Соғым маусымы: Алматыда ет бағасы қаншадан болып жатыр?

Күз, қыс - соғым маусымы. Massaget.kz тілшісі Алматыдағы ет бағасын білу үшін танымал базарлардың біріне арнайы барды.

Жұмыс күні барғанымыз себеп болды ма, базарда халық көп емес.

Сатушылар соғым маусымы басталса да, қызып тұрған сауда жоғын айтады.

Базарда ет сатқанына 25 жылдан асқан Райхан Әбішаяқова да бұл сөзді қуаттады.

Базарды аралап жүріп, алдымен жылқы етінің бағасын білдік.

"Қарашаның басынан бері соғым маусымы басталып кетті. Негізі соғымға жылқы еті жақсы өтеді. Алайда қазір алматылықтар көп етіп соғым соя бермейді. Халық шақтап-шақтап алып кетеді. Ал көп сатып алатындар қаланың сыртынан көтерме бағамен алып келеді. Сауда жылдағыдай емес. Өйткені халықта ақша жоқ. Ет қымбат, өзімізге де қымбатқа келеді", - дейді Райхан Әбішаяқова.

Ол қаланың адамдары үшін 10 келі де соғым екенін айтады.

"Халық соғымға деп 30 келіден алып жатады. Аз дегенде 10 келі алады. Мұны соғым деп айта алмаймыз. Бірақ қаланың адамдары үшін соғым", - деді саудагер.

Базардағы сату алаңдарының бірінде қазы, жая 4800 теңгеден сатылып жатыр.

"Сүйегімен 2800-3000 теңгеден", - дейді сатушылар.

Тағы бір жерде сүйегі бар жылқы етінің келісі - 3500 теңге, ал сүйексіз еттер 4800-5000 теңгеге сатылып жатыр.

"Жылқы етінің келісін өзіміз 2700 теңгеге аламыз. Сүйексіз етті 4500 теңгеге, сүйекпен 3500 теңгеге сатамыз. Сауда орташа, күніне 20-30 келі сатамын", - дейді тағы бір сатушы.

Базардағы жылқы етінің көпшілігі Шымкенттен, Түркістан облысынан әкелінген.

33 жылдан бері ет сататын Мұрат Аманов қазы-жаяның орташа бағасы 4500-5000 теңге аралығында екенін айтады. Ол да ет Шымкенттен келетінін жеткізді. 

"Қарта 1500-2500 теңгенің аралығында. Жал 1500-2000 теңге аралығында. Сүйегімен, омыртқа, жамбас, жілігімен алса, келісі - 3500 теңге. Жаңа жылда жақсы сауда болады, жаңа жылдан кейін бірқалыпты. Соғым маусымы бізге әсер етпейді", - дейді ол. 

Мұрат Аманов базарда сауда әртүрлі екенін, кейбіреулер 200 мың теңгеге дейін 40 келілеп алып жататынын, енді біреулер 10-15 келі алатынын айтты.

"Алматыда көп көлемде мейрамханалар мен дәмханалар ғана алады. Соғымдай алатындар сирек. Соғым алатындар бір жылқы алып жатады. Сонда арзанырақ болады", - дейді ол.

Базарда ысталған, буға піскен қазының келісі - 8500 теңге.

Соғым маусымында қазының ішегі де сұранысқа ие болады екен.

Сатушылар жыртығы жоқ, жақсы ішектің бағасы 10-12 мың теңге көлемінде екенін айтады. Ал жіңішке ішектер 3000-4000 мың теңгеден сатылып жатыр.

Бір қызығы, Алматыдағы танымал базар шетелдіктер көп келетін орынға айналған. 

Олар да сатушылардан ет туралы сұрап жүрді.

Шетелдіктердің бірін сөзге де тартып көріп едік, жеміс-жидек үшін келгенін жеткізді.

Жылқы бөлімінен кейін сиыр етінің бағасын білмек болдық.

Сиыр еті базарға Жамбыл облысынан, Меркі, Құлан елді мекендерінен келеді екен. Сатушылар келісін 2500-2600 теңгеден алатынын айтты.

"2800-3300 теңгеге дейін сатамыз. 1 келі, тіпті жарты келі сұрайтындар да бар. Жақсы алатындар 15-20 келіге дейін алады", - дейді 25 жылдан бері ет сатып келе жатқан Серікбол есімді сатушы.

Оның сөзінше, қазір базарда бұрынғыдай сауда жоқ, жылдан-жылға құлдырап бара жатыр.

"Ет қымбаттап жатыр, өтпейді. Көбіне қалада тұратындарға ауылдағы туыстары жібереді немесе 3-4 адам бірігіп, бір сиырды бөліп алады. Мысалы, сиыр орташа  180-200 келі тартады. Бір адам 30-40-50 келіден бөліп алады. Жайылымның малы арзанырақ, сондықтан 2200 теңгеден алды деп есептеп көрсек болады. Ал мұндағы жем-шөп берілген, байланып бағылған мал. Сонда шамамен 100 мың теңгеге бір адам 50-60 келі ет алады. Ол әлдеқайда тиімді", - дейді сатушы.

Тағы бір жерде Алматы облысының аумағынан келген сиыр еті сатылып жатыр. Келісі 2800 теңгеден.

"Күніне 2-3 келі алатындар бар. Көп адам жәрмеңкеден де алады", - дейді тағы бір сатушы.

Тартылған сиыр етінің (фарш) келісі - 3000 теңге.

Жаркенттен әкелінген сиыр еті 2800-3200 теңгеден сатылып жатыр.

Сиырдың тұяғы, бауыры 1000 теңгеден, жүрегі 1200 теңгеден сатылып жатыр.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының Алексеевка, Николаевка елді мекендерінен әкелінген сиыр еті 2500, 2800-3200 теңге аралығында сатылып жатыр.

Бұдан кейін қой етінің бағасын білдік.

Нарынқолдың етінің келісі 2700 теңгеден сатылып жатыр.

Қойдың майы 500 теңгеден сатылып жатыр.

Ал қойдың басы 1500 теңгеден, сирағы 250 теңгеден.

Құс етінің де бағасын сұрап көрдік.

Қаздың келісі - 4500 теңге.

Күркетауықтың келісі 4500 теңгеге, үйректің келісі 3500 теңгеге, тауықтың келісі 1900 теңгеге, бөдененің келісі 4300 теңгеге сатылып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин су тасқыны салдарынан ет пен малдың бағасы өспейтінін айтты.



Бөлісу: