Қазақстанда мұз дәуірінен аман қалған көне ағаштар бар. Тораңғы ағашының тамыры жер астына ондаған метр тереңге бойлап, өзара шырмалып, біртұтас жүйеге айналады. Қазақ халқы үшін бұл - төзімділіктің символы әрі киелі ағаш.
Балқаш маңындағы тораңғы тоғайы адамды таңғалдырмай қоймайды. Күнге күйген шөл даланың қақ ортасында ондаған, бәлкім жүздеген миллион жылдық тарихы бар нағыз оазис жайқалып тұр.
Тоғайға дейінгі жол жақын емес, бір сағаттан аса уақыт жүру керек. Бұл мекен Балқаш қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан.
Биыл бұл жерге тек Қазақстан азаматтары емес, шетелдік азаматтар да барған. Әлеуметтік желіде бұл жердің суреттері мен видеолары көп-ақ. Желідегілер тоғайға аяқ басқанда нағыз саваннаға тап болғандай сезінгенін жазған.
Бірақ сапар барысында көп ұзамай асфальт бітіп, тақыр жол басталады. Айналаның бәрі - көз ұшына дейін созылған құм, мұнда кез келген соқпақ жол лезде жоғалып кетеді.
Ақыры шөлдің ортасындағы жап-жасыл оазис көрінеді.
Ал көліктен қарағандағы көрініс мынадай. Туристердің айтқаны рас екеніне көзің жетеді. Бұл жер, шынында да, Африка пейзажын еске түсіреді.
"Бұл - тораңғы тоғайы. Бұл жер өте ерекше. Саваннаға ұқсайды. Мұны бізбен бірге келген барлық турист айтып кеткен", - дейді туған өлкесі - Балқаштың тарихын ескі кітаптар мен архивтерден тірнектеп жинап жүрген жергілікті белсенді Павел Новокшонов.
Павел Балқашта туып-өссе де, бұл жер туралы кездейсоқ білгенін айтады. Осыдан біраз уақыт бұрын бұл тоғай беймәлім мекен болған.
"Бұл жер туралы әдебиеттерден білдім. Кітапханадан Балқаш туралы кітаптар алдым. Сонда "тораңғы" деген көне ағаш бар екенін оқыдым. Бұл ағаш "тобылғы, азиялық терек" немесе "әртүрлі жапырақты терек", не болмаса "көкшіл жапырақты терек" деп аталады. Бірақ әр халықтың өз атауы бар", - дейді ол.
Тораңғы тек Балқаш маңында өспейді. Қазақстанда бұл көне ағашты Іле, Сырдария және Шарын аңғарларынан, сондай-ақ, Қызылорда мен Түркістан облыстарының шөлді жерлерінен кездестіруге болады.
Сонымен қатар, тораңғы Өзбекстан, Иран, Ирак және Таяу Шығыс пен Орталық Азияның өзге де елдерінде өседі.
Қазақ халқы үшін бұл - киелі ағаш. Оны кесуге қатаң тыйым салынған. Оның бірегейлігі неде? Ол үшін ағаштың басына зер салу керек. Төменгі деңгейдегі ең жас өскіндердің жапырақтары ұзынша әрі жіңішке, тап бір талдың жапырағындай. Ортаңғы деңгейде олар жұмырлана бастайды, ал ең ұшар басында кәдімгі терек сияқты дөңгелек пішінге ие болады.
"Мұндай болмағанда бұл ағаш тіршілік ете алмас еді. Өйткені әр жапырақ өз функциясына жауапты. Төменгі деңгейдегі ұзын жапырақтар желдетіп, ағашты салқындатады. Бір сөзбен айтқанда, салқындату жүйесі іспетті. Ертеде қазақтар бұл ағашты "жел тораңғы", яғни "жел әкелетін тораңғы" деп атаған. Тіпті аптап, желсіз тымық күндері де осы кішкентай ұзын жапырақтар тербеліп, сондай әсер қалдырады. Одан кейінгі екінші деңгей су айналымына жауап береді. Үшінші деңгей күмбез секілді, ол күні бойы ағашты күннен қорғап, ультракүлгін сәулелердің артық мөлшерін өткізбейді, соның арқасында ағаш күйіп, қурап кетпейді", - деп түсіндірді Павел Новокшонов.
Бір ағаш, бірақ жапырақтың үш түрі кездесетін таңғажайып құбылыс.
"Мұндай нәрсе әлемнің ешбір жерінде, ешқандай ағашта жоқ. Бұл осы ағаштың бірегей қасиеттерінің біреуі ғана", - деді Павел.
Бір қызығы, тораңғы мұз дәуірін де, ең ауыр құрғақшылықты да бастан өткеріп, қиын жағдайға бейімделуді үйренген. Мұның сыры неде?
Тораңғының тамыры жер асты суларына жету үшін 50 метр тереңге дейін бойлап, дәл сондай қашыққа жан-жаққа жайыла алады. Бұл оны сусымалы құмда мықтап ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Бұл тоғайдың барлығы - біртұтас тамыр жүйесі. Мұндағы ағаштардың бәрі жер астында бір-бірімен байланысқан.
"Мына жердің құмы көл жағасындағыдай. Тораңғы жер шөлге айналуына жол бермейді. Өзінің тамыр жүйесі арқылы топырақты "бетондап", құм көшуін тоқтатады. Бұл ағаш өз айналасында оазис жасайды", - деді Павел.
Ағаш жер астынан суды тек өзі үшін шығармайды, оны басқа өсімдіктермен де бөліседі. Тораңғы болмаса, бұл жер құла түзге айналар еді.
Тораңғыны "жылауық ағаш" деп те атайды екен және бұл жай ғана теңеу емес. Оның ғылыми негізі де бар. Павел Новокшоновтың айтуынша, бұл аймақтағы Балқаш көлінің суы да, жерасты сулары да тұзды. Ағаштың тамыры оны топырақтан сіңіреді, содан кейін ағаш ылғалды сүзіп, тұзды қабығы арқылы сыртқа шығарады.
"Бұл жерге өз бетіңше жету өте қиын. Кей тұста жазық даламен жүру керек. Далада жол айырықтары көп, олардың әрқайсы түрлі бағытқа апарады. Адам оңай адасып кетуі мүмкін. Осы тоғайға өзім алғаш рет төрт жыл бұрын келдім. Содан бері адамдарға көрсетіп, жол бастап жүрмін", - дейді Павел.
"Бір жағымызда ежелде теңіз болған көл жатыр. Екінші жағымызда - өзіндік бірегей тарихы бар реликті тоғай. Үшінші жағында - 300 миллион жыл бұрын пайда болған Бектауата таулары. Балқаш айналасы - бай өңір", - дейді ол.
Павел Новокшоновтың айтуынша, тоғайға еліміздің түкпір-түкпірінен, көбіне Астана мен Алматыдан адамдар келеді. Олардың әсері әртүрлі. Бірақ көпшілігі тәнті болып қайтады. Әсіресе, мұз дәуірінен аман өткен, төзімділіктің символы саналатын тораңғының тарихын білгенде, көпшілік таңданысын жасыра алмайды екен.
"Туристер бұл жерді бірден Африкамен салыстырады. Біздің жергілікті Африкамыз дейді. Өйткені жазық даламен келе жатып, кенет осындай оазиске тап боласыз", - дейді белсенді.
Ал мынау "Эйва" - тоғайдан оқшау біткен, жалғыз тұрған ағаш. Оның бойында құдды бір тылсым күш бар секілді: ол өзге ағаштардан әрірек әрі жайқалып тұр.
Visit Qaraganda директоры Бақтияр Бекмұрзаевтың айтуынша, мұнда келгендердің барлығы дерлік осы ағаштың жанында суретке түседі.
Жыр-дастандар мен халық аңыздарында бұл ағашты бірден үш әлеммен - тірілер, өлілер және әруақтар әлемімен байланыстырған. Ал көшпенділер үшін тораңғы - өмірдің символы. Ол қиын жағдайда өсе алады, адамға сая болады және шөл далада жолаушыларға бағдаршам қызметін атқарады.
Ең танымал қазақ аңыздарының бірінде тораңғы туралы былай делінген:
"Ерте заманда иен далада асқан сұлу Тораңғы есімді бойжеткен өмір сүріпті. Оның көңілі Темір есімді кедей жігітке ауады. Бірақ бай әрі қатыгез Қаражал оны қалайда әйелдікке алуды көздейді. Тораңғының таңдауы қайғылы оқиғаға ұласып, екі жігіт те қаза табады, ал бойжеткеннің өзі қайғыдан ыстық құмның ортасында солып қалады. Ол опат болған жерде діңі иілгіш, басы жайқалған жалғыз ағаш өсіп шығады. Қазақ халқы Тораңғының жаны сол ағашта мәңгілікке қалған деп сенеді: тіпті аптап ыстықта да, желсіз тымық күні де ағаш жапырақтары дірілдеп, сыбдырлап тұрады. Бұл - сұлу қыздың әлі күнге дейін сүйіктісін шақырып, шаршаған жолаушыларға сая сыйлағаны деседі"...
Бәлкім, оқшау тұрған "Эйва" аңыздағы Тораңғы бойжеткеннің өзі болар?!
Дереккөз: Tengrinews.kz