Сорбұлақта әскери тікұшақ жоғалды: оқиға орнынан суреттер

Сорбұлақта әскери тікұшақ жоғалды: оқиға орнынан суреттер

Сорбұлақ су қоймасында 25 шілдеде апатқа ұшыраған Қорғаныс министрлігінің тікұшағы іздестіріліп жатыр. Бұған дейін тек әуе кемесінің сынықтары табылды: дөңгелектердің бөліктері және экипаждың кейбір жеке заттары. Тікұшақтың өзі, қара жәшік және үш әскери қызметкер әлі табылған жоқ.

Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысының EC-145 тікұшағы 25 шілдеде Шымкенттен Алматы облысындағы бөлімшеге келе жатқан. Бортта үш әскери қызметші болды.

Бір кезде тікұшақ радардан жоғалып кеткен, кейінірек Сорбұлақ су қоймасы маңында апатқа ұшырағаны белгілі болды.

Оқиға орнына бірден арнайы комиссия, ТЖМ және Қорғаныс министрлігінің күштері жетті. Судағы жанармай қалдықтары ғана борт қайда құлауы мүмкін екенін көрсеткен.

Іздеу жұмыстары суда да, қамыста да жүргізіліп жатыр. Кішкентай орақтармен қаруланған 150 сарбаз күн сайын батпақты алқапта жұмыс істеп жатыр. 

"Олар - біздің бөлімдегі әріптестеріміз. Біз өз жігіттерімізді іздеп жатырмыз", - деді қамыстан шыққан сарбаздардың бірі.

Командалық штаб болжам бойынша борт құлады деген жерге жақын орналасқан. Мұнда суда іздейтін негізгі күштер шоғырланған.

Көл секторларға бөлініп, әрқайсы мұқият тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында EC-145 әскери тікұшағы радардан жоғалып кетті. 26 шілдеде тікұшақтың сынықтары Сорбұлақ көлінен табылды.

Еске салайық, бұған дейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Әуе қорғанысы күштерінің жоғалған EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді. 

Іздестіру операциясына 400-ден аса адам, кинологиялық топтар, 70-тен аса жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ҰҰА, эхолоттар, суасты сканерлеу құралдары жұмылдырылған.