Қыс мезгілі басталғанда көлік қозғалысына ерекше назар аудару қажет. Жыл сайын алғашқы қармен қарбаласып дөңгелек ауыстыру орталықтарының жұмысы қыза түседі. Шиномонтаж орталықтан бөлек көшеде, базар маңында дөңгелек ауыстырып жатқан адамдарды көптеп көресіз.
Осы орайда Массагет порталының тілшісі дөңгелек ауыстыру орталығына барып, ол жердегі мамандармен арнайы тілдесті.
Қазан айының соңғы күнінде ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне ауа райының құбылуына байланысты көлігінің дөңгелегін қысқы дөңгелекке ауыстыруы керек екенін ескертті.
"Заңнамаға сәйкес, қыста (желтоқсан, қаңтар, ақпан) көліктерге жазғы дөңгелекпен жүруге тыйым салынады. Қысқа арналған дөңгелек көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы (төртеуі де) керек", – деді ІІМ өкілі.
Біз Алматының Қырғауылды базарында Ақжол есімді дөңгелек ауыстыру орталығының қызметкерімен кездестік. Таңертең болса да мұнда шина ауыстыруға келген адамдар қарасы көп екен.
Бүгінгі біздің кейіпкердің есімі – Ақжол. Ташкенттің тумасы. Алғашында құрылыста істеген. 2011 жылы осы кәсіпте істейтін ағасы шақырған. Кейіннен үйреніп, маман болғасын осында қалып кеткен. Бір жағынан бала кезінен темірге жақындығы болған. Міне, 11 жылдан бері дөңгелек ауыстыру орталығында жұмыс істеп келеді
"Күніне қанша дөңгелек ауыстырасыздар, қанша табасыздар?" деген сұрағымызға Ақжол "санамайды екенбіз, санасақ берекесі кетеді" деп жауап бермеді. Бірақ күніне жұмыс орнына 40 шақты көлік келетінін айтады.
Алматыда дөңгелек ауыстыру құны шамамен 5-7 мың теңгеден басталады. Баға темір тұлпар маркасына байланысты қойылады. Ал, көктемде дөңгелек ауыстыру құны орташа есеппен 4,4 мың теңгені құраған.
"Қазір тыныш, маусым енді басталып жатыр. Оның үстіне алғашқы қар енді түсті. Бір күнде 40 шақты көліктің дөңгелегін ауыстырамыз. Менен бөлек бұл жерде 4 жігіт қызмет етеді. Әрқайсысының өзінің белгіленген міндеттері бар. Асып-тасып жатқан ақшамыз жоқ. Қанағат дейміз", - дейді ол.
Дөңгелек ауыстыру маусымы басталғанда баға да ғарыш жылдамдығындай өседі дегенді естіп жүрміз. Ақжол онымен келіспейтінін айтады.
"Қатайған баға жоқ. Енді қатты қарбалас болғанда аздап өсіреміз. Қазір барлық нәрсе қымбаттады ғой. Соған орай қызметімізге біз де аздап қостық", - дейді Ақжол.
Бағалар бұрын машинаға байланысты болған. Қазір көліктердің барлығы жаңарғандықтан енді дөңгелекке байланысты қойылады
Ақжолдыңдың айтуынша, жүргізушілер қазір дөңгелектің 16-17 өлшемдерін көбірек пайдаланады. Қазір 14-15 деген шина аз. Жеңілмашиналардың өзі 16-өлшеммен жүреді.
"Шиномантаж маусымы жылына 2 рет – күзде 1 ай, көктемде 1 ай болады. Қалған уақытта мұрын қанайтындай жұмыс болмайды. Өзінің жалға алған ақысы бар, соны ғана өтеп отырады. Осы екі айда ғана қарбалас жұмыс болады. Мұның бәрі клиентті жоғалпау үшін басқа уақытта істеуге мәжбүрміз", - дейді Ақжол.
Көктемдегі дөңгелек ауыстыру құны R16 Алматыда 6100, Астанада 6000 теңге болған. Өткен жылмен салыстырғанда 2022 жылы Алматыда орташа баға өскен. R 15-ке 200 теңге, R16-ға бірден 600 теңге қосылған.
Дөңгелек ауыстыру орталықтарында қызметкерлер дискіге жазып жатады. Бұның сырын Ақжолдан сұрадық.
"Қазір замана дамып кетті ғой. Машиналар да соған орай шығып жатыр. Тіпті дискінің орнын ауыстыруға болмайды. Компьютер оның қате қойылғанын айтып тұрады. Қысым өлшегіш деген болады. Сол бойынша бәрін орнына салу керек. Қате салсаң машинада "чек" деген болады, сол жанып қалады. Мысалы, оң жақтағы дөңгелекті сол жақа салып қойып, жел үрлеген кезде компьютерде сол жақты көрсетіп тұрады. Жалпы, айтқанда шатасып кетесің", - дейді ол.
"Адамдар дөңгелек ауыстыруға қар жауғанда ғана келеді. Қазақпыз ғой. Соның кесіренен кезек болып, өздері әбігерге түседі. Мен 8 дөңгелекті дискісімен дайындап қоюға кеңес беретін едім. Мысалы, таңертең тұрсаңыз тізеден қар жауып кеткен болса не істейсіз? Таң атпай шиномонтажға келесіз. Оған жаз маусымына арналған дөңгелекпен жету оңай ма? Ал, үйде бір домкратыңыз болса жеткілікті, өзіңіз ауыстыра бересіз. Күзде де, қыста да дөңгелек ауыстыратын орталықтарда кезекке тұрып уақытыңызды жоғалтпайсыз. Кейбіреулер дискінің қымбат екенін, оның ақшасы бірнеше жыл өткесін ғана ақталатынын айтады. Бәрі де машинаға қарай ғой. Қазір арзан ештеңе қалмады. "Сақтықта қорлық жоқ" дегенді ұмытпайық. Егер қар жауып, шина ауыстыра алмай қалсаңыз не болады? Жолда жүре аласыз ба? Асығам деп апатқа ұшырасаңыз ше?", - дейді Ақжол.
Ақжолдың айтуынша, дискіні қымбатсынатындарға үнемі ауа райын бақылап отыру керек. Дөңгелек ауыстыру маусымы келген кезде ауа райын қарап, қар жауардан 10 бұрын әрекет етсе болады. Ол кезде кезек те болмайды, баға да өспейді
"Біз дөңгелек ауыстырған кезде дөңгелекті теңгерусіз шығармаймыз. Тексермейтін болсаң жылдамдық 60-80-ге жеткенде рульде діріл пайда бола бастайды", - дейді ол.
Ақжолдың қасында 4 жігіт бар. Бұлар әр маусым сайын жұмысқа келеді. Қалған уақытта Ақжол жалғыз істейді
"Кезек көп кезде үлгермейсің. Сондықтан осы жігіттерді маусым сайын шақырамын. Ал кезек тым көп көбейіп кеткенде тағы 4 жігіт қатарымызға қосылады. Мысалы, мұндағы 1 жігіт дөңгелекті сыртта шешіп тұрады. Екі жігіт шинаны ауыстырады. Мен оны компьютерге салып тексеріп тұрамын", - дейді Ақжол.
Дөңгелек тазалығын тексеруге көп адам мән бермейді. Дискі ішінде жуғаннан кейін де саз-балшық қалып қояды. Ал дөңгелек ауыстыру кезінде мұны байқамаса, кейіннен балшық тасқа айналады. Ол машина жоғары жылдамдықпен жүргенде рульдің дірілдеуіне алып келеді. Сондықтан дөңгелектерді кірден алдын ала тазалаған дұрыс.
Суреттерді түсірген Ернар Алмабек