күнделікті дағдысына айналып үлгерген сияқты.
Сосын көп уақытты жоғалтпай, алған бағытпен жүре бердік. Студенттердің талпынысы өте жоғары деңгейде еді.
Алғаш рет шаңғы жорығына қатысып жатқан студеттерге тәжірибелі қатысушылар үнемі көмектесіп отырды.
Ерболат есімді ҚазҰУ студенті екінші асуды бағындыруға жол бастады.
Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) Алматыдағы Академиясы қасынан өттік.
Туристік жорықтың негізгі мақсаты бір ұжым болып, жоспарланған орынға жету болып табылады. Асылы шаңғы тебуден жарыс емес.
Қардың қалыңдығы 40-50 см-ге дейін жетеді. Егер шаңғы тізгінінен аяғыңыз шығып кетсе, қарға батып қалуыңыз әбден мүмкін.
Жорықтағы жүріс ұжымдық бағыт болғандықтан, әрбір қатысушының топтағы маңызы зор. Егер бір студент баяу жүретін болса, оны бүкіл топ күтуге міндетті.
Жетекшіміздің айтуынша, қыздардың шаңғы тебуді үйренуі аяқтарын тік басып жүруіне демеу болады екен. Сондықтан олар қанша құласа да, барынша тырысуда.
Ұлжан есімді студент қыз жорықтың орта шеніне жеткен кезде оқыста аяғын ауыртып алды. Дегенмен, Асылбек ағай демде алғашқы көмек көрсетіп, жағдайды бақылауға алды. Ұлжан жарты сағаттан кейін ойдағыдай жорығын жалғастырды.
Көп өтпей негізгі асуға жеткенімізден кейін, төменге сырғанаудың сәті түсті.
Жарысқа құмар қызуқанды студенттер біріншілікке ұмтыла кетті.
Асылбек ағай артта қалып қойған студенттерді жылдам жүруге талаптандырып жатыр.
Туристік жорықтың жетекшісі өзінің жиырма жылдық тәжірибесімен бөлісуге әрқашан дайын.
Жалпы 10 сағатқа созылған туристік жорыққа қатысқан студенттер тобы жоспарды орындады. Сонымен қатар, мол тәжірибеге ие болды.
Шаңғы тебудің арзан әрі тиімді жолы осы сынды туристік жорықтар болып табылады. Студенттердің алдағы уақытта үйренері мол!
Сурет: ©massaget.kz
Ұқсас жазбалар:
ҚазҰУ-да "80 теңгелік түскі ас" акциясы өтті