Сәлем достар! Бүгін біз таңғы асымызды ішіп шыққан соң, еліміздің ең ірі саябағына серуенге шықтық.Алматылықтар саябақта демалыстың таңертеңгілік уақытын қалай өткізеді екен? Қала мен саябақты жалғайтын жаңа көпірде таңертеңгілік серуеннен қайтып келе жатқан әжейді көрдік. Саябаққа кірген бойда алдымыздан жүгірушілер шықты. Жеңіл жүгіріспен келе жатқан екеу камераға күліп, қарап, тоқтамай өтті. Бірер сағаттан соң дәл осы алып гүл шоғының жаны жас жұбайлар мен қоян-қолтық құрбылардың ойын-күлкісіне толады. Саябақтың су қоймасы жанында тибеттік йогамен айналысып, денені сергітіп жатқан адамдарға кезіктік. Оларға бөгет болмау үшін ары қарай бақты аралауға кеттік. Мына балақай велосипедін ертіп, достарына қарай беттеді. Біздің камерамызды көрген бойы ұялып, объектив бетіне қарамады. Балалық шақты осындай әсем жерде өткізгенге не жетсін? Бұл саябағымыздағы жаңа құрылыстардың бірі. Бақтың бас-аяғын аралап шығып, шаршаған адам ауыз суынан дәм татып, күш жинай алады. Қыркүйек айының соңына да жеттік. Саябақтың кей жерлері сары түске боялып келе жатыр. Кейбір адамдар сенбі күні де жұмысқа шыққан. Бұл жастар сән фотосессиясына дайындалып жатқан көрінеді. Бақтың дәл орта жағында жас келіншек физикалық жаттығу жасап жатыр. Бізді көре салысымен кілт тоқтап, кеткенімізді күтті. Іздеп жүріп, күзді де тауып алдық. Сарғайған ағаштар жазды шығарып салып, қонақтарды күтіп тұр. Талай суретшіні шабыттандырған күзгі жапырақтар қараусыз қалғандай. Бұл жол бізді қай жерге апарар екен? Мәссаған! Күзгі бақ бізді жаңа құрылыс кішкентай жапон бағына шығарып салды. Саябақтың қақ ортасынан орын алған бұл бақта әр адам жанына жайлы жер табады. Кішігірім баққа кірген бойда өзіңді өзге жерде жүргендей сезінеді екенсің. Енді жапон дәстүрінің кішкентай бөлігі біздің елімізде де бар. Жоғары қарай беттегеніміздеұлттық нышандарымыздың бірі киелі шаңырақ бейнесінкөзімізшалды. Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық қазыналарының бірі тазы мүсінін кездестірдік. Темір тазы қазақ шаңырағын жаудан қорғап тұрғандай алысқа қарап, қарауылдап тұр. Бақтың ең биік нүктесінде орналасқан бұл бұрыш шаңырақ, тазы және айғырларымен қазақтың байырғы тұрмысын, бай тарихымызды еске салады. Күн көкжиекке қарай көтеріліп келе жатыр. Ал біз бұл уақытта саябақтың ең биік нүктесіне де келіп жеттік. Қаланың тұрғындары мен қонақтары неліктен дәл осы жерді жақсы көретінін түсінгендейсің. Жасыл дала, биік ағаштар мен асқар тау Алматының мақтанышы. Таза ауа мен желдің салқын лебі күннің ыстығын сездірмейді. Архитекторлардың зор еңбегін атап өтпеске болмас. Ашық аспанмен түстес күмбезден ағылып келген жер түсті плитка көк пен жерді жалғап тұрғандай. Кішкентай балақайлар велосипед теуіп ойнап жүрсе, қарт ата-әжелеріміз жүгірушілерге арналған жолдың бойымен жаяу жүріп келеді. Спортқа жаны құштар адамның ғұмыр жасы ұзақ болатыны сөзсіз. Сіз де таңның атысымен саябақтың шетінде орналасқан жүгірушілер аумағында спортпен шұғылданып, серуендеуіңізге болады. Қайтар жолымызда Ғашықтар саяжолына соғып кетуді жөн көрдік. Түнде түрлі түсті шамдар жағылып, мына бос тұрған орындықтар ғашықтарға толады. Ал таңертеңгі сағат 10-да жалғыз ару қандай ойға шомды екен? Жүрек пішінді тастың бетіне ойылған екі ғашық қолының ізіҒашықтар саяжолының символы. Мәңгілік махаббаттың нышаны не болмақ? Бір-бірін сүйіп, махаббаттары мәңгіге жалғассын деп тілеген ғашықтар құлып сатып алып, саябақтағы ғашықтар аллеясындағы темір қабырғаға іліп, кілтін лақтырып жібереді. 2013 жылы салынған мына құлып Амир мен Диананың махаббатын мәңгіге сақтап, қорғайды. Саяжолдың бойындағы отырғышта мәңгілік махаббаттың бар екеніне дәлел көрдік. Ата-әжейден рұқсат алып, суретке түсіріп алдық. Ғашықтар бағынан шығып бара жатқанымызда әжейдің жұбайына жылы сөздер айтып, күлгенін естіп, жүрегіміз жылыды. Саябақтан шығар жолда артқа бір көз тастап, жаздың соңғы көрінісін тамашаладық. Бірер күннен соң бұл жер де күздің сары түсіне боялып, жаңа бейнеге енеді. Президент бағы ұнады ма? Сіз өз демалыс күніңізді қай жақта өткізесіз?