Стереотиптерді бұзды. Жаңаөзен "Таза Қазақстанға" қалай атсалысты?
Тамыздың басында Жаңаөзен халқы көшеге шықты. Мұнайшылар, полицейлер, кәсіпкерлер, спортшылар, қаланың ақсақалдары мен қоғам қайраткерлері - барлығы Президент бастаған "Таза Қазақстан" акциясы аясында туған қаласына деген сүйіспеншілігін көрсетті.
Жаңаөзен халқы стереотиптерді қалай бұзып жатыр және неліктен жапондарды мысалға келтіреді? Massaget.kz қаладағы көрініске куә болып, арнайы фоторепортаж дайындады.
Жаңаөзенге кіреберісте қала атауы жазылған үлкен жазуды байқадық. Тек бағыт беретін жер ретінде көрінуі керек архитектуралық композиция қаладағы танымал орынға айналған. Мұнда түлектер мен жас жұбайлар суретке түсу үшін арнайы келеді. Сондықтан уақыт өте келе орындықтар пайда болған.
3 тамызда бүкіл қала Жаңаөзенді тазалауға шықты. Бірінші кезекте жергілікті мұнайшылар, соның ішінде кәсіподақ өкілдері де қатысты.
"Өзенмұнайгаз" АҚ жұмысшыларының кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекқали Уақбаев (суретте) кәсіподақ мүшелері акцияға бірауыздан келіскеніне сендірді.
"Өзенмұнайгаз" АҚ жаңа басшысы Жанболат Саймағанбетов те жиналған жұмысшылардың туған жері Жаңаөзенді көркейтуге деген ұмтылысы туралы айтты. Оның сөзінше, көктемнің басынан бері қаланы тазартуға мұнай (қала құраушы) компаниясының 3000-ға жуық қызметкері жұмылдырылған. "Бұл жұмысты жалғастыруымыз керек", - деді ол.
Жаңаөзен әкімі Жансейіт Қайнарбаев та акцияны жалғастыру керек деп санайды.
"Бұл бір күндік акция емес. Тазалық - үлкен мәдениеттің белгісі. Мұны арнайы жүйеге келтіру үшін тұрақты түрде айналысуымыз керек. "Таза Қазақстан" акциясын жыл соңына дейін созамыз деп ұйғардық".
Шенеунік Adai Horse (жылқының бұл түрі жуырда ұлттық бренд ретінде патенттелді) деп жазылған баскиім киген. Ол өткен жылдары қаладағы қоқысқа қатысты көптеген сын болғанын еске алды. Әкім жағдай өзгереді деп сенеді. "Тазалық әр отбасынан, әр адамнан басталады. Менің ойымша, бұл әрекет көпшіліктің санасына әсер етті".
Қаланы аралап жүріп, "Таза Қазақстан" акциясына мұнайшылардың киімін киген ер адамдар атсалысқанын байқадық...
Әйелдер де.
және қоқысты шығару үшін қолданылатын арнайы техника жұмылдырылған.
63 жастағы Үміт Құлжанова Жаңаөзенге деген сүйіспеншілігінен осы акцияға қосылған.
"Елу жылдан бері Жаңаөзенде тұрамын. Жаңаөзеннің әрбір талы, әрбір тасы ыстық. 40 жылдан бері наубайшымын, мұнайшыларды нанмен қамтамасыз еттім. Бес балам, он бес немерем бар. Бәріміз осында тұрамыз".
Аманкелді Өтеш бір кездері "Смерч" және "Жақау" лақапаттарымен әлеуметтік рэп жазды. Қазір ол - қалалық мәслихаттың депутаты әрі ең танымал жергілікті қоғам қайраткерлерінің бірі. Шілдеде ол 120 мың оқырманы бар Instagram-дағы парақшасына Вьетнамдағы белсенділердің арналар мен өзендерді қоқыстан тазартып жатқаны көрінетін видео жариялады. Тамызда Аманкелдінің өзі Жаңаөзеннің басты алаңында тырмамен тұр.
"Ұзақ уақыттан бері бұл алаңда көпшілік жиналмаған болатын. Десек те тарихты жаңартып, өзіміз туып-өскен қаламыздың тазалығын Жаңаөзеннің кіндігі болған алаңнан бастап жатырмыз", - деді депутат.
Аманкелді Өтеш NFC футболкасымен (Маңғыстаудан шыққан Нұрбек Қарабаланың спорттық лигасы, оны "қазақстандық Дана Уайт" те деп атайды) қаланы тазалауға шыққан. Ол спорттағы секілді, қоқыс жинайтын осындай акциялар да қазақстандықтарды біріктіретінін айтты.
"Толық тазалыққа жету үшін тұрақтылық керек. Қала тұрғындарына тазалық мәдениетін қалыптастыру керек. Жапон еліне қарасақ, расында да, тазалықтың символы ретінде әлемге өздерін паш етіп көрсете алады. Сол секілді біреудің міндеті деп бөліп жармай, әр азамат қала үшін кем дегенде айына бір мәрте сенбілікке келіп, қол ұшын беретін болса, біз де қала ретінде, облыс ретінде, тіпті мемлекет ретінде басқа да көрші мемлекеттерге үлгі болуға жағдайымыз жетеді".
Жаңаөзеннің орталығындағы алаңнан велосипедшілерді де көзіміз шалды. Бізге бұл тосын жаңалық болды. Мұнайшылар қаласында велосипедпен саяхаттайтындардың клубы пайда болған екен. ÜstirtTravel-ге мүше жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері велосипедпен саяхаттар ұйымдастырып, оған қоса аймақтың танымал көрікті жерлеріне - Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыр шатқалына, Шерқала тауына апаратын жолдарды қоқыстан тазартады.
"Қалада әр сенбі, жексенбі сайын веложаттығу жасаймыз. Сол жаттығудан кейін бағытымыз бойынша қоқыс жинаймыз. Бүгін де жаттығудан кейін "Таза Қазақстан" акциясына қосылдық. Мұны бізге ешкім айтпады, ешкім тапсырмады, өзіміздің бастамамыз. Кейін оны әлеуметтік желіге жүктеп, халықты спорт пен туризмге шақырамыз. Құрамымызда 100 адам, соның ішінде 20-дан аса адам белсенді".
"Біз қоқысқа бей-жай қарамай, көрген жерімізде тазалап жүреміз. Бұл біздің әдетімізге айналған. Бүгінгі акцияның ерекшелігі сол - бәрінің жұмылуы. Халықта тазалық мәдениетін қалыптастыру керек, осы нәрсе көп айтылмай қалады. Бірақ барлығы біртіндеп жөнге келіп жатыр".
Жаңаөзен қаласы ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Аманқос Еділов қаладағы "Таза Қазақстан" акциясы айтулы шаралармен тұспа-тұс келгенін айтты.
"Биыл ауған соғысына 35 жыл, Қызылсай округіне 65 жыл, Теңге округінің 60 жылдығы. Бәрі сабақтасып жатқаны қуантады".
Аманқос Еділовтың қазіргі мақсаттарының бірі - Жаңаөзендегі ауған соғысы ардагерлері саябағын абаттандыру.
"Ауған соғысы ардагерлері саябағында тұрмыз. Адамдар мұнда демалуға келеді. Саябақты тағы да көркейтсек дейміз".
Жаңаөзендіктер жұмыстарына да бар ынтасымен кіріседі. Алайда олар суретке түсуден де қашпады.
Кейбір коммуналдық қызметтер де біздің өтінішімізбен суретке түсуге келісті.
Жаңаөзенде де Қазақстанның кейбір басқа қалалары сияқты заңсыз қоқыс тастайтын орындар мәселесі бар.
"160 мыңға жуық халқы бар қалада күн сайын 120 тонна қоқыс жиналады. Былтыр ғарыш сапарынан 35 гектар аумақтағы 66 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Биыл Жаңаөзен және 4 елді мекен бойынша 33 нүкте анықталды. Яғни екі есеге дейін төмендеді", - деді Жаңаөзен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әділет Досанұлы.
"Бірақ тазалаған жерлерге қоқыс төгу деректері бар. Бұл бойынша іс-шара жасақталды, Жаңаөзен қалалық ІІБ-на тапсырма берілді".
Өңірде су проблема екенін ескере отырып, Жаңаөзенде көгалдандыру мәселесі туралы ("Таза Қазақстан" ағаш отырғызу бағытындағы да акция) сұрадық. Әділет Досанұлының айтуынша, биыл қалада 3800 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2015-ы қазірдің өзінде отырғызылған.
"Халыққа су жетіспейді. Кейбір ағаштарымыз суарусыз қалатын еді. Осының барлығын ескере отырып, "Өзен мұнайгаз" АҚ демеушілігімен былтыр қырық нүкте қаздырдық. Көгалдандыру мақсатында орталықтандырған желілерге қосып, бүгінде алтауы жұмыс істеп тұр".
Жаңаөзенде орман тәлімбағы да бар, ол түгі жоқ даладағы нағыз оазиске ұқсайды. Бір кездері ботаникалық бақ болған бұл алты гектар жерге қазір өң кіріп келе жатыр. Оның тағдырына Жаңаөзен тұрғыны Орынбасар Құлбеков жауап береді.
"Есімді біліп, азамат болғалы ауылдық жерлерде тал егілмейтін еді, өйткені мал шаруашылығы болды. Бірақ кейінгі 10-15 жылдан бері көгалдандырыла бастады".
"Өзім мұнайшымын және ұлттық ат спортымен айналысамын. Алғашқы тәжірибе павлония ағашынан (тез өсетін, қарапайым әрі тез бейімделгіш өсімдік - еск.) басталды. Жаңаөзенді қалпына келтіріп, көгалдандырып, жасыл оазиске айналдырғым келеді".
Жаңаөзеннен қайтқан бетте Нұрбек Қарабаламен кездесіп қалдық (жоғарыда ол туралы айттық). Ол да қазақстандықтардың бей-жай қарамайтындай болуы қаншалық маңызды екенін айтты. Бұл тек қоқысқа қатысты емес, бір-біріне деген қарым-қатынасқа да байланысты.
"Маңғыстаудағы Батыр ауылында бұған дейін спорт кешені болмаған. Мыңбай деген шәкіртім өзінің қаржысынан 100 миллион теңге тұратын спорт кешенін салды. Спорттан бөлек мұнда білім орталығы да ашылды. Қазір 225 бала тегін қатысады. Мұндай жігіттер көп болса, еліміз көркейеді".
8 сәуірде республика бойынша "Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық акциясы басталды. Маңғыстау облысының шенеуніктері өңірде де, Жаңаөзен де акция жыл соңына дейін жалғасатынын мәлімдеді. Президент те акция қайталанатынын айтты.
"Бұл – жай науқан емес, бұл – халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. ...Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек".
Суреттер: Massaget.kz