Селден кейінгі елдің халі қалай?
23 шілде күні Алматыдағы Қарғалы өзені арнасынан асып, Наурызбай ауданына қарасты "Қарағайлы" және "Таусамалы" ықшамдаудандарын сел басқан еді. Бір аптадан астам уақыттан бері аталған аймақта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Еріктілер арнайы барып, көмек қолдарын созуда. Осы мақсатта «Тенгриньюс», «Тенгриньюс ТВ», «Массагет» және «Вести» т.б сайттарынан құралған «Effective Media Liaison» компаниясының қызметкерлері де өз көмегін тигізіп қайтты.
Сел алған аймақта тазарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Көшелер мен су шайған аймақтар тазартылғанмен, тұрғындар үйлерінің аумағында атқарылар жұмыстар әлі көп. Күніге еріктілер штабына 200-ге жуық адам өз еркімен келіп, халыққа көмегін тигізуде.
10 адамнан құралған біздің топ та демалыс күні қолдан келгенше көмектесіп қайтуды жоспарлаған едік. Cол жоспарымыз бойынша, еріктілер штабына тіркеліп, көмек көрсететін мекенжайымызға аттандық.
Селден зардап шеккен аймақты тазарту жұмыстары қызу атқарылып, қоқыстан тазартылуда.
Сел шайған көліктерді көшеден әлі де кездестіруге болады. Үйімен әуре болып жүрген жұрттың көлікке көңіл аударуға уақыты болмай жүргендей.
Сел жүрген өзен жағасындағы кей үйлер жарамсыз да болып қалған.
Еріктілер өзен жағасындағы су шайған үй тұрғындарына қолынан келгенше қолғабыстарын тигізуде.
Алып тастарды "арқалап" келген судың қазір "ашуы" басылған.
Су шайып келген тастар жағаға қоршау ретінде қойылыпты.
Тіпті, мынадай ірі-ірі тастарды да кездестіруге болады. Олар су құбырлары мен газ құбырларын айтарлықтай зақымдаған.
Біз көмекке барған үйдің іргетасы биік екен. Қоршауын бұзғанмен, үй селден аса зардап шекпеген. Тек жертөлесін топансу лайы толықтай басып қалыпты.
Еріктілер штабынан әкелген құрал-саймандар көмегімен жұмысты бастап кеттік.
"Көз-қорқақ, қол-батыр" демекші, басында жертөледегі лай көп көрінген. Кейіннен бітіріп кететінімізге көзіміз жете бастады.
Ара-арасында демалып алуды да жөн санадық. Өйткені, жертөледе ауа тар, әрі балшықтың күлімсі иісі болды.
Үй иелері жарыққа арнайы мотор пайдаланып отыр екен.
Топансу жертөледегі түрлі жеміс-жидектерден жабылған "банкілерді" жоғарыға бір-ақ көтеріп, қатырып тастаған.
Күректің тиіп кетпеуін қадағалап, 20-дан астам "банкіні" бұзбай-жармай алып шықтық. Үй иелері де аң-таң болды.
Арбамен балшықты әкеліп төгу үшін алдымен жолын дайындадық.
Жертөледен шыққан балшықты есік алдына қол арбамен шығардық.
Одан көпшігі бар ауыр техника есік алдын тазартумен айналысты.
Түс ауғанша жертөледен 3 тоннаға жуық балшық шығарыппыз.
Сел болған күні үй иелері ұйықтап жатқан екен. Қатты дүрілден шошып оянған олар заттары мен құжаттарын алып шығуға ғана үлгерген. Ал кейіннен үйлерін қыр басынан қорыпты. Айналасындағы бірнеше көршілерінің үйіндегі бағалы заттарын ұрылар қолды да қылған.
Ал көлігін кеше әскери қызметкерлер балшықтан әрең көтеріп шығарыпты.Енді оған жөндеу керек екен.
Үй иесі көмегімізге разы болып, түске асқа шақырды.
"Еңбектің наны - тәтті" - деген осы. Демалысымыздың бір күнінде еріктілер ретінде қолдан келгенше көмегімізді тигізіп қайттық.
Соңынан суретке түсіп, алған құрал-жабдықтарымызды еріктілер штабына табыстадық. Ал үй иелері болса "мұндайды енді басқа салмасын, бетін аулақ қылсын" - деп шығарып салды.
Иә, бетін аулақ қылсын! Жұртты сеңдей толқытқан селден енді қауіп төнбесін! Ал тұрғындарға барынша көмек қолын созып жатқан мемлекет, компаниялар, өндіріс орындары мен еріктілерге біз де шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!